Өнегелі ұл – Өмір жалғасы
1993 жылы мамыр айында Бексұлтан кенеттен бақиға озып кеткенде бұл жиырма төрт жаста екен. Осы кезге дейін әкесінің қасынан қарға адым ұзамай қабағына қарап келген қағілез балаға енді үлкен салмақты жауапкершілікті жүктенуге тура келді. Әке ғұмыры ерте үзілсе де ән ғұмыры мәңгілік. Осы сенім оның қолтығына қанат бітірді. Әкесінің қара баянын иығына іліп, сахнаға жарқ етіп шыға келгенде әлі күнге дейін үлкен-кішіміз Бексұлтан қайта тіріліп келгендей көзімізге жас алып, құдіреттің шеберлігіне одан әрі басымызды иеміз.
Осы жақында ғана Әбсұлтан «ҚР Мәдениет саласының үздігі» белгісіне лайық деп танылды. Ол бұл атаққа бұдан көп жылдар бұрын ұсынылғанында өзінің бас тартқан жағдайы бар. Өйткені өздері білім саласында тер төгіп жүрсе де аудан мәдениет саласы жұмысында ерек қолтаңбалары бар Құлахмет Нәлтаев, Бәден Айсынов деген ағалары алдымен алу керек ол атақты деген ұстанымда болды.
Енді бүгін алдыңғы толқын ағалардың ізімен өзі де осы мәртебені иеленіп олтырған өнер адамы еңбегінің жанғанына қуанулы.
Біз де аудан халқының ортақ мақтанышы – Әбсұлтан Бексұлтанұлымен осы бір мерейлі сәтте кең отырып тілдескенді жөн көрдік. Жалпы Байкенжеевпен қай кезде болсын жолыңыз тоғысып, хал-жағдайын сұрай қалсаңыз оның әңгімесі ешуақытта өзі туралы өрілген емес. Оның бар әңгімесі, арман –дерті бүгінде өзі басқарып отырған аудандық Мәдениет үйі жанындағы Бексұлтан Байкенжеев атындағы шығармашылық өнер ұжымының хал-күйіне ойысып жүре береді. Өнер адамының бар мұраты әке атында қалған мұралардың мұртын бұзбай келесі ұрпаққа табыс етуге арналып келеді деуге болады.
Ол бүгінгі сұхбатында да Бексұлтан Байкенжеевтің келер жылы жетпіс бес жылдығына әзірлік шаралары туралы әңгімеледі. Мерейтойды облыс орталығында өткізсек деген жоспары бар екен, аудан әкімі қуаттап, дайындық шараларына дем берді.
1969 жылдың 1 қаңтарында студент ата аналары тұрып жатқан жатақханада дүние есігін ашқан нәресте кіндік қаны төгілген осынау қараорыннан бүгін де қара үзген емес. Оның себебі бар. Ол кезде Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда пединститутына қарасты жетінші корпусының жоғарғы этажы осындағы музыка факультеті студенттерінің жатақханасы болған. Қазір бұл мекенде дәстүрлі ән институты жұмыс жасайды. Бір бөлігінде Тәңірберген Қалауов атындағы сынып ашылды.
Әке аманатын арқалаған есті ұлға енді есік жағалауға тура келді. Сөйтіп, сол кездегі институт ректоры Қылышбай Бейсеновке кіріп, ұсынысын айтты. Ұсынысы ә дегеннен қолдау тапты, 2019 жылдың көктемінде фольклорлық нақыштағы дәстүрлі ән институты жанынан Бексұлтан Байкенжеев атында хор аудиториясы ашылды. Көрмеге композитордың өзінің тұтынған заттары мен баян аспабы және құжаттарының көшірмесі қойылды.
Бұл атаулы ордада сазгер-әншіні еске алу кештері жиі өткізіліп тұрады. Хор репертуарында Бексұлтан Байкенжеевтің әндері: «Гүлденген Жаңақорған», «Ақ гүлім», «Көркемжан», «Жыл құсы», «Досқа сыр», «Сағынып жүрші», «Асыл жар», «Сырдария», «Бесік жыры» жүйелі насихатталып келеді екен.
Хор капелласына үнемі шақырту алып отыратын Әбсұлтан әркез Қызылорда мен Жаңақорғанның арасын жол қылып, мезгілінде жетіп баруды міндетіне алған. Композитордың заңды мұрагері ретінде көрермендер үшін Әбсұлтанның орны биікте. Облыс әкімінің оркесті құрамында да ол заңды құжатталған. Сол сияқты қаланың Титов елді мекені жағынан ашылған Мадина Ералиева атындағы театр мен оның төлқұжаты «Ақ баян» екеуі ажырағысыз ұғым. Ғимараттың екінші қабатында әншінің мұражайы ашылып, киімдері мен дүние мүліктері тізіліп қойылған.
– Әкемнің қара баянының өзі маған паспорт, – дейді Әбсұлтан. Әкем тірі кезінде мен оны қолға ұстамадым. 92- жылы әкеміздің алғашқы авторлық кеші өтті. Облыстық телевидение және «Хабар» агенттігінің түсірірілімі болды. Папамның қырық екідегі кезі. Темір Тайбеков, Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Мадина Ералиева, Зейнеп Қойшыбаева сынды өнер майталмандарын самолетпен күтіп алдық. Ибрагим Әбибуллаев аудан әкімі, қиын кезеңге қарамастан телевизорға 43 мың теңгесін төлеп берді. Міне, осы шығармашылық кеште Әлмырза Ноғайбаев өз қызы, Қорқыттың студенті Ақмаралға жолын ұсынып, ол сахнада бірінші рет «Қымыз құйғышты» орындады. Ол әріптес досына «Сен де бұл жолы ел алдына ізбасарың – Әбсұлтанды шығарсаң» деп ұсыныс айтты. Сонда әкем «Ертең өзі шығады» деп еді. Осы күні ойлаймын, нәзік кеуде енді аз уақыттан кейін өзінің өмірден өтетінін сезді ме, келешек қара баянын иығынан тастамай кемдігін толтырып, есімін өшірмей кіндігін жалғап жүрер қарашығына таудай сенімін сол сөзіменақ жеткізіп тұрғандай. Бірақ мұны ол кезде кім парықтай алған?
Сазгердің дарын қуатын мойындататын бір ғана әні – «Гүлденген Жаңақорғаны» туған жеріміздің Гимні тәрізді. Жаңақорған туралы неше ән жазылды, бірақ Бексұлтан Байкенжеевтің әні өзіндік табиғатымен солардың барлығынан биік тұр. Осынау дара таланттың мұрагері – Әбсұлтанның өміршең туындысы қай кезде дүниеге келер екен?
Бұл сұрағымызға Әбсұлтанның өзі былай деп жауап берді.
– Ақын Хадиша Баязитова менің әкем, өзінің шәкірті Бексұлтан көз жұмғанда «Саф алтын сазгер түлегім, арқалап аппақ арманды. Халқыңның дархан жүрегін, тербетіп жүрер ән қалды» деп тебірене жыр жолдарын жазып еді. Саф алтын дүние тудыру оңай емес. Кейде құлағыма келген жаңа үнді пернеге салып, жүректен өткізіп көрем, 200-300 адамдық хорға келетін жойқын әуен көкке шарықтап санамды тіліп өткендей болады. Бірақ ұшын ұстай алмай келем. Әрненің сәті бар. Ұлылықтың жарқылындай ғажайып үн ғашық көкірекке бір күн қонар , сол кезде өздеріңізбен бөлісетін боламын, – деді сеніммен.
Осы жақында ғана Әбсұлтан «ҚР Мәдениет саласының үздігі» белгісіне лайық деп танылды. Ол бұл атаққа бұдан көп жылдар бұрын ұсынылғанында өзінің бас тартқан жағдайы бар. Өйткені өздері білім саласында тер төгіп жүрсе де аудан мәдениет саласы жұмысында ерек қолтаңбалары бар Құлахмет Нәлтаев, Бәден Айсынов деген ағалары алдымен алу керек ол атақты деген ұстанымда болды.
1969 жылдың 1 қаңтарында студент ата аналары тұрып жатқан жатақханада дүние есігін ашқан нәресте кіндік қаны төгілген осынау қараорыннан бүгін де қара үзген емес. Оның себебі бар. Ол кезде Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда пединститутына қарасты жетінші корпусының жоғарғы этажы осындағы музыка факультеті студенттерінің жатақханасы болған. Қазір бұл мекенде дәстүрлі ән институты жұмыс жасайды. Бір бөлігінде Тәңірберген Қалауов атындағы сынып ашылды.
Баян Үсейінова