№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» «БАЛАПАН ТӨБЕ» ҚАЛАШЫҒЫ – ӨЛКЕТАНУДЫҢ МАҢЫЗДЫ НЫСАНЫ

«БАЛАПАН ТӨБЕ» ҚАЛАШЫҒЫ – ӨЛКЕТАНУДЫҢ МАҢЫЗДЫ НЫСАНЫ


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өткен болатын. Осындай тарихи еңбектің ұштығынан соң, кімде-кім болсын туған жерге деген патриоттық сезімі оянары хақ. Сондықтан да, Жаңарық ауылы маңында орналасқан бағзы замандағы көне сырларын бауырына бүгіп жатқан «Балапан төбе» қалашығына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оқырман қауымға тұшымды мақала жазуды мақсат еттім.


Жаңақорған өңірі қазақ халқының та­рихына қатысты әртүрлі кезеңдердің ескерткіштері шоғырланған үлкен та­рихи-мәдени ошақтың бірі. Бұған дә­лел ретінде, соңғы жылдардағы та­ри­хи-археологиялық зерттеулердің нә­ти­желерін атауға болады. Ең алдымен ор­та­­ғасырлық Сығанақ қаласынан шы­ғып жатқан құнды жәдігерлер қазақ тарихының ақтаңдақтарын толықтыру үстінде. Сығанақ қаласымен қатар, өңірдегі ортағасыр кезеңіне жататын қала-елді мекендер Артық ата, Қыр-Өзгент, Аққорған, Құмиян т.б. және архитектуралық ескерткіштер Көккесене, Қарасопы, Хорасан ата, Ақтас мешіті, Қасым ата, Қылауыз ата, Төлгетай ата кесенелері қазақ тарихы мен мәдениетінде алар орны ерекше. Алайда бұл ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізу бүгінгі күні ғалымдар тарапынан тыс қалып келеді.
Осындай ескерткіштердің бірі, бүгінде мамандар тарапынан еленбей келе жатқан, алайда халық жадында әлі күнге дейін аңызы сақталған «Балапан төбе» жөнінде сөз қозғамақпыз. «Балапан төбе» Жаңарық ауылынан 12 км шамасында солтүстік-батыста, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Балапан төбені алғаш рет жобасын сызып, өлшемі жөнінде мәлімет берген В. Каллаур болды. Бұл зерттеуші 1897–1917 жж. аралығында Оңтүстік Қазақстан ескерткіштерін арнайы зерттеген «Түркістан Археология әуесқойлар үйірмесіне» мүше болған. Сонымен қатар Перовск (қазіргі Қызылорда) уезінің, Әулиеата (қазіргі Тараз) уезінің басшысы қызметін атқара жүріп, өңірдің ескерткіштері жайлы көптеген мақалалар жариялап тұрған. Ол 1900 ж. 3–8 сәуір айында және 1901 ж. 23–27 сәуір айында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан ортағасыр кезеңіне қатысты Абыз төбе, Мейрамтөбе, Аққорған, Құмиян, Қырөзгент, Балапан төбе қалалар мен елдімекендердің қирандыларын көріп, жобасын (планын) сызып, өлшемдері туралы нақты мәліметтер берген, сондай-ақ, Хорасан ата, Төбесі ойық (Қасым ата) жайлы аңыз деректерді жергілікті халықтан жазып алып, жариялайды. Мұнда Балапан төбе қалашығының өлшемін былай берген: Балапан төбе үйілген қорған немесе төбе үйіндісі болып келген, айналдыра қоршаған жалдың ұзындығы 385 қадам. Іргесінен есептегендегі ұзындығы 517 қадам, биіктігі 27 қадам. Батысқа қарай ұзыншы орналасқан төбе үйіндісі 180 қадам, ал осы төбе үйіндісі доғаланып барып шығысқа қарай бұрылған кездегі төбе үйіндісінің ұзындығы 115 қадам, биіктігі 18 қадам (қараңыз: 1-сурет). Жобасы мен өлшемдері туралы мәліметтер нақты берілгенімен, Балапан төбе атауы жөнінде аңыз-әңгіме не деректер айтылмайды.
Бұдан кейін И. Кастаньенің 1910 жылы шыққан «Древности Киргизской степи и Оренбургского каря» атты үлкен ғылыми еңбегінде Балапантөбе жөнінде мәлімет берілген. Алайда, ол В. Каллаурдың жазған сипаттамасын толықтай қайталаған.
Енді Кеңес дәуірі кезеңінде, яғни 1960 жылы «Қазақстанның археологиялық кар­тасы» жарыққа шықты. Қазақ даласының және шалғай аудандардың ескерткіштері қамтылған бұл үлкен еңбек елімізде бір ғасырға жуық жүргізілген тарихи-археологиялық зерттеулердің қоры­тын­дысына арналған Жинақ болатын. Бұл Жинақта еліміздің барлық аудандары қамтылған бес мыңға жуық ескерткіштер енген. Бірақ, зерттелу тарихы 1900 жылдан бастау алатын Балапантөбе археологиялық ескерткіші Жинақ-Картаға кірмей қалған. Тек, Жаңақорған өңіріне қатысты, Сырдарияның сол жағалауында орналасқан Сығанақ, Қаратөбе, Разды ата, Артық ата, Қауған ата, Бұзықтөбе архео­логиялық ескерткіштері ғана Жинақ­қа қысқаша сипаттамасымен енген.
Сөйтіп XX ғ. басындағы әуесқой зерт­теушілер В.Каллаур, И. Кастаньелерді айтпағанда, 1990 жылдарға дейін бұл ескерткіш ғалымдар назарынан тыс қалып, елеусіз болып келген. Тек, 1990 жылдардан кейін Жаңақорған өңірінің тарихи-археологиялық ескерткіштерін зерттеу қайтадан қолға алына басталды. Әртүрлі ғылыми археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып Жаңақорған өңірінде көптеген көне дәуірдің ескерткіштері ашылды. Жаңақорған өңірінің архео­логиялық ескерткіштердің мәсе­­лелерін көтеріп жүрген ғалым, профессор, белгілі археолог М. Елеуовты атауға болады. Оның археологиялық экспедициясы Жаңақорған ауданына қарасты көптеген ескерткіштерді ашып, зерттеген. Соның бірі «Балапан төбе» қалашығының гео­гра­фиялық координаттарын анықтап, сызбасын қайта сызып, суретке түсір­ген. Олардың өлшемі бойынша: Балапантөбе жоспарында бесбұрышты, қабырғаларының ұзындығы: солтүстік-батысы – 50 м., шығысы – 80 м., оңтүстігі – 90 м., оңтүстік-батысы – 50 м., солтүстік-батысы – 50 м., биіктігі – 9 м. Қалашық қақ­пасы оңтүстік-шығыс қабырғасында орналасқан. Батыс бұрышынан басталған ені 12,5 м., биіктігі 4–5 м. болып келген үйме жал 120 м. дейін солтүстікке қарай созылып, доғаланып шығыс бағытқа қарай бұрылған. Бұрылған бөліктің ұзындығы 80 м.
Жалпы Сырдария өзенінің бойындағы қа­лалар мен елді мекендердің өсіп-өркендеуіне керуен жолдардың маңызы өте жоғары болған. Қазақ даласын Еуразия кеңістігімен байланыстырып жатқан көптеген керуен жолдар ірі қалалар мен сауда орталықтарын қалыптастырған. Профессор М.Елеуовтың зерттеуі бойын­ша, осындай керуен жолдардың бірі «Балапан төбе» қалашығы арқылы өткен көрінеді. Ол керуен жолды «сол жағалық Сырдария жолы» атаған-ды.
Ел арасында Балапантөбе атауы жиі естіліп жатса да оның тарихи-аңыз әңгімелері жөнінде көп адам біле бер­мейді. Балапантөбе аталуының себебі жөнінде жоғарыда аталған ғалымдардың да еңбектерінен бұл мәселеге аса ден қойылмаған секілді. Алайда, Балапантөбе атауы сонау бір ғасыр бұрында дәл осылай аталып келгендігіне көз жеткіздік. Біз осы мәселені ескере отырып Балапантөбе аталуының себебі жөнінде ел ішінде бір қариядан естіген аңыз-әңгімені келтірсек. Ол аңыздың мазмұны былай өрбиді: «Күндердің күнінде қаптаған жау «қалашықтың» оңтүстік-шығыс жағынан атты әскерлер ойда-жоқта шабуылдап келеді. Екі жақтың жауынгерлері бір-біріне қарсы ұмтылып, бірін-бірі қылышпен шапқыласа, найзамен шаншысқан жауынгерлердің шатұр-құтыр айқасқан темір шоқпарларының ұрысымен қым-қиғаш айқас басталады. Аттың үстінен құлаған жауынгерлердің айқайлаған дауыстары, иесіз қалған аттар кісінеп шетке шығып кетіп жатады. Екі жақтың жауынгерлерінің шабысқан ат дүбірі мен қатар, балалардың шыңғырған ерекше дауыстары шығып жатты. Шағын «қалашық» халқы жауға төтеп бере алмай, өзінің туған жері үшін жанын берді. Көтерілген шаң-тозаң мен жосадай аққан қан иісі мұрныңа келіп жатқанда, ерекше бір жалғыз жылаған баланың дауысы кімді болса да елең еткізер жай еді. Бұл көрініс осы «қалашықтың» төбесіне шыға берісте, ақ кимешек киген ананың арқасына қадалған найзасы бар, екі қолын алдына созып, алдындағы қол созым жерде жылап отырған «балапанына» қолы жетпей, баласын қойнына қыса алмай өмірден кете берген... ». Сондықтан да болар осы оқиға желісіне байланысты қалашықтың атауы «Балапантөбе» деп аталыпты-мыс. Бұл келтірген аңызды Балапантөбенің аталуының себебіне айқын дәлелді деуден аулақпыз. Тек Балапантөбе жайында сақталған аңыз-әңгімелердің бірі немесе бір нұсқасы деп ұққан жөн. Дегенмен дүние жүзі елдеріндегі көптеген атаулар осындай аңыз әңгімелердің желісімен атауын сақтап қалғаны тағы бар.
Түйінсөз.
«Балапан төбе» қалашығы - өлкета­нудың маңызды нысандарының бірі деп санасақ, Қызылорда облысының «Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне» енгізу арқылы археологиялық қазба жұмысы және этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп «Балапан төбе» қалашығы екенін растайтын ескерткіш тақта белгі қойылуы маңызды. Олай болса қолда бар дүниені қажетімізге жаратып ықылым заманнан өз сырын ішіне бүгіп жатқан Балапантөбе, – бұл туған өлкеміздің тарихын, рухын паш етіп,оны кейінгі ұрпаққа насихаттап, осындай көне жәдігерлерімізді халық игілігіне ұсынып, өз ұрпақтарымызға аманат ету - баршамыздың міндетіміз, әрі борышым деп есептеймін.

Әбдірахман Әшімов,
№167 мектептің
тарих пәнінің мұғалімі,
мектеп директорынының орынбасары.
---
09 мамыр 2019 ж. 1 326 0