Блок-бекеттер қашан ашылады?
Жаңақорған ауданында карантиндік қатаң режим жеңілдетілді. Кент ішілік бекеттер алынды. Тек Жаңақорған кенті мен ауылдық округтерге кіретін блок бекеттерде белгілі ережеде қарым-қатынас жасалуда. Біз осы пост бекеттерінің тыныс-тіршілігі және тұрғындар білуге тиісті ережелер турасында тарқата жазсақ.
Аудан әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов блок бекеттердің бүгінгі жұмысымен таныстырды.
– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының Бесарық ауылдық округы тұсында санитарлық блок-бекет орналасқан. Жаңақорған кентіне кіретін төрт жолға және ауылдық округтерде блок-бекеттер қойылды. Бүгінде блок-бекеттер қызметі жүйеленді. Кезекшілікте тұратын мемлекеттік және полиция қызметкерлері, медицина саласының мамандары жауапкершілікпен қызмет атқаруда, – деді ол.
Қазір көктемгі егіс науқаны қыза түсті. Түркістан қаласы жабылғандықтан аудан орталығындағы сауда орындарына келіп-кететіндер көбейді. Осындай кезде Жаңақорған кентіне қатынауды реттеу маңызды. Сондықтан ауылдағы ағайындар аптасына 3 күн 06.00-ден 18.00-ге дейін келіп-кете алады. Мәселен, Бесарық, Манап, Талап, Қосүйеңкі, Қыраш, Бірлік, Жайылма, Сүттіқұдық, Сунақата, Төменарық және Шалқия кентінің тұрғындары аптаның тақ күндері, Сыр беткейдегі Жаңарық, Байкенже, Өзгент, Қожакент, Келінтөбе, Түгіскен, Қаратөбе, Қандөз, Көктөбе ауылының тұрғындарына жұп күндері жол ашық. Ал сенбі мен жексенбі күндері блок-бекеттерден ауыл адамдары өткізілмейді. Тұрғындар жолға шықпас бұрын осыны ескеріп, алдын-ала кестені білген абзал.
Коронавирус кең тараған кезде халық қарым-қатынасты азайтып, бей-берекет жүрісті тыюы керек. Қазір эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Бірақ бәрін жеңдік деуге әлі ерте. Осындай сын сағатта 08.00-ден 20.00-ге дейін аудан қауіпсіздігі үшін блок-бекеттерде тік тұрып қызмет етушілерге оңай емес. Мұны бекеттерге арнайы барып, бірнеше сағатқа бақылағаннан кейін байқадық.
Бесін уақыты. Күннің қызуы жер-төңіректі қыздыра түсті. Ары-бері көлікпен сабылған жолаушылар легі тоқтар емес. Сансыз жолаушыға ақпарат таратып, карантиннің ережелерін айтып, ескертіп, сұрақтарға жауап беріп, әкімшілік шаралардың маңызын айтып тұрған Жасұлан Бейсенбеков аудан әкімі аппаратының сенімді өкілі. Таң атысынан күн батысына дейін созылатын қарекеті осы. Әрбір жолаушыларға қоғам қауіпсіздігін, отбасы қауіпсіздігін, ел қорғанысының алғы шарттарын ұғындырып, вирустың қауіптілігін түсіндіруден шаршаған емес.
Қолмен ұстап, көзбен көрмеген вирусқа халықтың қорқынышы болғанымен, оның зардабын әлі де толық түсіне алмай отырғаны анық. Әр адам әртүрлі. Бірі ортақ тәртіпке бой ұсынса, бірі саясат теңейді. Сенбейді. Айтса, күле қарайды...
Хош! Сонымен сапарлаушылар ең алдымен нені ескеру міндетті? Біз сауалды пост бекетіндегі медицина қызметкері Ербол Бакировқа қойдық.
– Қауіпсіздік ең алдымен халықтың өзіне қажет. Маскалы режимді ұстанып, көлігінде антисептик салғандар бар. Дегемен тұрғындар арасында вирусқа күмәнмен қарайтындар аз емес, – деді медицина маманы.
Медицина қызметкері алдымен посттан өтушілердің дене қызуын өлшеп, қызуы бар болған жағдайда арнайы карантиндік аймаққа жібереді. Алыстан келушелер 14 күн карантинде оқшауланып, сосын шаңырағына жіберіледі.
Блок-бекеттердегі полиция қызметкерлерінің де жұмысы қарбалас. Күнде өзгеріп жатқан талаптар, шыдамсыз жолаушы, оған қоса ауа райының тұрақсыздығын қосыңыз, бәрі таңның атысы, күннің батысына дейін тұратын қызметкерлерді әбден шаршатты, қажытты. Оны ондағы қызметкерлердің түр-әлпетінен бірден тануға болады. Бірақ қызметке деген адалдық олардың бойына күш-қуат береді. Мұндай талпынысты Жайылма бағытындағы блок-бекетте тұратын мемлекеттік қызметкер Ақылжан Жүсіповтен, полиция қызметкері Наурыз Қожахметовтен және т.б көруге болады.
Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары Айбол Жолдасбаев тәртіпке бағынудың өзі азаматтық парыз екенін сөз етті. Ол коронавирустың таралмауына, отбасының аман болуына әрбір азамат түсінгенде ғана қауіпсіздік күшейетінін жеткізді.
– Карантинде режимнің талаптары жөнінде халықтың ақпараттылық сауаттылығы аса жоғары емес. Бізде ағайынгершілікті алға тартады. Ортақ тәртіпке бағынбайдың амал-шарасын жасаудың жолдарын іздейді. Мұның әрекетті қатаңдатылған карантиндік режим кезінде куә болдық, – дейді ол.
ТҮЙІН. Блок-бекеттердің жұмысы 25 мамырға дейін созылғаны белгілі. Алайда жауапты мамандар аудан аймағында коронавирусты біржақты ауыздықтамай, бекеттер жұмысы жалғаса беретінін түсіндірді...
Мақпал МАРҚАБАЙ