» » » «ЫЛДИДАН ШАУЫП, ТӨСКЕ ОЗҒАН»

«ЫЛДИДАН ШАУЫП, ТӨСКЕ ОЗҒАН»


Қазіргі кезде қазақ журналистикасының абыз ақсақалдары қатарынан ойып орын алған қаламгер Кенжебек Әбдімәуленов Жаңақорған топырағынан шыққанымен мақтанамыз. Шерхан Мұртаза айтқандай, «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» Кенжекеңнің радиоқобдишасын иығына артып алып, Қазақстанның қай қиырын алсаңыз да, табаны тимеген өңірі жоқ шығар. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, «Сыр сұхбат» төріне Кенжекеңді шақырып, біраз сыр тарқаттық.

– Әңгіменің әлқиссасын әріден бас­тасақ. Жүгі ауыр журналистикаға қалай келдіңіз?
– Алғаш еңбек жолымды 1967 жылы аудандық Мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі қызметінен бастадым. 1974 жылға дейін аудандық мәдениет үйінің әдіскері, мәдениет бөлімінің аға инспекторы қызметтерін атқардым. Жастың аты жас ойға-қырға шапқылап, ауданның мәдениет саласын дамытуға үлес қосып, малшылар мен егіншілерге үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, мәдени жұмыстардың жақсаруына, көркемөнерпаздар үйірмесін жандандыруға белсене араласқанымды мақтан етемін. Сөйтіп, ел-жұртпен араласып, мол тәжірибе жинақтадым. Соның нәтижесінде 1974-1975 жылы комсомол комитетінің нұсқаушысы, есеп және қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарып жүрген кездерімде осы тәжірибем жақсы жүзеге асты.
– Аға, біз ес жиғалы радиоқо­бди­ша­ңызды жастанып ұйықтайты­ныңыз­ды жақсы білеміз. Радиохабар­ла­рын жасауды кәсіби түрде қашан меңгердіңіз?
– 1975-1981 жылдары аудандық «Комму­низм жолы» (қазіргі Жаңақорған тынысы) газетінің еңбекші хаттар бөлімінің меңгерушісі болдым. Аудан өмірінің айнасында күрішшілер мен механизаторлардың, малшылар сынды еңбек адамдарының қажыр-қайраты туралы очерктер, репортаждар, мақалаларды көпшілік қолдан-қолға тигізбей оқитын. Шопандар саптама етіктерінің қонышына тығып алып, туыстарына мақтанып көрсететін. Еңбек адамына шын мәніндегі қамқорлық сол кездерде шынайы жасалатын. Содан әбден ширыққан тұсымда Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына еркін шығып, ондағы қызметіме де 36 жыл болған екен.
– Кеңес дәуірінде «Шалқар» радиосы­нан қоңыр дауысты үніңізді жиі ести­тінбіз...
– Иә, бұл саладағы еңбек жолымды 1982 жылы Қазақ радиосы ақпаратты сазды, әдеби-музыкалық «Шалқар» бағдарламасы, яғни «Жаңалықтар» қызметінде қатардағы редакторлықтан бастадым. «Шалқар шаңырағы» радио журналының ашылуына себепкерлердің бірімін. Әр жарты сағат сайын беріліп тұратын жаңалықтармен түрлі айдардағы хабарды жүргізуге белсене атсалыстым. Әсіресе, халықаралық жағдайды кеңінен насихаттайтын «Телетайл» лентасынан берілетін хабарды тікелей әуе толқынынан жүргізуімді тыңдарман қауым үлкен ықыласпен қабылдады. 1985 жылы Қазақ радиосының «Насихат хабарлары» бас редакциясында алғашында редактор, одан кейін аға редактор болдым. «Қарышты Қазақстан», «Миллиондардың лениндік университеті», «Бүгінгі күннің өзекті мәсе­лелері» айдарларымен берілетін хабар­ларға елімізге белгілі тұлғалар белсене араласты. 1987 жылы Қазақ радиосындағы ауылшаруашылығы бас редакциясы «Ауыл өмірінің» бөлім меңгерушісі болдым.
Ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан ауыл адамдарының тіршілік тынысын, «Дала дидары», «Дала шұғыласы» радио журналдарымен малшыларға арналған бір сағаттық «Кең өріс» бағдарламасында көрсеттік. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары «Ақ бидай» бағдарламасын да кеңінен насихатталды.
– Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары үкіметтік бағдарламалармен танылған жоқсыз ба? Тікелей эфир бағдарламаларының алғашқы буыны да сіздер емес пе?
– Негізі маған журналистика өте ұнай­ды. Себебі, көшедегі қайыршыдан бастап, мемлекеттік деңгейдегі кез-келген басшы­мен емін-еркін тілдесе аласыз. 1992 жылы «Насихат хабарлары» бас редакциясының бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болдым. 1998 жылы Қазақ радиосындағы «Шалқар» ұлттық бағдар­ламасының бас редакторлығына тағайын­далдым. 1998 жылы 22 наурызда Қазақ радиосында алғаш рет 4-студия «Үкімет арнасы» тікелей әуе толқынына шықты. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасының негізінде дайындалды.
Ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы, экономикалық өсу, Қазақстан азаматтарының білімі мен денсаулығы және әлеуметтік жағдайы, энергетикалық ресурстар, инфрақұрылым, көлік және коммуникация, кәсіби мемлекет басымдықтары бойынша арнайы роликтер дайындалып, хабар легі осы тақырыптар негізінде өрбіді. Оған Үкімет басшылары, министрлер мен әкімдер, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, жалынды жастар мен өнім өндіруші кәсіпкерлер белсене араласты. Тікелей хабарда тыңдаушылар тарапынан қойылған сауалдарға басшылар жауап беріп қоймай, шешімін күткен мәселелердің уақытылы шешілуіне ықпалын тигізді. Бұл хабарға радио тыңдаушылардың ықыласы мен ризашылығы, жаудырған алғысы мол болды.
– Бұрынғы Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан­ға қашан келдіңіз?
– 2002 жылы Астана қаласындағы меншікті тілші, 2003 жылдан Қазақ радиосы Астана студиясының редакторы, «Ел мен жер», «Үкімет арнасы», «Астана – жаңа қала» сынды хабарларды жүргіздім. 2007 жылы Астана телерадио орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы, директордың кеңесшісі, «Қазақстан» ұлттық арнасы үйлестіру бөлімінің үйлестірушісі және аға үйлестіруші қызметтерін атқардым. 2009 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ақпараттық және сараптамалық дирекциясы тілшілер қосынының шеф-редакторы болдым. Облыстар мен алыс және жақын шетелдердегі меншікті тілшілермен тығыз байланыс орнатып, өңірлер мен сол елдердегі жаңалықтарды телекөрерменге дер кезінде жеткізіп отыруға ерекше мән бердік.
– Соңғы сауал болсын. Қазір енді 70-ке толғаныңызбен әлі ширақ көрінесіз. Осыншалықты шығармашылық әлеуе­тіңіз бола тұра қол қусырып үйде қарап отырмаған боларсыз?
– Иә, 2007 жылдан бастап ҚР Президенті іс басқармасы, «Президенттің телерадио кешені» коммерциялық емес акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі ретінде ұжым жұмысының жандануына үлес қосып келемін. Шүкір, елге еткен еңбек елініп, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісі мен Қазақ радиосы мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай екі мәрте Ә.Байжанбаев атындағы сыйлыққа және «Құрмет» орденіне ие болдым. Оған қоса, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреатымын.
– Рахмет, сұхбатыңызға

Сұхбаттасқан Ескендір ЕРТАЙ.

30 наурыз 2019 ж. 1 958 0