№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Еңбек мигранты: жастар неге көбейді?

Еңбек мигранты: жастар неге көбейді?


Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстандағы еңбек мигранттарының саны 14 мыңнан асыпты. Нақтырақ айтсақ, қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен ел аумағында 14 346 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл былтырғы жылғы көрсеткішке қарағанда сәл өскенін көрсетеді. Соның 40 пайызға жуығы жастар екен. Осыған дейін көрші елдер мен құрлық асып келген жұмысшы топтың басым көбі құрылыс саласына орнықса, енді олар өзге де салаға бет бұруға ниетті екен. Мәселен, аграрлы сала, шағын кәсіпкерлік, өнеркәсіп пен сервистік қызметке де келіп жатқандар жетерлік. Оның ішінде жастардың да үлесі бар, сол секілді біздің азаматтардың өзге елдің мигранты атанып жүргені де аз емес. Біз бүгін осы тақырып төңірегінде тағы да талдау жасап көрмекпіз.


2024 жылы коммерциялық секторда шетел жұмыс күшін тартуға 11 мыңға жуық рұқсат берілген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин айтты.
– Биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға 21 мың квота белгіленді, ал, коммерциялық секторда өзге ел азаматтары үшін 11 мыңға жуық рұқсат берілді. Шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі Қытай және Өзбекстан елдерінің азаматы, ал экономикалық секторда жалдамалылар құрылыс және өнеркәсіп шаруасына тартылған, – деді жауапты сала маманы.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасын­да мынадай санаттар бар. Басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 577 рұқсат, бұл бірінші санат. Екінші санатқа құрылымдық бөлімшелердің басшылары жатады. Ол үшін 2 591 рұқсат берілсе, үшінші санаттағы мамандар үшін 5 мыңнан аса қызметке рұқсат бар. Төртінші санатқа білікті жұмысшылар жатқызылса, оларға берілетін саны 700-ге жуықтайды. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға екі мыңға жуық, ал, корпоративтік ауыстыру аясында төрт мыңға жуық жұмыс тобы тартылыпты.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер қатарында Қытай көш басында. Олардан биыл 4 мыңдай адам келген, одан кейін Өзбекстан – 1 919, Үндістан – 1 145, Түркия – 1 101 адам. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Енді шетелдіктер қандай жұмысқа тартылғанына көз жүгіртейік. Бірінші кезекте құрылыс саласы тұр. Бүгінде құрылыста жүрген мигранттардың саны 5 мыңға жуықтап қалса, аграрлы сала мен орман шаруасына екі мыңға жуық азамат тартылған. Әкімшілік және көмекші қызметтер, тау-кен мен өңдеу өнеркәсібі, карьерлерді қазу сынды қызмет түрлеріне де бес мыңға жуық жұмысшы жөнелтілген.
Жалпы 2024 жылдың бірінші тоқсанында Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті 104,8 мың адамға уақытша тұруға ықтиярхат берген екен. Олардың көпшілігі – ТМД елдерінен. 100,25 мың адам еңбек ету мақсатында уақытша тұруға рұқсат алғаны айтылды.
Гастрабайтерлер ішінде тәртіпті жиі бұзатындар да жоқ емес. Биыл көші-қон заңын бұзғаны үшін 9800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 мың адам елден шығарылған. Заңды бұзғандардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары.

Аудандағы ахуал қалай?

Жыл басынан бері Қызылорда облысының аумағына түрлі мақсатпен келген 16 196 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынған. Оның ішінде 15 960 азамат ТМД елдерінен болса, алыс шетелдерден 236 азамат тіркелген. Аудандық полиция бөлімінің Көші-қон қызмет тобының 9 айда атқарған жұмыс барысымен таныс болайық. Жыл басынан бері әр түрлі мақсатта 1763 азамат уақытша тіркеуден өткен, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Оның 1711-і көрші өзбек ағайындары болса, қалған 52 азамат Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және АҚШ-тан ат арытып келіпті. Уақытша тіркелген шет ел азаматтарының басым көбі қара жұмысқа жалданушылар.
– Көрсетілген мерзімде шетелдіктерге қатысты заңсыз жұмыс жасаған немесе оларды өз мерзімінде елден кетуі жөнінде шара қабылдамаған және белгіленген мерзімдері өтсе де Қазақстан аумағынан шықпай, заң ережелерін бұзған азаматтардың саны 259-ға жетті. Олардың 182-не ҚР ӘҚБтК-нің 517, 449 баптарына сай әкімшілік шара көрілді. Қалғандарына 518 және 519 баптар аясында жаза қолданды. Сот қаулысымен 2 шетел азаматы елден аластатылса, 77 борышкерге іздеу жариялаутуралы қаулылар жарияланған болатын, жұмыс нәтижесінде барлығы анықталып, тиісті мекен-жайға хаттама жөнелтілді, – деді АПб-нің көші-қон қызметі тобының бастығы Нұрбол Рүстемов.
Ауданда жүргендердің көбі өзбек ағайындар дедік, реті келгенде олармен тілдесіп көрген едік. Құрылыс саласында 20 жылға жуық уақыт еңбектеніп жүрген Тойчи есімді азаматтың ауданға келгеніне 3 жылға жуықтапты. Бастапқыда өзі ғана келсе, қазір бір бригада болған. «Біз мұнда құрылыс заттарын шығарамыз, әрі оны тапсырыс арқылы өріп береміз. Одан бөлек кез келген қара жұмысты жасай береміз. Тек ақысына келіссек болды, сапасына өзіміз жауап береміз. Туған жерге жылына екі немесе үш рет барып, отбасымызбен қауышып қайтамыз. Шыны керек, адал еңбектің арқасында нәпақамызды тауып, жанұямызды асырап жүрміз. Жаңақорған бізге екінші үйіміз болып қалды» деп ағынан жарылды.

Арқа жайлы болса, арқар асып несі бар

Иә, сол арқа жайлы болмай тұрғаны қынжылтады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылы өзге елде 135 мың қазақстандық жұмыс істеп жүр. Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Ресей, Корея, Түркия және БАӘ-де еңбек етеді. Жалақысы жоғары жұмыс орнына кіру және сол елде бейімдеу үшін оларды кәсіби тұрғыда дайындау өте маңызды екенін жауапты комитет алға тартуда. Осыған байланысты елімізде дайындық орталығы құрылуда екен. Алдағы уақытта олар migration.enbek.kz порталына тіркеледі. Комитет төрағасы Ерболат Абулхатин әлемде инвестиция тартуға бәсекелестік күшейгенін атап өтті.
– Елімізде этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасын беру қолға алынды. Бүгінде картаны алуға Ресей, Германия, Қытай және АҚШ, Еуропалық одақ елдерінің азаматтары, яғни этникалық қазақтар да қызығушылық танытып отыр. Биыл «Ата жолы» картасын 57 этникалық қазақ алды. Оның ішінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша 31 адам, кәсібі бар 26 адам есепке алынды. Картаны алғандар көбінесе Астана және Алматы қалаларында тұрады, – деді ол.
Шынында біз көрші елдерден келетін гастарбайтерлерді жарыса жазып, оларды зерделеп жатқанда, отандастардың да шет ел асып, қара жұмысқа бет бұра бастағанын байқадық. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Ресей мемлекеті қазақ жастары үшін нәпақа табудың тұрағына айналды. Оңтүстік Корея демекші, ол жақта қарапайым жұмысшының өзі айына 800-2000 АҚШ доллары көлемінде айлық ала алады. Осындай айлықты ести тұра көршілес елдердің азаматтары онда баруға құлықсыз. Оның себебі мынада. Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу өте ауыр. Күнделікті зауытта 12 сағат тыным таппай істегеннен бөлек, 1 бөлмелік жатын бөлмеде 10-15 адамға дейін тұрады. Бастысы Кореяға барушылар 1 жылға әрең шыдайды екен.
Мына қызықты қараңыз: Оңтүстік Кореяда өз бизнесін ашып, миллиардер атанған Орталық Азияның өкілін естіп пе едіңіз? Себебі, мигранттар дамыған шығыс елінде тілдік барьер мен заңның қаталдығы емін-еркін бизнеспен айналысуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан көпшілік Ресей мен Қазақстанда тұрған қолайлырақ деп санайды. Әрине, қонағын төріне шығаратын халық емеспіз бе? Басқа дамыған мемлекеттермен салыстырсақ, Қазақстанда миграциялық саясат қатты дамымаған. Алайда, осы мигранттардан түсетін пайда қандай болмақ? Оның ішінде Жаңақорған не ұтты? Бұл жөнінде аудандық салық басқармасы мамандары былай дейді: «Жыл сайын мигранттардан түсетін салық көлемі артпаса кеміген емес. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 1 миллионнан астам қаржы аудан қазынасына құйылды. Әрине, бұл дұрыс-ақ, алайда мигранттардың көбеюі қоғамды алаңдатары сөзсіз. Бізге келген құжат бойынша келісімшарт пен ЖСН-ді бере аламыз. Қалған мәселе ішкі істер бөлімінің құзырында» деді.
Аудандық жұмыспен қамту орталығынан жұмыс іздеп келушілердің саны жыл сайын 900-дан кеміген емес. Ал, біз сөз еткен 800-ден астам гастарбайтер жергілікті биліктін жәрдемінсіз-ақ екі қолға бір күрек тауыпты. Осыдан ой түйсек, жаңақорғандықтар жалқау ма, болмаса оларға жоғары лауазымды қызметтер қажет пе? Әлде қазақтар еңбекке епсіз бе? Осы ретте аудандағы жас кәсіпкерлерді сөзге тартып көрдік. Жеке кәсіпкер Қадыржан Қыдырбаевтың сөзінше, бірнеше айдан бері жұмысшы таппай жүр. Жалақысы тұрақты, барлық жағдайы қамтамасыз етілетінін де тілге тиек етті.
– Әрдайым жұмысқа адам іздеп шаршаймыз. Аяқ-қолы сау, еңбекке жарамды жастардың көбі жұмыс істегісі келмейді, үйінде ата-анасының қолына қарап отырады. Жағдайы төмен отбасыларына азық-түлік апарып беріп тұрып, үйде қолы бос жүрген өрімдей жастарды көріп өзің ұяласың. Нарық заманында әркім өзі үшін жұмыс жасауы керек қой. Кейде бізге даяшы, тамақ әзірлейтін мамандар жетіспейді. Мысалы, олар күніне кем дегенде 7-8 мың теңге табады. Соған жұмыс істеуге келмейтіндерге таң қаламын, – деді ол.
Түйіндей айтқанда, біз біраз қаржыны өзге елдің бюджетіне құйып жатырмыз. Кім ұтты, кім ұтылды? Бәрінен бұрын қазақ қара көздерінің шет ел асып, нәпақа тауып жүргені қынжылтады. Екінші жағынан елімізде жүрген еңбек мигранттарының көбейгені де көңілге кірбің түсіреді екен. Біз қысқаша тлдап көрдік, қалғаны уақыт еншісінде.

Әли ТЕМІРБЕК
---
02 қараша 2024 ж. 78 0