№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өз ісінің шебері болған адам

Өз ісінің шебері болған адам

   Көп жылдар ішкі істер бөлімінде табысты қызмет істеп,милиция капитаны шенінде зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагері Әбусейіт Әбдіраманов ағамен  бұрыннан таныстығымыз бар еді.

  Ол кісінің кезінде  аудан көлемінде орын алған бірнеше күрделі қылмыстарды ашудағы көрсеткен  кәсіби алғырлығынан да хабардар болатынмын. Бірде сәті түсіп,Әбекеңмен кең отырып әңгімелесудің реті келіп қалды.Сол жолы ол кісі өзінің өткен өмір жолынан біраз жайттарды айтып берген еді.Өз ісінің нағыз майталман шебері болған Әбекеңнің сол әңгімелерін қаз қалпында оқырмандар назарына  ұсынуды жөн көрдім. Сонымен сөз Әбекеңде:
   1960 жылы армия қатарындағы үш жылдық борышымды өтеп келіп Жаңақорған аудандық ішкі істер бөліміне милиционер болып орналастым.Сол кезде бұл мекемеде барлығы он екі адам жұмыс жасайды екен.Алматыдағы милиция мектебіне сырттай оқуға түстім.Ол кезде қазіргідей қалта телефондары жоқ,арнайы көліктер де тапшы кез,жаяу жүретінбіз,тек қоғамдық көлік тегін болатын. 1970 жылы мені Лавлодар қаласындағы милиция мектебіне алты айлық  оқуға жіберді.Сол жерде қылмысты іздестіру бағытындағы кәсіби  бағдарлама бойынша арнайы дайындықтан өттім.Оған қосымша бұл оқу орнында  жауынгерлік самбодан дәрістер өткізіліп тұрды.Мен осы дәрістерге тұрақты түрде қатысып, қылмыскерлермен бетпе бет  келгенде қолданылатын арнайы тәсілдерді  маңдай терімді төгіп жүріп игердім.Кез келген жағдайда қылмыскермен айқаса алатындай машықтарды меңгердім.Осы алты айлық оқуды бітіріп,бұрынғы учаскелік инспектор жұмысыма қайта кірістім,ол кезде мен дарияның арғы бетіндегі совхоздардың бәріне қарайтынмын.Жұмыс тәртібіне сай учаскелік инспектор өзіне тиесілі аймақта  бір күн ГАИ инспекторының міндетін атқарып,көлік тексеруге  міндетті болатын.Қараша айының бір күні  Сырдариядан салынған понтон көпірге келіп,көліктерге тексеру жүргізе бастадым.Ол кезде көпір арқылы көлік сирек өтетін.Сағат азанғы ондар шамасында Задарья совхозы жағындағы жолмен  мотоциклге мінген орыс жігіті  келді,артындағы қоржынынан қосауызды мылтықтың  ұңғысы шығып тұрды.Ол тоқтауға берілген белгіге бағынбай көпірге түсіп кетті.Понтон үстінде көлікпен қатты жүре алмайды.Қайықтардың арасы ашық,байқамаса суға құлап кету қаупі бар.Мен де оның артынан қуа көпірге түсіп,орта жолға барғанда оған қуып жетіп,қоржындағы мылтықты суырып алып қалдым.Ол ұзамай тоқтай қалып,маған қарай   айбат шеге: Мылтықты әкел,әйтпесе мен сені қазір суға лақтырып жіберемін,өлігіңді де таппай қалады, деп тұра ұмтылды.Денесі еңгезердей жас жігіт екен. Келе мені ұрмақшы болып  сілтеген қолынан ұстай алып,оның алға ұмтылған екпінін бәсеңдетпестен,үйреншікті  машықпен төбемнен асыра лақтырып,қайық үстіне шалқасынан түсірдім.Дереу бассалып үстінен басып,тұншықтыру тәсілін қолданып,әлсіреттім де өзінің белдігімен қолын артына  қайырып байлап тастадым. Міне, осылайша кезінде арнайы дайындықтан өткенімнің пайдасын көрдім,милиция қызметкері үшін мұндай дайындықтың таптырмас қару екеніне көзім жетті. Тәртіп сақшылары үшін осындай  арнайы машықтарды игеру бірінші кезекте тұруы керек. 
1974 жылы қылмыспен күрес бөлімінде инспектор едім,тергеуші болмағандықтан қосымша тергеушілік қызметті де қоса атқарып жүрдім. Бір күні,сәуір айының бас кезінде кабинетіме аудандық қаржы бөлімінің бастығы Дүйсенбаев Бекмахан мен өзімнің бастығым,подполковник Махатов екеуі келді.Олар мені арнайы бір тапсырмаға жіберуді ұйғарған екен.Осыдан бір жылдай уақыт бұрын қазіргі Кейден ауылының өрісте жүрген он бір бас саяқ жылқылары жоғалып кеткен.Қайда кеткенін ешкім білмейді.Жуырда сол жоғалған мал иелерінің ішінен біреулері Шымкент облысы Бөген ауданындағы асыл тұқымды жылқы өсіретін Шалдар совхозының өрістегі жылқыларының арасынан өздерінің жоғалған үш тайын таниды.Жылқышылардан сұрастырғанда  жөнді жауап ала алмайды.Жоқшылар сол маңда тұратын жекжаттарына барып әңгімелескенде мынадай жайттар белгілі болады.Шалдар совхозының жылқыларын Қызыл көпір деген жерде тұратын,жасы жетпіске келген,елге белгілі баукеспе Сатыпалды дегеннің  інілері  мен туыстары бағады екен.Сатыпалдының арнайы жасақталған екі топ ұрылары бар.Олар ауық ауық  жортуылға шығып Қарағанды,Жамбыл,Қызылорда облыстарынан,тіпті Қарақалпақ жерінен барымталап,үйірлеп жылқы әкеледі.Артынан  қуып келгендер болса,теңдік бермейді.Сатыпалды жас  кезінде Совет үкіметіне қарсы күрескен топтарға қатысқан,басынан көп нәрселерді өткерген кәнігі  сайыпқыран  ұры  болған кісі екен.Есебін тауып,өзіне қарсы келгендердің  көзін жойып жіберген оқиғалары да кездескен дейді. Сонымен мен осы жоғалған жылқыларды іздеуге аттандым.Мал  иелері  бір жүк көлігін жалға алған екен сол көлікке отырып, қасыма Ахметов Асылхан деген милиционерді және де мал жоғалтқандардан екеуін  қосып алып Шалдар совхозы қайдасың деп тартып кеттік. Бірақ қолда көрініп тұрған, бұлтартпас нақты айғақ жоқ. Төрткөл Шәуілдір тас жолының орта тұсына барып тоқтадық. Айнала елсіз жерде үйір үйір жылқылар қаптай жайылып жатыр.Мұның бәрі сол Шалдар совхозының жылқылары екен.Сол маңайдағы жергілікті тұрғындармен сөйлесіп,дәйек боларлық ешнәрсе таба алмадым.Екі күндей уақытымыз босқа кетті. Содан  келіп жоспар құрдым. Заңға қайшы болса да Сатыпалды шалға тікелей қоқан лоққы жасау керек деп шештім.Ол үшін ол кісіні есебін тауып оңаша алып шығу керек.Осы оймен Қызыл көпірге келіп,ауылдан сырттау жерге орналасқан Сатыпалдының үйін тауып алдым.Үйде бір қапсағай бойлы еңгезердей қарт кісі намаз оқып жатыр екен,өзге ешкім көрінбеді.Намазын оқып болған соң,жөн сұрастық.Сатыпалды осы кісі екен.Мен Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі екенімді,аты жөнімді айтып,бір іс бойынша ол кісіден жауап алуым қажеттігін,сондықтан оның қазір менімен бірге Бөген аудандық ішкі істер бөліміне жүруі керектігін айттым.Ол ешнәрсе деместен машинаға мінді.Мен жүргізушіге алдын ала сол баяғы жылқылар жатқан жерге баруын тапсырғанмын.Сол жерге барып тоқтап жол жиегінде бір төбе бар екен,шал екеуміз сол төбенің басына шықтық.Осы жерде мен ол кісіге былтыр Жаңақорғаннан жоғалған саяқ  жылқылардың жоқшысы екенімді білдірдім.Ол кісі мына айнала жатқан жылқылар Шалдар совхозының  асыл тұқымды жылқылары екенін,өзінің ағайындары осында жылқышы болып жұмыс жасайтынын,өзінде бала шаға жоқтығын,Құдайға мінажат жасап,тыныш өлім тілеп жүргенін айтты.Мен шалға төтесінен тиісіп,егер  мен іздеп келген жылқыларды түгелдеп берсе айқай шусыз қайтатынымды айтқанымда,ол: Денің дұрыс па,ұрлағанымды,сатқанымды мойныма қоятын дәлелің жоқ,мен неге біреудің жоғалған жылқысын төлеуім керек деп,қарсы уәж айтты.Мен бұл жерге  келмей тұрып оның өткен өмір тарихын зерттеп білгенімді,өз еркімен малды қайтармаса, мал иелерінің арызына сүйеніп,оны қартайған шағында Жаңақорғанның түрмесіне қамайтынымды,тек оның өзін ғана емес,жаңағы жылқыда жүрген ағайындарын да кезекпен шақырып қамауға алатынымды,сол кезде олардың бала шағаларының Жаңақорғанға қарай шұбыратынын,және сондай  күн туған кезде,  міндетті түрде ши шықпай тұрмайтынын,соның нәтижесінде оның басқа да былықтары ашылатынын түсіндірдім. Малымды алсам осы жерден қайтатынымды,артынан ешқандай сөз шықпайтынын,бұған көнбеген жағдайда оның бар былығын ашып,абыройдан жұрдай қылатынымды,ағайындарының біразы сотталып кететінін айтып,ойлануға он бес минут уақыт беремін,ауырмаған жағыңызбен жатыңыз дедім де шалдың өзін жеке  қалдырып  машинаға қарай кеттім. Мен қайта келгенімде оның  жуасып қалғанын сездім.Талай сойқанды көрген әккі адам ғой,ерегіскенмен өзіне жаман болатынын аңғарған екен.Ол сол жерде малды төлеуге келісті.Алыста бір атты кісі жүр еді,соны машинемен шақыртып алды.Құрық сүйреткен жасы қырықтар шамасындағы  жылқышы екен.Шал одан,үш тайдың қасында төрт бие жүр ме деп сұрап еді,ол жүр деді.Сол жетеуін ана қойшының қорасына қамап ұстаңдар да,мына машинаға тиеп жіберіңдер деді.Әлгі жылқышы ләм деместен шауып кетті.Мен қалғанын қайдан аламыз деп едім,ол Төрткөлден жиырма км жерде он үшінші бригада деген жер бар,ертең қалғанын сол жерден аласыңдар деді.Бір машинені тоқтатып Сатыпалдыны соған мінгізіп үйіне жібердім.Жаңағы айтқан шопанның қорасына қас қарая жетсек,жеті жылқы қамаулы тұр екен.Жылқыларды машинеге тиеп,Асылхан мен мал иесінің біреуін ауылға қайтардым.Оларға  ертең Төрткөлге келіп күтіңдер деп дайындап,екінші мал иесі екеуміз сол қойшының үйіне қонып шықтық.Ертеңіне Төрткөлде бәріміз қайта жолығып,он үшінші бригада деген жерге келдік.Жылқыларды дәрілеп жатыр екен.Түс қайта ол жердегі жұмыстар аяқталды.Бір уақытта бір жылқышы келіп,бізді бір қораға ертіп әкеліп,құлынын қосқанда алты бас жылқыны машинеге басып берді.Сонымен бұрынғы алғанды қосқанда  жалпы саны он үш бас болған  жылқыларды алып түнгі сағат екілерде Жаңақорғанға жеттік.Ертесіне жұмысқа барғанымда Бекмахан ақсақал мен бастығым маған рахметін айтып, ризалықтарын білдірді.Мен аяқ астынан малдарынан айырылып,сорлап қалған адамдарды аядым,сол үшін де істі тындыруға бар күшімді салдым.Менің өмір бойы қылмыс әлемінде жетекшілік етіп келген кәнігі баукеспені бейбіт жолмен мойнсұндырып,оған алған малдарын өз еркімен төлетіп алғаным ел арасында аңыз боп тарағанын кейін естідім.Қылмыскерге  қарсы кейде осындай да тәсіл қолдануға тура келеді.
   1987 жылы  аудан көлемінде ылғи да қой ұрланатын бір жағдай орын алды.Осындай ашылмай тұрған ұрлық саны он төртке жеткен екен.Бөлімде арнайы жиналыс болып,сол кездегі бастығымыз Италмасов қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлерін қатты сынға алды.Менің  ол  кездегі жұмысым басқа еді.Бірақ  жиналыстан соң мен қылмыспен күрес бөліміне барып,жүргізіліп жатқан істермен таныстым.Сонда менің аңғарғаным: Ұрылар  қойларды ылғи да аптаның екінші күнінен үшінші күніне қараған түнде алып отырған.Және де бір қызығы,әрбір екі ұрлықтың арасы тура жиырма сегіз күнді құрап отырған.Осы көрсеткіштерді саралай келе мен мынадай қортындыға келдім.Ұрылар малды Түркістандағы жұма базарына апарады,өйткені басқа жерде ондай мал базары жоқ.Үлкен жексенбі базары  болмаса біздің ауданнан жұма базарға адамдар бармайды,сондықтан олар таныстардың көзіне түсіп қалудан қорықпайды.Және де ұрланған малдардың саны әр жолы  төртеу бесеуден аспайды,яғни ұрылар жеңіл автокөлік пайдаланады.Содан отыра қалып есептеп  ұрылар кезекті  әрекеттерін жасайды ау деген күні түннен барып шекарада тұрып Қызылордалық нөмірлі жеңіл машинелерді аңдыдық.Айтқандай ақ  таңғы сағат төрттен аса ішінде ұрланған төрт қойы бар машинені қуып жүріп  қолға түсірдік.Бұл жолы олар малды Сунақата совхозынан алған болып шықты.Олардың
Енді бір мезгіл Әбекең қазіргі әріптестерінің атқарып жатқан жұмыстарына көңілі тола бермейтінін әңгімелеп кетті.Қазіргі мал ұрлығының көбіне ашылмай қалатынына келетін болсақ,оған бірнеше себеп бар дейді ардагер тергеуші.Қандай қылмыс болмасын оны біреу болмаса біреу көреді немесе сезеді.Сондықтан қылмыспен күресетін адам аса бір ыждағаттылықпен іздеп сондай адамдарды таба білуі керек.Ел ішінде кімнің алаяқ не ұры екенін ел біледі,сондықтан халықпен тығыз қарым қатыс орнатып,қылмысқа қарсы халықты жұмылдыра білу керек.Және бір қажетті нәрсе ол ұрылардың қолданатын негізгі әдіс тәсілдерінен қылмысты іздейтін кісі толық хабардар болғаны керек.Онсыз нәтиже жақсы болмай қала береді.Мәселен біздер кезінде Шиелі,Түркстан,Кентау  қалаларындағы мал ұрлайтын топтарды,олардың басшыларын,ұрлықы малдарды қайда өткізетіндері  жайлы жақсы біліп тұрдық.Тау беткейден ұрланған  малдарды  дариядан асырып жіберу,сыр бойынан алынған малдарды тау шатқалдарына  жасырып тастау немесе елді мекендердегі арнайы қораларға бөліп бөліп кіргізіп жіберу ұрылар үшін үйреншікті тәсілдер еді. Үй тонаушыларға видеокамералар арқылы едәуір тосқауыл қоюға болады,ал мал ұрлаушыларға қарсы видео қолдана алмайсың ғой.Олар көбіне елеусіз,қалтарыс жолдарды пайдаланады,көліктері жабық болады,не апара жатқанын сыртынан біле алмайсыз. Жалпы алғанда қоғамдық тәртіп сақшылары өз ісінің шеберлері бола білмесе жұрт алдында абыройлы бола алмайды.Олардың кәсіби деңгейлері өте жоғары болмаса,өздеріне зиян.Өз ісінің қыр сырын жетік білмей соқыр кісі сияқты жұмыс істесе одан тәуір нәтиже шықпайды.Қазіргі күні зейнетке шыққан ардагерлердің арасында өте іскер,қабылетті,қылмыспен күрес тәсілдерін жетік  меңгерген,тәжірибесі мол кісілер жетерлік.Олар неге өзінен кейінгі ізбасарларына өз  тәжірибелерімен бөлісіп,іс жүзінде практикалық көмек көрсетулеріне болмайды?Ол заңға қайшы емес қой.Осы жағын ойластырып көрсе ортақ іске көп пайдасы тиген болар еді,бөріктінің намысы бір дегендей мүмкіндік тудырып жатса біз қазіргі жастарға қуана қуана көмек беруге дайынбыз деп аяқтады ардагер өз әңгімесін. 

Әбекеңмен әңгімелескен Әбибулла Шер. 
                
14 қаңтар 2019 ж. 1 443 0