№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҮДДЕСІ

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҮДДЕСІ

   Желтоқсанның сол бір аязды күндерінде аппақ қар қызыл қанға боялған, алаңға барып ой-мақсаттарын бейбіт түрде жеткізбек болған армандары аяқасты болған замандастарымыздың бейкүнә жанарлары еске түсткен сайын жүрегім сыздап қоя береді. Бұл оқиғаның қараланып, соңына сүргін түскені сондай «мен желтоқсанға қатыстым» демек түгілі сол оқиғаның куәгері болдым деуге үрейленіп, үндемей қоя салушы едік қой. Осы күндері «Мен желтоқсанның қатысушысымын, қанталапайдың қақ ортасында болғанмын» деп кеуде керіп, долбарлап естелік айтушылар көбейді. Тіпті желтоқсаншыларға жағдай жасалады екен, пәтер берілуі мүмкін деген жеңілдіктерден дәмелері де жоқ емес. Сол бір ызғырық ескен желтоқсанның қарлы аязында жүрегін ту етіп, алаңға асыққандар келешек осындай қамқорлықты тілеп шығып па еді?


    Олар тепсе темір үзетін, қажыр-қайраты бойда тасқындаған қазақтың өрімдей бозбалалары мен желкілдеген қызғалдақтары еді ғой. Оларға өз елінің ешкімге тәуелді емес, жалтақтамайтын, атар таңы арайлы, келешегі жарқын азаттығы бәрінен қымбат еді. Олардың бойында осы уақытқа дейін кең даланы жайлап, асқақ ән-жырымен тербеп келген ата-баба рухының ұшқыны сөнбеген болатын. Сондықтан да қара көжесін қайғысыз ішіп, жылы төсекте жайбарақат жатуды ар көріп, ұлт басына күн туғанда ең болмаса жүрек үнін жеткізуді мұрат тұтты.

  Желтоқсан оқиғасы қазақ тарихында бір-ақ сәтте халық толқынына айналып кете барған сан жылдар іште тұншыққан тоталитарлық режимге деген ашу-ызаның лықсып сыртқа шығуы болатын.
КПСС орталық Комитетінің Пленумында 15 минутта шешілген қазақ елінің тағдыры, яғни республиканың басшылығына қазаққа мүлде бейтаныс тұлға Г.В.Колбиннің тағайындалуы тұрапы информациялық хабар елге таралысымен бұл жолсыздықты санасына сидыра алмаған намысты азаматтар легі талап-тілектерін білдірмекті мақсат етіп, ел астанасы Алматының орталық Брежнев алаңына ағылды.
Бұл бір күнде пісіп-жетілген саяси талап емес-ті. Бұл соңғы кезде әбден шиеленісіп, кемеліне келіп тұрған мәселе еді. Өйткені ұлттың мүддесін аяққа таптап, көрер көзге кемсітушілік жағдайлар барынша асқынып бара жатты. Алматы қаласының өзінде 800-дей қазақ мектептері мен балабақшалары жабылып, ұлт тілінде оқытатын бір ғана білім ошағы қаладағы 12 қазақ мектебі қалды. Жоғары оқу орнына да студенттер қабылдауда қазақ жастарына шектеу қойылды. Қарапайым өмірде, қоғамдық орындарда, көпшілік жайларда қазақ ұлтына кәдімгідей шетқақпай көзқарас қалыптасып, намысқа тиетін әділетсіздіктер жаппай орын ала бастаған тұс еді. Енді өз ұлтымыздан басшының тағайындалмауы іште булыққан ашу-ызаны одан әрі ширықтырғаны рас. Жастарымыз ақиқатты ту етіп, әділдігін айтуды азаматтық парызымыз деп түсінді. Кеңестік тәрбенің өзі жас ұрпақты осындай рухта Отаншылдыққа, елді сүюге, ерлікке, патриотизмге тәрбиелеген жоқ па? Сондықтан да біздің буынды сендер неге шындықты айтып, шырылдап алаңға шықтыңдар деп жазғыру да қате.

  Аяусыз жаншылып, құны тарқатылған көтерілістің соңы тергеуге, қамауға, түрмеге жабуға ұласты. Шеруге қатысқан жастардың барлығына алаңда түсіп қалған фотолары бойынша іздеу салынды. Оқудан шығарылды, еңбектен аластатылды. Желтоқсаншыл жастарға күйе жағылып, «ұлтшыл» деп айыптап қана қоймай, оларды «Халық жауы» етіп көрсетуге ұмтылған пыйғылдар өз дегеніне жетуге асықты. Бірақ шындықтың бетін ашып, әлемге жария етуге жанын сала ізденіп жұмыс жасап, ғазиз басын бәйгеге тіккен Мұхтар Шаханов сынды азаматтардың терең ақылды айламен ұштастырған жанкешті қадамдары арқасында желтоқсан көтерілісіне шынайы баға берілді. Алаңға аңғал үміттерін арқалап шығып, армандарын тыңдата алмаса да табанды талаптарымен тоталитаризмнің сірескен тоңын бұзып, тынышын алған қайсар жастардың арқасында еліміз құрсаудан босап, еркіндікке қол жеткіздік.

                                                                                                                                                  Баян ҮСЕЙІНОВА.
18 желтоқсан 2018 ж. 1 105 0