» ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ


Әлемде 3 жарым мыңнан астам мекеме жасанды интеллектіні түрлі салаға бейімдеп, қолданысқа енгізген. Киборг-әскерлер мен ақылды әскери-дрондардан бөлек, роботтар адамдарға қызмет көрсетуде. Қазір Қытай, Жапония, Еуропа елдері роботтың қызметіне жүгінеді. Яғни қиял-ғажайып киноларда көретін роботтар адаммен бірге өмір сүруде. Мұндай құбылыстар бізге әлі келе қойылмасада жақын болашақта шындыққа айналады.


Алдымен жаһандану дәуіріндегі жасанды интеллекттің жаңалықтарымен бөліссек. Кезінде тек қиял ғана болып келген инновациялық идеялар уақыт өте ақиқатқа айналды. Адамзат игілігіне калькуляторды ойлап шығарудан бастап, ғаламтордың ғаламатымен талай дүниелер жұмыр басты пенденің тіршілігіне енді. Америка мен Еуропа, Азия елдерінде ғылым мен технологияның дамуынан ақылды қалалар, ақылды үйлер мен жылжымалы орындар пайда болды. Әуелгіде беймәлім болып көрінген смарт қалалар идеясы шындыққа айналды. Бұл – жаһандық жаңалықтың тек басы ғана. Алдағы 10-15 жылда әлем жаңа мегратрендтердің дәуреніне аяқ басады.
Ғылыми прогрестің қарыштаған уақытында келешектің қалай болатынын ғалымдар алдын ала болжады. Болжап қана қоймай, адамзат өміріне пайда әкелетін жаңа мегатрендтерге осы кезден бой үйретіп, болашаққа бейімделуге шақыруда. Мобильді банкинг, электронды сауда, жасанды интеллект, нанотехнология, жасанды чиптер сынды жаңа ұғымдар алдағы 5-6 жыл ішінде тіршілік процесіне іске асады. Біз тізбектеген жаңа дәуірдің жаңалықтарының әрқайсысы ғылым мен бизнесте, білім мен мәдениеттің дамуына жол салады. Мұны атақты экономист Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты кітабында 2025 жылға дейін адамзатты күтіп тұрған жаңа трендтерді түгелімен тізіп шыққан.
Экономист ғалым кітапта адамзаттың келе­шекте медициналық тұрғыда алаң­дамайтын жағдайға жететінін жазды. Келе­шекте 3D баспа арқылы адамға бауыр салы­натынын, гені өзгеретін адамдар, жасанды жад, яғни ес салуға болатын жаңа медициналық жаңалықтардың енетінін нақтылайды. 4D технология көмегімен адам ағзаларының жасанды мүшелері қолжетімді болатын күннің жақындап келе жатқанын сезіндірді. Жасанды интеллектіні медицинада қолдануды Қазақстан да қолға ала бастады. Бұл жүйенің тиімділігі сол, науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай түрі жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде бағалай алады. Бұл аз десеңіз, бағдаршамы жоқ ақылды қалалар, қалтаға салып алатын суперкомпьютерлердің шығатынын растады.
Қазір өзімен-өзі жүретін көліктер пайда болды. Honda компаниясының пилотсыз автоға деген көзқарасы ерекше. Оның ұсынған NeuV көлігі – екі адамға есептелген және компания пікірі бойынша ол мінсіз автокөлік. Яғни, жүргізушісіз такси. Тағы бір ақпар, Microsoft компаниясы жақында Илон Масктің адам миының көшірмесін жасауға бағытталған жасанды интеллект жобасына 1 млрд. доллар көлемінде инвестиция жасады. Бұл қаражат адамның танымдық мүмкіндіктерімен бәсекеге түсе алатын жасанды интеллект технологиясын одан әрі дамытуға қолданылады.
Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету саласына жаңа технологиялар үздіксіз енеді. Аз уақыт ішінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 187 түрі электронды форматқа ауыстырылады. Ресейдің сарапшы маманы Сергей Маленконың пікірінше, жасанды интеллект шенеуніктердің азаюына себепші болып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сервистік қызметтерінің басым бөлігін алмастырады. Басқа адамдармен байланыс жасайтын қызметкерлердің керегі болмай қалады. Мәселен, Беларусьтің мем­лекеттік әуе компаниясы «Белавиа» call-орталықтағы қызметкерін роботқа алмастырды. Сall-орталыққа телефон шалсаңыз, сізге Вера есімді робот жауап береді. Бірақ әуе компанияның өкілімен ұрысқыңыз келсе, онда робот сізді сөйлейтін адамға бағыттайды.
Болашақта жұмыс сағаты 8-ден 4-ке дейін қысқарып, бір қызметкердің орнына екі маманды жалдау қарастырылады. Жасанды интеллектің ең тиімді тұсы сыбайлас жемқорлық мәселесі оң шешімін табады. Жасанды интеллекттің тиімділігі бұл ғана емес...
Ағылшын режиссері Алекс Гарланд Илон Маск жасанды интеллектіге қатысты принциптерін жақтау­шылардың қатарында. Оның 2014 жылы түсірілген «Бұрынғы машина» фильмінде роботқа адам санасымен бірге сезім де сыйлай алатын механикалық емес, бионды мидың құрастырылғаны жайлы айтылады. Бұл жасанды интеллект дамуындағы қазіргі ғалымдардың ең басты нысанасы болып отыр. Фильмінің соңында гуманоидтың Тюринг тестін тапсырып, адам баласын алдап соғуымен аяқталады. Режиссер фильм сценариінің идеясын табу үшін он жыл бойы жасанды интеллект туралы деректер оқығанын айтады.
Қысқасы, келешек нанотехнология мен электронды сауданың қарқын алады. Адамзат медицина, білім мен ғылым, машина жасау сынды ел өміріне маңызды салаларда мүлдем жаңа дүниелермен бетпе-бет келмек.
Тақырыпқа тұздық болсын, болашақтың маман­дығы қандай немесе жасанды интеллект кімдерді алмастыратыны туралы саралай кетсек. Қазір болашақтың мамандықтары мен жасанды интеллект жайлы көп айтылып жүр. Алдағы 5 жылдың көлемінде 5 миллионға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжам бар. Әйгілі «Microsoft» компаниясы қызық зерттеу жүргізіпті. Сұралған мектеп оқушылары мен студенттердің жартысынан көбі болашақта қазір мүлдем жоқ мамандық бойынша жұмыс істейміз деп жауап берген.
Қазақстанға оралайық, біздің ел жоғары оқу орындарының саны бойынша Ұлыбритания, Жапония, Германия сияқты елдерді басып озды. Осы университеттер мен институттарда 300 мыңнан астам бакалавр оқиды. Бірақ ел экономикасында осынша бакалаврға, әсіресе, заңгер, экономист, қаржыгерлерге сұраныс жоқ. Жоғары оқу орындарында 27 процент экономистер дайындалғанмен, еңбек нарығында жұмыс істейтін қаржы саласы мамандары 13 проценттен аспайды. Керісінше, елімізде техникалық, кәсіптік оқу орындарын бітірген мамандарды қажетсінетін 20 мың жұмыс орны бос тұр.
Экономикалық әлеуеті жоғары елдерде мектеп бітірушілердің 80 проценті жұмысшы мамандығын игеруге ден қояды. Біздің мектеп бітірушілердің 15 проценті ғана мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдайды. Болашақта киберқауіпсіздік маманы, биоинформатик, нейропсихолог, биофармаколог сияқ­ты мамандар сұранысқа ие болады екен. Жұмыстан еш сұранбайтын, ауырмайтын, жалақы сұрамайтын жасанды интеллект кәсіпкерлер үшін тиімді, олардың тілін түсінетін, технологиядан хабары бар маманның сұранысқа ие болатыны сөзсіз.
Енді жасанды интеллектің адамзатқа зиянына тоқ­талайық. Белгілі ғалым Стивен Хокинг те кезінде жасанды интеллектінің қауіпті екенін болжады. «Компьютерлер бір күні өздерін өздері шығаратын жағдайға жетеді» деп, адамзаттың ақырына алып келуі қаупін ескертті.
Қазір такси қызметін ұсынатын Uber компаниясы жүргізушісіз қозғалатын көлік жүйесін тестілеуден өткізуде. Егер жоба іске асса, 2 миллионға жуық такси жүргізушісі жұмыссыз қалуы мүмкін. McKinsey-Company жасаған болжамға сенсек, 2030 жылға қарай 800 миллион адам жасанды интеллектінің кесірінен жұмысынан айрылады. Қытайдағы Foxconn компаниясы фабрикадағы жұмысшылардың санын 110000-нан 50000-ға қысқартпақ.
Дүниежүзілік валюта қоры 2019 жылдың мамырында 28 елге жасаған зерттеу нәтижесін ұсынды. Ақпаратқа сүйенсек, роботтар әйел адамдардың жұмысын 40 процентке, ер адамдар қызметін 38 процентке кеміткен.
Міне, біз бүгін жасанды интелектің бірнеше салаға бейімделген түрлеріне тоқталдық. Бұл бергі шеті екенін ескерсек, келешекте дамыған елдерде қызмет көрсету саласына толығымен роботтар иелік етеді. Бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, қазақша ойлайтын жасанды интелект өндірісін дамытуымыз тиіс.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
---
27 шілде 2019 ж. 6 072 0