№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Сырда су кеміді. Диқандар қайтпек?

Сырда су кеміді. Диқандар қайтпек?


Төл газеттің осы жылдың 1 мамырындағы №34 (8435) нөмірінде «Сыр анамыз суалмасын!» деген мақалада: «Сырдария өзені – Қызылорда облысының экономикалық тұрақтылығының негізі. Дария болмаса ел өмірінің мәні кетеді. Содан болар тұтас облысты «Сыр өлкесі» деп атаса керек-ті» деп дарияның маңызын дәйектеп: «Соңғы жылдары өзен суы тартыла бастады. Енді кетпен ұстаған диқандар мен төрт түлігін түлеткен малшылар Сырдың суына алаңдаулы. Көктемгі егіс науқаны басталды. Дарияның суы қандай деңгейде? Биыл су тапшылығы болмай ма?» деп негізгі мәселені ортаға тастап, арнайы мамандардың пікірін білген едік.
Сол кезде Шардара су қоймасынан секундына 400 куб су түсуде, бұл күрішті жинап алуға жетеді дегенді естідік. Көңіліміз орнына түсіп, Сырдың суалмағаны жақсы деп түйіндедік.
Кеше диқанға жағымсыз ақпар естідік. Яғни 11 тамыздан бастап Шардарадан 250 текше метр су босатылады. Судың көлемі азайса қайтеміз? Мұның шаруаларға тигізер зияны жоқ па? Алажаздай еткен еңбегі далаға кетпей пе? Осы сауалдың төңірегіндегі мазасыз ойларды сала мамандарымен бөліскен едік.


Ерте көктемнен Сырдария өзенінің суы жылдағыдан аз болатыны айтылды. Мұндай болжам жасауға «Тоқтоғұл» су қоймасында жылдағы мөлшерде су жиналмағаны негізге алынды. «Шар­дара» су қоймасы да өз кемеліне келе алмады. Оған Өзбекстандағы бірнеше су қоймасын қосыңыз.
Міне, тамыз айы ортасына да таяп қалды. Ала жаздай еткен еңбегінің нәтижесін көрер уақытта «Шардарадан» түсетін судың көлемі азайып, диқан­дардың түнгі ұйқысын төрт бөлді.
«Жаңақорғансушар» өндірістік учас­кесінің су пайдалану бөлімінің бастығы Марат Бердиев күрішті ерте еккен шаруа қожалықтар судың көлемі азаюынан зардап шекпейтінін алға тартты.
– Дәл қазір Сырдария өзені арқылы аудан көлеміне секундына 400 текше­метр су келіп тұр. Оның ішінде Келінтөбе магистралды каналына секундына 30 текше метр, Сунақата магистралды каналына секундына 3 текше метр, Сумағар су жүйесіне секундына 0,3 текше метр су жіберіліп, егістік сумен тұрақты қамтамасыз етілуде.
Алайда, 11 тамыз сағат 08.00-ден бастап «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзеніне 250 текше метр су босатылуда. Бұл су көлемі біздің ауданға 5 тәулікте жететінін және 30 текшеметр судың булануын, құмға сіңуін ескерсек, 16-17 тамызда дариямен секундына 220 текшеметр су келеді. Бұл дәнді дақылды кеш еккен шаруа қожалықтарға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бұл тығырықтан шығуда насос сорғыларын қолдануға, қашыртқы суларын қайта пайдаланып, суды ысырыпшылыққа жол бермей, бірлесе жұмыс істеу қажеттігін туындатады, – деді ол.
Иә, күріш дән байлаған кезде суды қажет етеді, олсыз күрмекке айналады. Дәнді дақылды кештеу суға бастырған шаруа қожалықтар қыркүйек айында ғана суды тартып, орақ салуға дайындалады. Оған дейін 10-12 күн бар.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлі­мінің мамандары 7000 гектар күріш дақылының суын байлау, ору және суға бастыру графигі бекітіліп, сәйкесінше, 545 гектар күріш дақылының суы байланғанын білдік. Жылдағымен салыс­тырғанда су деңгейі бірнеше есе төмендеді. Әйткенмен егіншілерге еңбегін ысырапсыз жинап алуға мүмкіндік бар.
– Қыркүйетің алғашқы он күндігінен бастап күріштің суын тартамыз. Әзірге судың келуі жақсы. Енді егінді әртараптандыруға көңіл бөлуіміз қажет екенін түсіндік. Келесі жылы бұршақ тұқымдастарын, майлы дақылдарды егуге де көңіл бөлсек деп отырмыз. Бұрын тәжірибемізде болмаған. Алайда тәуекелге бел байлау керек, – деді «Елім-ай» шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Жұмаділлаев.
Қаратөбелік «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы Құлмағанбет Исахановтың айтуынша, судың азайғаны сезіле бастады.
– Биыл 140 гектар күріш еккен болатынбыз. Күріштің бірнші егілгенін тамыздың 20-на қарай судан бассақ, кейінгі еккені қыркүйектің 10-15-не дейін суда тұруы тиіс. Егер су жетіспей жатса қолдан келетін бар амалды істейміз, – деді ол.
Су тапшы болса, еккен егінің далаға кетіп, есіл еңбегінің еш кеткені. Егінді жинап алғанша диқаншының әр күні қымбат.
Айта кететіні, Сырдың төменгі ағысындағы аудандар судың тапшы­лығын қатты сезінбеуде. Оларға Шардарадан 250 текше метр су жетемін дегенше бір ай уақыт кетеді екен. Оның үстіне, ол аудандарда су тоспасын іске қосуға мүмкіндік бар. Біз ғой, судың сағасында отырғанымызбен судан қина­лып қаламыз.
Қалай болғанда да, біздің шаруа қожалықтар егінді әртараптандырудың маңызын терең түсініп, бетбұрыс жасауы тиіс. Бүгінгі күннің ақиқаты осы. Оны мойындау керек. Болмаса зор шығынға батасың...

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
---
17 тамыз 2021 ж. 624 0