№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «ҚОРҚЫТТЫҢ АБАЙ-СӨЗБЕН КҮЙІН ЖАЛҒАП, СЫР ЕЛІ, САҒАН КЕЛДІМ СЫЙЫМДЫ АРНАП...»

«ҚОРҚЫТТЫҢ АБАЙ-СӨЗБЕН КҮЙІН ЖАЛҒАП, СЫР ЕЛІ, САҒАН КЕЛДІМ СЫЙЫМДЫ АРНАП...»



Қалқаман Сарин. Есімі қалың жұртшылыққа танымал Шығыс Қазақстаннан шыққан шайыр. Ақын өлеңдері нәзік те сазды, сыршыл иірімдерімен, ой мен сезім үндескен әсем үйлесімімен ерекшеленеді. Қоңыр мұңға құрылған мөлдір лирикасы арқылы көпшілікке танылған талантты ақын. Жазба поэзияның жүгін көтерген Қалқаман Саринмен сенбілік сұхбат төрінде тілдесудің сәті түсті. Әуелі аз-кем ақынның әдебиет әлеміндегі шабытты шығармашылығы бағаланған белестерді бағамдасақ. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты һәм «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы. Ол – «Арманымның бейнесі», «Құс жолындағы керуен» атты қос бірдей жыр жинағының авторы. Бүгінде ақындықпен қоса журналистиканы қатар алып жүрген Қалқаман Айымғазыұлынан ең алғаш қалам ұстап, қара өлең жазғанда қанша жаста болғанын сауал еттік.
– Әрине, ол мектеп қабырғасы екені айқын. Ә-дегеннен қалам ұстап, қара өлең жазып кеттім деп айта алмаймын. Алғашқыда білім ордасындағы мәдени шараларға белсенді қатыстық. Қара домбыраға қатты құмар болмасақта, дана Абай мен заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың туған өлкесіненбіз. Өзімнен алдыңғы ағаларым, апаларымның барлығыда әнші. Жалпы ауылда Сариндер әулеті өнерлі. Ең үлкеніміз Ербол Сарин. Ол Жәнібек Кәрменовтен дәріс алып, дәстүрлі ән мектебін тәмамдаған. Ал, Гүлмира Сарина апайым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Негізі отбасында 12 баламыз. Бірімізден қалған қара домбыраны біріміз алып, домбыра мен гитараны қатар үйренген жайым бар. Ауылдағы әлгі күй тартыс, мектепішілік айтыс аламанына қатысып жүріп шықты ғой ақындық деген. Біздің мектеп бітіретін тұсымыз 1994 жылы мұқым республика, оның ішінде Абайдың туылған жері Абай ауданында дана Абайдың 150 жылдығына дайындық қатты жүріп жатты. Әрбір мектепте «Абай оқулары», әдеби кештер сынды әр түрлі мәдени сайыстар болатын. Солардың ішінде қызу қайнап жүріп, біздегі бойдағы өнерді орта оятты ма деп ойлаймын.
Тоғызыншы сыныпта класс жетекшім Сәуле Тұрсынғалиева деген апайымыз мектепішілік айтыс өтетінін хабарлап, маған «он бірінші сыныптың қызымен айтысасың» деп қолқа салды. Апайымызда қара жаяу емес еді, ақындығы болатын. Содан елу шумақ өлеңін жазып берді. Жыр шумақтарын жаттап алып, айтыс алаңына шықтым. Өзімше бәрін айтып болып, қарсыласыммен қоштасамыз деп отқанда сөз кезегін қайта маған берді. Сол сәтте қанда бар қасиетті қозғай отырып, қиында болса бір шумақ өлең шығаруға тура келді. Міне, сол кезден бастап, мектеп басшылығы мен ұстаздарым менің бойымдағы өнерді байқап, республикалық, облыстық, аудандық конкурстардың бірде біреуінен қалдырмай қатыстырып отырды. Кейіннен түсіндік мұның бәрі шыңдалу екен.
– Аға, әдебиет әлемінде өзіңізге кімді ұстаз тұтасыз?
– Алдыңғы буынның бәрі ұстаз маған. Десе де, білім нәрімен сусындаған алтын ұя ауылдағы сынып жетекшім Сәуле Тұрсынғалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақыт Тұрсынғалиева, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Төлеген Сүлейменов сынды ұлағатты ұстаздарым бойымдағы талабымды ұштап, шыңдалуға себепкер болды. Ал, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тек менің ғана емес, кітап арқылы бірнеше буынның ұстазы. Фариза апамыздың да өлеңдерін сүйіп оқыдық. Әдеби ортаның шығармашылық тұрғыда шыңдалуға әсері мол. Дейтұрғанмен, ақындық Алладан берілетін талант.
– Бүгінде жас ақындардың шығармашылық қабілетін қолдау мақсатында «Қазақ радиосынан» «Қауырсын ғалам» авторлық бағдарламасын жүргізуді қолға алдыңыз. Бір сағаттық бағдарламаның жас буынға берер тәлімі мол. Жалпы ізіңізден ерген ақынжанды іні-қарындастарыңызға көңіліңіз толады ма?
– Әріптестік тұрғыдан көңіл толады. Ал, аға буынның кіші буынға деген көңілі қашанда толмаған. Дегенмен жас іні-қарындастарымызға үлкен үмітпен қарап, оларға мүмкіндік беру керек. Олар жазып жатыр, және ізденіс үстінде. Емін еркін шығармашылықпен айналысуына жағдай жасауымыз қажет. Уақыт өте, есейгеннен кейін өзі-ақ сұрыпталып шығады. Уақыт пен халық деген екі үлкен өлшем бар. Яғни, шын ақынның бағасын адам емес, уақыт пен тарих береді.
Жас ақындарға ағалық қолдау көрсету мақсатында бір ғасырға жуық тарихы бар Мұқағалидың, Әбділданың, Төлегендердің саңқылдаған дауысы қалған қасиетті қара шаңырақ «Қазақ радиосынан» «Қауырсын ғалам» бағдарламасын жүргізудеміз. Облыстардан ел білмейтін, жұрт білмейтін, бірақ әдеби орта ғана танитын жас ақындарды шақырып шығармашылығын шыңдаудамыз. Бұл бағдарламаға Қызылордадан Биболат Сәтжанов есімді ақынды арнайы шақырғанымыз бар. Өте жақсы ақын. Болашағынан көп үміт күттіретін сыршыл ақын. Жыр шумақтары да мөлдір таза. Осылай ізімізден ерген іні-қарындастарға рухани қолдау көрсету аға буынға борыш.
– Аға, Тәуелсіздік жайлы толғамаған ақын жоқ шығар. Байқағаным аудан көлеміндегі патриоттық бағыттағы мәдени шаралардың сіздің «Тәуелсіздік» атты жыр жолдарыңызды жас өрендер жатқа айтып жүргенінің талай куәсімін. Жалпы, азаттықтың ақ таңы атқан Тәуелсіздік ұғымының қадір-қасиетін қайтсек асқақтатамыз?
– Әлемдегі кез-келген ұлт үшін ең үлкен байлық, ол – тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болмасақ, Мәңгілік ел бола алмаймыз. Тәуелсіздіктің әрбір сәтіне қарыздармыз. Тек азаттығы бар ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады. Ана тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті сынды баға жетпес құндылықтары арқылы тәуелсіздіктің шоқтығы қашанда биік тұрады. Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайтпас қайсарлық бабалардың аңсары – бүгінгі азат күнге жеткізді. Ауызы дуалы хан мен билерден, білек күші мен жүрек күші бірінен бірі өткен баһадүр батырлардың, кешегі ызғарлы желтоқсанда жандарын пида еткен боздақтардың қанымен келген Тәуелсіздік – сіз бен бізге аманат. Сондықтанда баға жетпес құндылықтың қадірін білу – бүгінгі ұрпаққа борыш. Отанға деген махаббат бір сәтке болса да қалғып кетпеуі тиіс.
– Соңғы сауал болсын, аға. Дана халық «ақыннан қал сұрама, жыр сұра» дейді. Кешегі Сыр сүлейлерінің соңғы тұяғы Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов, Құлан Алдабергеновтердің басқан топырағына келіп тұрып, сізден бірауыз жыр шумақтарын сұрамасақ айып болар...
– «Сабақты ине сәтімен» демекші, Сыр еліне арнайы жазған өлеңім бар еді. Еш жерде жарияланбаған. Ешқандай жыр жинағыма енбеген. Міне, осы жүректен шыққан жыр шашу «Жаңақорған тынысы» газеті арқылы қалың жұртшылыққа жол тартсын. Әуелі аз-кем туындының тарихына тоқталсам. 2012 жылы Бердібек Сапарбаев ағамыз Шығыс Қазақстан облысында әкім болып тұрған кезінде Қызылорда қаласында Шығыс Қазақстанның мәдени күндерін өткізді. Сол кезде шұғылалы Шығыстан шыққан дүл-дүл әншілер мен облыстың шығармашылық ұжымдарының қатарында өзімде шығыстың тумасы ретінде жас ақындардың көшін бастап келгенім бар еді. «Сыр елі-жыр еліне» табан тіреп тұрып, жыр шумақтарын жазбай кету мүмкін бе?

Кеп тұрмын ұлы жерге ұлы жерден,
Армысың қобыз дала күңіренген.
Анасы алты алаштың сыр елі бұл,
Баласы бар қазақтың нұрын емген.

Сөз жебе атылғанда сүлейлерден,
Хас жаудың құты қашып үрейленген.
Будабай, Тұрмағамбет, Нұртуғандар,
Сөйлесе соққан желдей дүлейленген.

Қорқыттан қалған қоңыр қобызға ұқсап,
Қу дала құлазиды. Оғыз. Қыпшақ.
Сенің өр намысыңнан желкен жасап,
Жарқ етіп шығар ма едім теңізге ұстап.

Келеді, келер бір күн күліп айдың,
Шайылып тұнығына ұлы қайғым.
Аптыққан ақжал толқын жағаны ұрар,
Ақмаржан күрішіндей Ыбырайдың!

Бес күндік бұйырса да фәни-жалған,
Ғибратты ғұмыр қалған Ғанилардан.
Мұстафа-бар түріктің нар тұлғасы,
Арманы ажырамас ар-иманнан!

Бұйырған кетпейді ешбір бақыт қашып,
Ертіс тұр ернеуінен асып-тасып.
Жатсың ба, аңқаң кеуіп Аралым-ай
Шөліңді алшы, қане, басып-басып!

Қорқыттың АБАЙ-сөзбен күйін жалғап,
Сыр елі, саған келдім сыйымды арнап.
Қастерлім, қасиеттім, сені жырлау –
Білгенге, баға жетпес бұйырған бақ! – деп, оқығаным бар еді.
Рахмет, аға! Шабытыңыз шалқи түссін!

Әбдісамат ӘБДІШ.
27 ақпан 2018 ж. 1 895 0