Онлайн кассалық аппарат жұмысты оңайлата ма?
Расында онлайн кассалық аппарат салық органдары қызметкерлерінің жұмысын жеңілдететін болады. Деректерді жіберу функциясы бар кассалық бақылау машиналарын енгізу арқылы кәсікперлердің кірісін азайтып көрсету немесе жасырып қалу фактілерінің алдын алуға, қазынаға түсетін салықтың көлемін арттыруға болады.
Мәселен, аталмыш кассалық аппараттарды орнатудың нәтижесінде 2018 жылы бюджетке қосымша 14,1 млрд теңге түскен. Осыны ескерген ҚР Қаржы министрлігі 2019 жылдың 16 тамызында «Қазақстан Республикасы аумағында салық төлеушілер есеп айырысу кезінде тіркеу немесе мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын қызмет түрлерін бекіту» туралы №206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Енді кәсіпкерге бақылау-кассалық аппаратын пайдаланудан өзге жол жоқ. Жалпы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің реестрінде 216 түрлі бақылау-кассалық аппараты тіркелген. Заң бойынша кәсіпкер тек мемлекеттік реестрінде бар бақылау-кассалық аппараттарды пайдалануы тиіс. Яғни, бақылау-кассалық аппарат бұл тізімде болмаса сіздің құрылғыңыз заңсыз саналады. Аталмыш 216 бақылау-кассалық аппараттың 15-і мобильді құрылғыларға арналған. Телефон не планшет секілді гаджетке SmartOnline KKM және Webkassa қосымшаларын көшіріп алып, онлайн есеп беруге болады. Заң тұрғысынан келгенде интернет желісі бар жерде кәсіппен айналысатын болсаңыз, онлайн кассалық аппаратты пайдалануға міндеттісіз.