№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жүректе қалған жара

Жүректе қалған жара

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағында ұлттық санасы ширыққан, намысты қайсар буынның өсіпжеткендігін әйгіледі. Желтоқсаншылардың қақ ортасында болып, Мәскеудің шешіміне қарсылық көрсеткен студент жастар арасында Жаңақорғандық Дүйсенкүл Үсенова да бар еді. Өміріне өшпестей ізін қалдырған сол бір қиынқыстау күндерді ол былай еске алады:

– Мен ол кезде ауылшаруашылығы институтының 5 курс студенті едім. Біздің жатақханымыз орталық алаңға ұзақтау еді. Әуелгіде жастар алаңға шыққанын білген жоқпыз. Алаңға 17-күні таңертеңнен жинала бастадық. Менің жанымда құрбым бар еді. Оның ағасы біздің университетте оқытушы болатын. Содан ол ағама кесірі тиіп кетпей ма, кідіре тұрайық деп артқа қайттық. Негізі сол күні түнде біздің жастарды ұрып-соғып, суық су шашып, әбден қорлаған екен. Біз 18 күні сабаққа барғанды осындай оқиғаның болғанын естіп, топтағы қыздармен бірге алаңға беттедік. Бойымызды намыс билеп, «біздің қаракөздерімізді қорлап жатса, біз неге тыныш отыруымыз керек» деп ешнәрседен тайсалмадық. Дәл сол уақытта бізде қорқыныш болмады. Алаңға барсақ қарулы әскерлер 5-6 қатар болып жастарды қоршап тұр екен. Бірақ жастардың қарасы азайып қалыпты. Құр қол жастарды қатыгездікпен мұздай қаруланған жасақ қоршап тұр. Біз қоршаудағылардың қатарына қосылдық. Бір кезде ортадан бір азаматтар «Кішкене сабыр сақтайық, біздің азаматтар үкімет үйіне кірді, олар талап-тілектерін айтып шығады, соларды күтеміз» деп тұрғанда лек-легімен үстіне қарулы сарбаздарға толы көліктер келе бастады. Содан айналамыздағы жігіттер қыздарды қорғап, қолдарынан тартып сыртқа шығарғысы келіп еді, әлгі әскер бірден лап қойғанда ешнәрсеге шамамыз келмей қалды. Менің аяғымда етігім тайғақ еді, жерге құлап түстім. Көз алдымнан әке-шешем, бауырларымның бейнесі бір мезетте өтті. Көзімді ашсам шинелді біреу желкелей түскені сол әзірбайжан офицер «қыздарға тимеңдер» деп бұйрық беріп, мені шетке көлегейлеп қоршаудан шығарып жіберді де, «қаш» деді. Ешнәрсеге қарамай жүгіріп бара жатып, биік цементтен секіріп түстім. Жанында «Береке» деген гастроном болатын, сол жердегілер есігін ашып, «кіріңдер, кіріңдер» деп көп жастарды қорғап қалды. Біз алаңға барғанда ешқандай жастар басбұзарлыққа барған жоқ. Тек «қазаққа қазақ басшы керек» деген талабымызды қойдық.

Көп уақыт өтпей микрофонмен «Жастар, араларыңда бұзақылар бар. Олар сендерді арандатып жатыр» деп айта бастады. Артынша арнайы жасақ бізді қоршап, артымыздан қуып, ұрып-соға бастады. Арамыздағы ер-азаматтар қыздарды қорғаштап, бізді ала-мала қолтықтап қашты. Күннің ызғары соншалық, орталық алаң әп-сәтте мұз алаңына айналды. Суықтан жаурап, денеміз қалшылдап, аяғымыз мұзға тайды. Бірақ бұл жастарды жасытқан жоқ. Біз алаңнан кетуді ойламадық, – деп еске алып үнсіз қалды апа.

Менің де апайдың үнсіздігін бұзуға, жанарындағы мұңды көре тұрып, ары қарай сөйлеуге батылым бармай, үндемей отыра бердім.

– Қазір айтуға оңай, сол жылғы желтоқсан айындағы дүрбелең көз алдымнан еш кетпейді, жүрегімнің түбінде мәңгі сақталатын жара ғой! Кейде ойға алсам, денем түршігеді. Еңгезердей сарбаздар ешкімді аямады. Арқаға, басқа, денеге тиген соққылар есеңгіретті. Олар ешкімді де аяп жатпады. Мұздай темір құрсанған қызыл жендеттерді көргендегі қорқынышымызды бойды буған намыс қуып шыққандай, ұлттық мүдде жолында табандап тұрып алдық – дейді ол.

Шыны керек, желтоқсан оқиғасының нағыз куәгерімен сөйлескеннен кейін бойымды ерекше бір сезім билеп, санам сан сауалға толып кетті. Менің осы күйімді байқады-ау деймін, Дүйсенкүл апай әңгімесін әрі қарай жалғай түсті.

– Осылай жастарды аяусыз ұрып-соғып, негізсіз айып тақты. Шетінен ұстап алып, көліктеріне тиеп, айдалаға апарып, адам құрлы көрмей төге берді, төге берді. Сонда жастар рухани қолдау көрсететін адамға зәру болды, – деп еріксіз күрсінді.

Иа, Дүйсенкүл апа бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ана, аяулы жар. Кейіпкеріміз аудандағы аумақтық инспекцияда өсімдіктер карантині жөніндегі инспекцияның бас маманы болып қызмет етеді.

Әсел Рзаева

19 желтоқсан 2023 ж. 3 132 0