Міндеттен оз да, әдептен озба!
«Елдің көзі – елу». Ұлт ұлағатының астары терең, мәні – халықтан ештене жасыра алмайсың дегенге саяды. Расында, қай басшы қандай іспен айналып жүргенін ел-жұрт жақсы біледі. Тіпті еңбекке жарамсыздық парағын ашып алып, шипажайларда демалып жүрген басшылар жайлы әңгіме ел ішінде желдей есіп жүр.
– Аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Мадиярұлы, аудандық ауруханамен бірлесіп еңбекке жарамсыздық парағын аштырған бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне зерделеу жасап отырыңыз. Тиісті деңгейде қадағалау болмаса ойына келгенін істеп жүргендер жетерлік. «Ауырып жатырмын» деп шипажайда шалқасынан жатқан шенеуніктер туралы ақпарат ағыны маған да жетті. Бұл мәселе асқына берсе ауыздықтау ауыр болады. Сондықтан бақылау мен қадағалауды күшейтіңіз, – деп аппарат басшысына баса талап қойды.
Естеріңізде болса, маусым айында өткен аудан әкімі аппаратының мәжілісінде мемлекеттік қызметшілердің киім үлгісі сынға ұшыраған. Кеңсе мәдениетіне келетін киім үлгісі сақталу керек.
Бүгінгі мәжілісте тағы бір мәселе маздай жөнелді. Жиналысқа жинақы жиналатын жолдастардың алақаны артық зат көтеруге арналмаған секілді. Мәжілісте көтерілген мәселе, түрлі тапсырманы жады мықтылар ғана жаттап алатын шығар, ал, ұмытшақ адамға ауыр-ақ. Бұл жәй ғана біздің пікір, ал, шынтуайтына келсек, қызметкер қаламсабы мен кітапшасыз қарусыз жауынгер емес пе? Осы тұрғыда аудан әкімі не деді десеңізші...
– Кәне, мәжіліске кім қандай дайындықпен келді? Анықтап алайық! Кімде күнделік (блокнот) бар? – деді ол.
Масқара болғанда, онға тарта ауыл әкімі е қаламы жоқ, е күнделігі жоқ болып шықты. Тойға келгендей «тойып» тұр. Бұл жағдай аудан басшысына ұнамады.
– Міне, сіздердің жұмысқа деген көзқарастарыңыз осындай. Осыдан кейін жұмыста қалай сапа болады. Аудан әкімінің аппарат мәжілісінде кемшіліктерімізді бағдарлап, алдағы межені белгілейміз ғой! Осындай жауапты жиынға келгенде қажетті тапсырмаларды түртіп алып, орындау керек қой! Осыны білмейсіздер ме? – деп Руслан Рүстемұлы ауыл әкімдерінің моральдық принциптерін естеріне салды.
Қаныбек Абдуов,
Нұрлат Байгенже