№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» ДАРЫНДЫ АДАМ – ҰЛТ ДӘУЛЕТІ

ДАРЫНДЫ АДАМ – ҰЛТ ДӘУЛЕТІ


Уақыт өткен сайын интеллектке көзқарас та, оған қойылар талап та өзгеруде. Бұл күндері ойшылдықтан гөрі, ойын-сауыққа жақын ұлт қалыптасып жатқандай. Адам бойындағы қабілет-қарым, талант, парасат, озық ой сынды ізгі қасиеттер бағаланбай жүр. Біз бүгін интеллектуалды ұлт тақырыбын тереңірек зерттеп, тарқатуға тырысамыз. Елбасының дәстүрлі Жолдауынан туындаған басым бағыттың бірі – «Интеллектуалды ұлт-2020» бағдарламасы. Ұлттық жоба 6 бағыттан тұрады. Соның бірі – елдің интеллектуалды потенциалын көтеру. Осы тұста – бұқараның ұшқыр ойлы, қабілет-қарымы әлеуетін арттыру үшін қайтпек керек?. Әрине өскелең жастардың интеллекті жоғары болса, мемлекеттің де «иммунитеті» жоғары болары сөзсіз. Жалпы тақырыпты ашып алсақ. Интеллект дегеннің өзі үлкен мағынаға ие: ғылымды меңгерген, ой-өрісі озық, өзіндік потенциалы мықты, жан-жақты кемеліне келген тұлғаны интеллектуалды тұлға дейді. Десе де адамның бәрі бұл деңгейге жете бермейді. Сондықтанда бізге қолда бар алтынның қадірін білуге бейімделу ләзім. Ертеңгі күні Денис Теннен қапияда айрылғандай, елдің бетке ұстар азаматтарын қарапайым тұрғындар танымай жатса кімді кінәлаймыз? Спорт не өзге де сан салаға бар ғұмырын арнаған жауһардай жақұттарды дәріптей алып жүрміз бе? Мазалаған сұраққа мейлінше мәйім жауап беруге тырыссақ.
Ауданда аға буынның арасынан интеллектуалды тұлға ретінде келінтөбелік Керімхан Егізбаев ағамызды айрықша атар едім. Егін мен мал шаруашылығын қатар игеріп қана қоймай, ғылыми негізге сүйене отырып, жаңашыл идеяларға басымдық беріп жүр. Мәселен, Санта-Гертруда. Бұл америкалық асылтұқымды мүйізді ірі қара. Етті сиыр әлемдік рейтингте өнімділігі һәм өтімділігі жөнінен көш бастап тұр. Қазақстан бойынша тек Алматы мен Қызылорда облысын ғана жерсінген. Сыр елінде Санта-Гертруда сиыры тұқымы Келінтөбе ауылында көбеюде. Асылтұқымды мүйізді ірі қара Керімхан Егізбаев басшылық ететін «Orda Агротехнология» ЖШС-не тиесілі. Келінтөбелік ғалым бұл мүйізді ірі қараны таңдағандағы басты себебі – Сыр өңірінің ауа-райына өте төзімді екенін жеткізді. Оның айтуынша, сиырдың терісі қалың болғаннан кейін, маса, сона, кене деген зиянкестерге шыдамды. Сыр табиғатына төзімді асыл түліктің орта есеппен салмағы – 500-600 келі. Ал, бұқаларының салмағы 800 келіден басталады екен. Бұл бір. Енді екінші. Керімхан Егізбаев күріштің жаңа сортын ғылыми айналымға енгізді. Әрине жалғыз емес. Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамамандарымен бірлесе отырып, жаңа сортқа «Ай-Керім» деген атау берді. Ғалымдардың айтуынша, «Ай-Керім» сортының шынылығы басқа тұқымдарға қарағанда 80 пайызды көрсетеді. Сабағы күріштің өзге түрімен салыстырғанда 15-20 см-дей биік. Әрбір масақта 250-ге дейін дән байлайды. Міне, шалғайдағы ауылда жүріп, қос шаруашылықтың ескегін қатар есіп, еселі еңбегімен елге танылуда.
Әрине кіндік қаны Жаңақорғанда тамып, Қазақ елінің ғылыми саласына қолтаңбасын қалдырған, дарынды һәм дара интеллектуалды тұлғалар жетерлік. Бір ғана Жаңақорғаннан 10 академик, 7 Мемлекет Сыйлығының лауреаттары шыққан. Олардың қатарында академик, белгілі хирург Мұхтар Әлиев, алғашқы Ата заңды дайындауға қатынасқан Сұлтан Сартаев, Қазақстанның ғарыш саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мейірбек Молдабеков, Ұлттық ғылымдар академиясының академигі Бірлесбек Алияров сынды саңлақ тұлғалар бар.
Сондай-ақ есімі ұмытыла бастаған нәзікжандының бірі – жаңақорғандық Рәзия Шәкенқызы. Әлем халықтарының ең беделді, ең ержүрек медбике, дәрігерлеріне ғана берілетін «Флоренс Найнтигейл» атындағы медаль бар. Ұлы Отан соғысы кезінде осы медальды Қазақстан бойынша 5-ақ фельдшер алған. Соның бірі – Рәзия Ысқақова.
ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ ЖАС ҒАЛЫМДАР
Ендігі кезекте ауданнан шыққан жас ғалымдарға тоқталсақ. Жасыратыны жоқ, ұлттық экономиканың табысқа жетуі ғылым мен білім нәтижелеріне тәуелді екеніне дамыған елдер тәжірибесіне қарап көз жеткізу қиын емес. Десе де, шетелден дайын технологияларды көшіре бермей, отандық жас ғалымдарды қолдап-қолпаштайтын, насихаттайтын, үлгі ететін кез келді. Сонда ғана, соңынан ерген жас буын шығармашыл, инноватор, зияткер болып өсіп шығып, ұлттық экономиканы аяғынан нық тұрғызары сөзсіз. Осы орайда, біз де жан-жаққа сұрау салып, екі жас ғалымды таптық.
Біріншісі, Қалкөзова Жанар Қаниқызы. Жаңақорған кентінде туылған жас ғалым бүгінде физика-математика ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ашық түрдегі Ұлттық Нанотехнологиялық зертханасында жетекші ғылыми қызметкер, физика-техника факультетінің қатты дене физикасы және бейсызық кафедрасының доценті. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда нанотехнологиялар үлкен сұранысқа ие болып отыр. Нанотехнологияның арқасында заманауи есептеуіш машиналар мен өндірісті технологиялардың, тіпті, дәрі-дәрмектердің де өндіріліп жатқаны баршамызға белгілі. Оған қоса, Президенттің 5 бастамасында 20 мың грант бөлу жөнінде пәрмен берілген болатын. Міне, осы гаранттардың басым бөлігі магистратура мен докторантурада нанотехнология мен наноматериалдар мамандығына бөлінген. Осы саланы таңдаған болашақ магистрлар мен докторанттарға зертханада ғылыми жетекшілік жасап жүрген Жанар Қаниқызының жеткен жетістігі аз емес. Оның әлемге әйгілі Томсон рейтерс, Сокупс базаларында бірнеше мақалалары, 60-қа жуық ғылыми мақалалары жарық көрген. Оған қоса ол екі патент пен бір монография авторы. Әлі күнге қарашаңырақ ҚазҰУ Ашық түрдегі Ұлттық Нанотехнологиялық зертханасында ғылыми жұмыстарын жетілдіру жолында жүр.
Енді екіншісіне тоқталсақ. Ауылда туылып, әлемді мойындатқан. Қожамберділік жас ғалым Нұрғали Ақылбеков бактерияларға қарсы 10 есе биологиялық белсенділік көрсететін препарат ойлап тапқан. Оның бұл өнертабысын Ресейде патенттетіп, халықаралық дәрежеде мойындалып отыр. Ол бүгінде Татарстанның Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің аспиранты ретінде ғылыми ізденісін жетілдіруде. Заманауи физикалық-химиялық талдау қондырғыларын еркін меңгерген Нұрғали аз уақытта ғылымға зор үлесін қоса білді. Айта кету керек, ол бұған дейін Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырағын биопрепараттар арқылы тазарту технологиясын әзірлеген болатын. Енді міне, медициналық химияда өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Жаңақорғандық жас ғалым инновациялық жобалардың халықаралық көрмелеріне, бірнеше шетелдік, республикалық және халықаралық конференцияға қатысып, өзінің білімділігін танытып жүр. Мәселен, Қарағандыда өткен «ExpoCAMP.Karagandy-2013» жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесіне, ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми жетістіктерінің көрмесіне», 2016 жылы Қазан қаласында өткен Н.Лобачевский атындағы ғылыми жұмыстар конкурсының «Химия» секциясы сынды ғылыми іс-шараға қатысып, өзінің ғылыми жобаларын ұсынған.
Одан бөлек ғылым саласына қосқан үлесі үшін мемлекеттік«Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Республикалық «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегері, Қызылорда облысы әкімінің облыс жастарына арналған «Сыр Үміті» жастар сыйлығына лайықты деп танылған.
Иә, «жігіт қадірі өнерімен өлшенер», бұл күннің өнері – жаңа, заманауи технология, ақылды құрал-жабдықтар, нанотехнология жемісі сынды жетістіктер. Міне, қазіргі қазақ жастары осы озық технологияның жалына жармасып үлгермесе, елдегі табиғи ресурстарымызды шетелден келген ғалымдар игеретін болады. Сондықтанда отандық ғалымдарды қоғам да, мемлекет те қолдауы тиіс. Жаңашыл, өнертапқыш адамдарға жол ашу елді, мемлекетті алға сүйрейді. Яғни, ғылымның дамуы арқылы озық отыз елдің қатарына енуіне үлес қосады. Бір сөзбен айтқанда, экономиканың кемелденуі техникалық прогреске тәуелді және ол үшін мемлекеттік  деңгейде идеологиялық қолдау шаралары жүзеге асқаны абзал.
Түйін. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын халық арасындағы әлсіз топтарға, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетіп, оларға қоршаған ортада қолайлы жағдай жасауды талап етіп отырады. Әрі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру күн тәртібінде. Десе де, жаңақорғандық қос бірдей ІІ-топ мүгедегі Әбу Реметов пен Ратбек Фазылов жергілікті билік пен кәсіпкерлер тарапынан қолдау таппай жүр. Ағымдағы жылдың сәуір айында құрыш білекті қос спортшы 17-Азия чемпионатында жүлдегер атанады. Әбу Реметов күміс, Ратбек Фазылов қола жүлдегер атанады. Осылайша аудан, облыс тарихында тұңғыш болып қазан айында Түркияның Анталия қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алады. Алайда дүбірлі додаға екі ай ғана уақыт қалсада, қаржылық жағынан қолдау таппай отыр. Айта кету керек, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Әбу облыстың 3 дүркін чемпионы, Қазақстанның күміс, Ратбек облыстың 2 дүркін жеңімпазы, Қазақстанның қола жүлдесіне қол жеткізген. Сондай-ақ жақында ғана қос спортшы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына лайықты деп танылды. Бұл да болса, ертелі-кеш еткен дайындықтың жемісі. Енді спортшылардың ата-анасы жаңақорғандық жомарт жандардан демеу күтеді.
Сөздің басын таланттыларға құрмет көрсетуден бастап едік. Тағы да сол сөз тіркесімен тәмамдаймыз. Интеллектуалды қоғам қалыптастыруға әрбір адамның мүмкіндігі бар.
Әбдісамат ӘБДІШ.
---
04 тамыз 2018 ж. 1 814 0