» Қызылорда облыстық сотының Оқу Орталығының Оңтүстік аймағы бойынша судьялары оқып-үйрену сабақтарын өткізді

Қызылорда облыстық сотының Оқу Орталығының Оңтүстік аймағы бойынша судьялары оқып-үйрену сабақтарын өткізді

Ағымдағы жылдың 9 наурызында Қызылорда облыстық сотының Оқу Орталығының Оңтүстік аймағы бойынша судьяарының кезекті семинар-сабағы онлайн режимінде өткізілді.
Семинарға Шиелі, Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандық соттарының судьялары қатысып, білімдерін жетілдірді.
Семинар барысында Жаңақорған аудандық сотының судьясы Э.Рыскулов «Азаматтық іс жүргізу заңнамасы бойынша татуластыру рәсімдерін қолдану мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Ол баяндамасында Азаматтық процестік Кодекс аясында жүргізілуге жататын татуластыру рәсімдері, татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, партисипативтік рәсім негізінде дауды реттеу туралы келісім жасаудың ерекшеліктері, соттың аталған келісімдерді бекітуі, сотқа дейінгі хаттама жасау, оны жасаудың алгоритм бойынша міндетті сатыларына, татуластырушы судьяның әрекеттері мен тарапатардың татуласуының басымдықтарына тоқталды.
Өз кезегінде Жаңақорған аудандық сотының судьясы И.Тунгышбаев «Процестік келісім жасалған қылмыстық істер бойынша сот талқылауын жүргізу және айыптау үкімін шығару барысында туындайтын мәселелер» жайлы баяндама жасады. Ол баяндамасында процестік келісім жасасудың ерекше тәртібіне, процестік келісім жасасудың салдарына, кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасаудың тәртібіне, кінәні мойындау туралы процестік келісіммен бірге түскен іс бойынша судьяның әрекеттеріне, келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімдеріне, соттың келісімдік іс жүргізудегі шешімдеріне тоқталды.
Сондай-ақ семинарға қатысушылар аталған тақырып аясында «Соттардың қылмыстық істер бойынша келісімдік тәртіпте іс жүргізу практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 Нормативтік қаулысының талаптарын тәжірибеде қолдану мәселелерін талқылады.
Мұнан өзге Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Ә.Түбекбаева «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы №9 нормативтік қаулысының талаптары жайлы баяндады.
Аталған судья кейбір еңбек даулары бойынша жекелеген адамдар санаттарының еңбек қатынастары ҚР Еңбек Кодексінің нормаларымен ғана емес, арнайы заңнамалық актілерімен, мысалы құқық қорғау қызметі туралы, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы, мемлекеттік қызмет туралы, ішкі істер органдары туралы және т.б. заңдармен реттелетінін атап өтті.
Жеке еңбек дауларының келісім комиссияларында, ал реттелмеген мәселелер бойынша не келісім комиссиясының шешімдері орындалмаған кезде сотта қаралатынына, яғни жеке еңбек дауының сотқа дейінгі реттеу тәртібінің міндетті сатысына тоқталды. Сондай-ақ сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімдері, соттылық ережелері жұмыс берушінің актілерінің заңдылығы, еңбек шартын бұзу негіздері, қызметкерді бұрынғы жұмысына қайта алу, лажсыз бос жүрген уақытқа жалақы өндіру мәселелері сөз болды.
Семинарға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерді кеңінен талқылап, сот тәжірибесінде аталған тақырыптар аясында туындайтын сұрақтар бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
---
09 наурыз 2022 ж. 113 0