№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көшелі сөздердегі кінәратты кім жөндейді

Көшелі сөздердегі кінәратты кім жөндейді

  «Қала мәдениеті қақпадан басталады» десек, Жаңақорған кентіне алғаш келген қонақтар мен шипажайға демалушылар алдымен маңдайшадағы баннерлер мен ұрандарға назар аударады. Жаңақорғанға кіре берісте үлкен әріппен айшықтап, мемлекеттік тілде – «Жаңақорған» деген атау бірден көзге түседі.

   Хош делік. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сара жолында қазақшасымен бірге ағылшын тілінде – «Zhanakorgan» деп көрсетілсе, беріректе латынша - «Janaqorgan» дегені тағы тұр. Ол да керек. Халықтың көзі үйрене берсін. Қазірдің өзінде ауылға кіре берістерін өзгерткен «Өзгент», «Шалқия кенті, Машбек, Қожакент ауылдарының бастамасы дұрыс. Кеше ғана Ақүйік ауылының әкімдігі ауылға кіре берістегі баннерді латыншаға ауыстырып еді, онысынан қате шығып, қосымша қаржы шығарып, түнделете қайта ауыстыруына тура келді. Кезінде Ресейдің сүйікті фильмдерінің біріне айналған, ақтар келсе де, қызылдар келсе де нан-тұзбен қарсы алатын жергілікті надан тұрғындар секілденбей, аудан бойынша ортақ мәмілеге келіп, латынша бірыңғай және бекітілген үлгіде жазылуы тиіс.
Баннерлерді жазғанда өмірлік мәнін жоймайтын қасиетті нәрселер де бар. Олардың жылдар бойы қозғамауға, жаңғыртып отыруға болады. Мәселен, «Рухани жаңғыру» – бүркітпен тұрған бозбала, Елтаңбаның авторы жерлесіміз Жандарбек Мәлібековтің суретімен «Мемлекеттік рәміздер», «Нұр Отан» партиясының «Біздің күшіміз – Бірлікте!» деген ұрандары сәтті де, әрі үнемі жаңартылып отыратындығымен құнды.
Бұрын Жаңақорғанға кіре берісте Қызылорда қаласынан мерзімі келгесін, шығарып тасталған осы өңірдегі белгілі тұлғалардың баннерлері тұратын. Ол жақында ғана жаңғыртылып, биыл 100 жасқа толатын Әлім Мұхамеджанов, Әбілахан Әшірбекұлы, 95-ке аяқ басқан Бекмахан Дүйсембаев, Ғафур Мұхамеджанов, 80-ге келетін Бірлесбек Алияров, Сейфолла Әбдірайымов, 70-ке келген Бақтыбай Айнабеков сынды туған жер топырағынан шыққан өңірдің экономикалық, құқықтық, рухани дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың бейнесі жарқырай көрсетілген.
  Ал, Ақүйік ауылының ішіндегі Тұрғанбек Оспанов, Сәрсенбек Қалдыбаев, Ерболат Исаханов, Серік Әбдрахманов, Бекжан Құрақовтың суреттері салынған баннерлер бірнеше жылдар бойы жаңғыртылмағаны байқалып тұр.
Әсіресе, Соғыс және еңбек ардагерлеріне көше аттары беріліп, соған сәйкес баннер жасалғанда, оған аудан бойынша белгілі бір үлгі ұсынылуы тиіс. Мәселен, Бірлік ауылындағы ҰОС және еңбек ардагері Бердібек Ертаев көшесіне орнатылған баннер сәтті шыққанымен, суреті сұрыптауға сұранып тұр. Ал, Жаңақорған шипажайынан аялдамаға шығар тұстағы Бидаш Искаков атындағы шағын көшедегі ескерткіш тақта тым қап-қара, бейіт басындағыдай сүреңсіз жасалған. Бұл белгі адамды патриоттық ойға емес, «атамыздың көшесіне дұрыс белгі де орната алмадық па?» деген мұңға жетелейді.
Көшедегі баннерлерді жасаушылар мен оған тапсырыс берушілерге айтарымыз: қазір адамдар бұрынғыдай сауатсыз емес, одан кейін Жаңақорғанға келетін қонақтар мен шипажайларға келіп емделушілер қатары жыл санап артып келеді. Олардың кез-келгені сауатсыз жазылған баннерді ұялы телефонына түсіріп алып, желіге салып жіберсе, мінді уақытында түзей алмаған бүкіл ел ұятқа қаламыз дегім келеді.
  Тағыда айта кететіні, идеологиялық мәні ескірген баннерлер барлық ауылдарда әлі ілініп тұр. Оларды өзгертуге көп білім қажет емес шығар. Атқамінерлер осыны да ескерсе екен...

Ескендір ЕРТАЙ.

02 сәуір 2019 ж. 984 0