№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» ӨНЕР ТАБЫСТЫРҒАН ОТБАСЫ

ӨНЕР ТАБЫСТЫРҒАН ОТБАСЫ

Аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан, есімдері аймағымызға танымал қос өнерпаз – Сайранбек Ділманов пен Кенже Әкімбаева жөнінде қалам тербемекпін. Өйткені өнерлі отбасының аудан мәдениетінен алар орыны бір төбе
Өнер – екінің біріне қона бермейтін бақ. Біреу мың бұралған биші болса, енді бірі музыкалық аспаптың хас шебері, бірі бес саусағынан өнері тамған ісмерлігімен, бірі жезтаңдай әншілігімен танылады. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – Сайранбек пен Кенже көлде жүзген қос аққудай. Екеуінен өрген ұлдары Айдарбек сыбызғының құлағында ойнайды әрі жезтаңдай әнші болса, кенжесі Бекжан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «музыка» факультетінің студенті. Сонау Қарақалпақ жерінде табысқан өнерпаздардың өмір жолдары да өзгеден ерек. Қарақалпақстанның Қоқан аудандық сотында қызмет жасайтын немере ағасы Ілесбек Әуелбеков Сайранбектің бойындағы өнерін шыңдау мақсатында оқуға алып кетіп, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жас өренді Қоқандағы музыкалық колледждің «Мәдени ағарту» факультетіне оқуға түсіреді. Міне, осында жүріп ол музыкалық колледждің «Режиссерлық» факултетінде оқитын Кенжеге көңілі құлайды. – Бала күннен өнерге жақын болдым. Әкеміз дүниеден ерте өтіп, төрт баланы анамыз жалғыз жетілдірді. Өзім өнерге өте жақын болдым. Осы қабілетімді аңғарған Ілесбек ағам, мектеп бітірген соң мені өзімен көрші елге оқуға алып кетті. Содан студент атандым. Ол уақытта өзбек ағайындар күз айларында студенттердің барлығын жаппай мақта теруге шығарады екен. Сонда мақта теріп жүріп өмірлік жарымды кездестірдім. Алла маған өмірлік серікті көрші елден бұйыртқан екен. Міне содан бері өнерде қол ұстасып жүргенімізге 30 жыл толды, – дейді Сайранбек Молдабекұлы. Арман қуып, алысқа аттанған өнер иесінің оқуын аяғына жеткізбей елге қайтуына тура келеді. Өйткені ағасы аяқ астынан жол апатынан жазым болып, жеңгесі балашағасымен елге қайтады. Жат жерде жалғыз қалғысы келмеген Сайранбек көп ұзамай елге қайтуға бел буады. Дипломын алып үлгермесе де, өмірлік жарын ерте келген екен. – Ол кезде екеуміз де өте жаспыз. Колледждің 2-ші курсына өткен уақытымыз. Сәкеңнің аяқ асты оқуын тастап еліне кетуі керек болды. «Менімен бірге қол ұстасып кетуге дайынсың ба?», – дегенде ойланбастан келісіп, мәңгі бірге болуға серт бердім. Сол сәттегі шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Туған өлкем мен туыстарымнан жырақта жүрсем де жанұямда бақытты болдым. Жолдасым әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Өнерді де жалғастыруыма мүмкіндік берді, – дейді Кенже Әкімбаева. Иә, өнер адамдары бір-бірін демеп, жақсылықтан күдер үзбеді. 1996 жылы тұңғыштары дүниеге келген сәтте Кенже аудандық мәдениет үйіне әнші болып жұмысқа орналасты. –1996 жылдың ақпанында Айдарбек дүниеге келді. Ал, наурыз айында аудандық мәдениет үйінен жұмысқа келуіме ұсыныс түсті. Сәбиім әлі қырқынан шықпаған, енді қайттім дегенде жолдасым мен үйдегі анам үлкен қолдау көрсетті. Мұндай ұсыныстың түсе бермейтінін ескеріп, мені жұмысқа жіберді. Көзін ашқаннан әуелеген әнмен бірге өскеннен болар Айдарбек те өнер жолын таңдады, - дейді Кенже апай. Араға уақыт салып, Сайранбек Ділманов та мәдениет үйіне қызметке орналасып, аудан өнерінің алға жылжуы жолында аянбай еңбек етеді. Екеуі бірге ауыл-ауылды аралап концерт қойып, қол ұстасын ән шырқап аудан жұртшылығына өнерлі отбасы ретінде кеңінен танылды. Бүгінде екеуі №2 және №3 мәденидемалыс кешенінің меңгерушісі қызметін абыроймен арқалап жүр. «Әке көрген оқ – жонар, ана көрген – тон пішер», демекші, өнерлі отбасынан шыққан балалар да осы жолды таңдаған. Өнер табыстырған отбасының өзіндік берік ұстанымы – бір-біріне деген құрметтің азаймауы дер едік. – Біздің отбасының басты ұстанымы – бірбірімізге сыйластықпен әрі кешіріммен қарай білу. Балаларға дұрыс тәлімтәрбие беру. Түсініспеушілік болып жатса бір-біріміздің жанымыздан табыламыз. Міне, 30 жыл бірге бірігіп өмір сүріп келеміз. Отбасы – басты байлық. Осыны бүгінгі жастар түсінсе екен деймін. Қазір жастар ақырын ақылға салмайды. Екі жарты бір бүтінге айналып, бас біріктірген соң бір-бірін түсіне білуі керек. Алланың берген екі ұл, бір қызы, алты немереміз бар. Өнер қонған отбасы болған соң тұңғыш немеремнің атын ырымдап Әнсұлтан қойдым. Әнсұлтанымның болашағынан үмітім зор. Өйткені баламның бойынан ерекше қасиетті аңғарамын, – дейді Сайранбек Ділманов. Жұбайлар ауданның ғана емес, тұтас өңірдің мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген жандар. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өз өнерін елге паш етіп жүрген аудан мақтаныштары. Ұлды ұяға, қызды қияға ұшырып, немерелерінің қызығын көріп отырған отбасының өнер мен өмірде қол ұстасқандарына биыл 30 жыл. Сонау Қарақалпақ жерінде басталған іңкәр сезім бір суымай, бүгінде тамырын тереңге жайып, өмірлері өнермен өрілген өнегелі отбасына айналып отыр. Айсұлу АЛДАНАЗАР
---
02 желтоқсан 2024 ж. 15 0