Нұр-Сұлтан – бірлік мекені
Астана күні – мемлекеттік мәртебелі мереке. Отансүйгіштік қасиетімізді асқақтатып, рухымызды көтеретін айтулы мереке қарсаңында аудан әкімі Руслан Рүстемов бірқатар аудан тұрғындарын қабылдап, құттықтауын жеткізді.
– Сіздерді елдік пен тұтастықтың туын көтерген, киелі Сарыарқаның сайын даласына керегесін кең жайған Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз Елорданың қалыптасуының куәгерлері және осы ауқымы зор жобаның мүмкіндігін жүзеге асыру барысын көзбен көру бақытына ие болғанымызды қуанышпен жеткізгім келеді. Еңсесі биік Елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Осынау мереке мезіретінде Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді аудан басшысы.
Санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген кездесуде қоғам белсенділері Өскенбай Тұрабайұлына, Патма Абылбекқызына, Гүлбану Бекешқызына, Фариза Нұрманқызына, Алимұса Сұңқарға, Тоқан Жайыққа, Гүлзира Дәулетқызына, Динаш Садыққызына аудан әкімі «Алғыс хатын» ұсынып, марапат мінберіне көтерді.
Кездесуге келген Динаш Ахметова мерейлі мереке жайында ойымен бөлісіп:
– Еліміздің астанасының құрметіне өткізілетін мереке барша отандастардың қуанышын еселейді. Біз нағыз бақытты ұлтпыз. Дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанның абыройы асып, мерейі тасуында отандастырымыздың еңбегі ерен, – деді.
Әкімнің риясыз көңіліне мерейі тасыған жерлестер бірінен соң бірі ризашылығын білдірді. Оның ішінде, жас дарын Алимұса Сұңқар «Атамекен» әнін шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекенің тарихына зер салсақ, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Еліміздің сол тұстағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Түкпір-түкпірден келіп түскен талдау қорытындыларының ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Осы туралы Елбасы "Еуразия жүрегінде" атты кітабында атап айтқан. Расында, біздің елімізде астана ауыстыруға байланысты ұсыныстар өте көп көтерілген. Бұл туралы Елбасының жазбаларында: “Тарихи шешім қабылданғанға дейін 160 рет үкіметке ұсыныс түсіп, талқыланды” делінген. Демек, бұндай күрделі шешімді қабылдау оңай болмағанын аңғаруға болады. Әлем елдерінің тіршілігіне зер салсақ, Индонезия бір ғасыр бойы астанасын ауыстыруға талпынғанымен, оң нәтижеге қол жеткізе алмай келеді. Сол секілді Бангкок – Таиландтың астанасы да сан мәрте ауыстыруға ұсыныстар жасалғанымен қолдау таппаған.
Еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы әлемдегі ең жас, әрі көрікті қала болып саналады. «Арман қаласы» деп аталып кеткен Нұр-Сұлтанға деген құрмет-қошеметті халықтың риясыз тілегінен сезіндік.
Мақпал МАРҚАБАЙ