№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Көңілге қуаныш сыйлады

Көңілге қуаныш сыйлады

Әне-міне дегенінше оқушылардың мектепке баратын уақыты да жақындады. Алты ай жаз бейқам жүрген ата-анаға тықыр таянып, баласының киім-кешегі мен құрал-сайманын түгелдеп, базар жағалап жүр. Бірақ барлығының бірдей бала-шағасына жан-жақты жағдай жасауға мүмкіндігі келе бермейді. Міне, осындай осал топтағы отбасыларға «Мектепке жол» акциясының шарапаты тиеді. Біз осы турасында ізденіп көрдік.
Бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына қол ұшын созатын ел азаматтары артып келеді. Әсіресе солардың қатарында аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы және «Байкен-U», «Қызылқұм» ЖШС-ын айрықша атауға болады. Олар жыл сайын дәстүрлі түрде республикалық «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырумен қатар қолдау көрсетіп келеді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Жан-жақты демеу білдірген аталмыш мекеме ұжымдардың қайырымдылық акциясына қауқары жөнінде, аудандық білім бөліміне барып, арнайы маман Ұлан Бимбетовпен тілдесіп қайттық.

– Ата-ананың бар байлығы, өмірінің мәні – бала. Сондықтан оларды қуанышқа бөлеу әрбір азаматтың міндеті. Міндетті оқу қорынан берілетін көмек туралы: ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысында міндетті оқу қоры есебінен берілетін көмекті қаржылай беру бойынша өзгерістерге сәйкес көмек қажет ететін отбасылар тізімі нақтыланып (АӘК тағайындалған отбасы балалары) қаржысы білім беру ұйымдарына берілген.

Қазіргі таңда әр мектеп бойынша жұмысшы тобы құрылып, қажетті құжаттар тізбесі бойынша ата-аналардан өтініштерін қабылдау жұмыстары жүргізілді. 1 балаға 40567 теңгеден барлығы 2668 балаға қаржысы аударылды.

Қалған 216 балаға жұмыс жасалуда. Жыл сайын жүргізілетін дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы бойынша қажетті шаралар қабылданып, білім беру ұйымдарына тиісті тапсырмалар берілген. Бүгінгі таңға дейін «Мектепке жол» акциясы бойынша 450 балаға демеушілер арқылы көмек көрсетілді. Әр білім беру ұйымы 5 оқушыдан 150 баланы оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ, аудандағы өндіріс орындары демеушілігімен «Байкен –У» ЖШС - 86 балаға, «Шалқия Цинк» ЖШС – 90, «Қызылқұм» ЖШС - 82 балаға, барлығы 184 балаға көмек көрсетіп, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етті, – дейді сала маманы.

Осындай қайырымды шаралар қатарында «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры жыл сайын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізіп, мұқтаж отбасыларға көмек қолын созатынын көпшілік жақсы біледі. Акция аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 60 отбасының баласына 60 дана мектеп сөмкесі мен құрал жабдығы табысталды. Оқушылар тізімі кенттегі 8 мектептің әлеуметтік педагогтерінен қатынас хат арқылы алынды. Бұл туралы заңгер Дәулет Тұрабаевтан білдік

– Қайырымдылық жасау әрбір азаматтың борышы. Көпшіліктің қолдауының нәтижесінде биыл 60 балаға арналған мектеп сөмкесін әзірледік. Кент орталығындағы барлық мектепті қамтуға тырыстық. Тізім бойынша жасына лайықты етіп, арнайы таңдап алдық. Балаларға қажетті мектеп құралдары қамтылды. Нақты тізіммен әр оқушының талғамына сай ұнағанын табыстап қуанта алдық. Бұлда болса, Жаңақорған жастарының жомарт жандарды ұйымдастыра отырып, жасөспірімдерге жасаған қамқорлығы, – деді ол.

Балаларын жетектеп келген аналардың қуанышында шек жоқ. Тіпті, екі бірдей баласының мектепке дайындығына көзіне жас алған кейуананың бірі:

– Екі оқушы балам интернатта жатып оқиды. Біреуі мектепке енді барады. Мен бұл шараға өте ризамын. Өткен жылы да осы акцияның шарапатын көрдім. Балаларымыз қайткенде қатарынан кем қалмасын деп көмек беріліп келеді. Алғысымыз шексіз, – дейді ақ жаулықты ана.

Біз тек білген, көрген, естіген қайырымды істерді ғана жаздық. Аталған шараға белсенді атсалысып отырған кәсіпкерлер мен меценаттар аз емес. Олар жайлы да жазуға дайынбыз. Иа, ертеңгі күні елге ие болып, тізгін ұстар жастар бүгінгі мектеп оқушысы десек, олардың инемен құдық қазғандай етіп жинар білімі қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс.

Әсел Рзаева

28 тамыз 2023 ж. 1 565 0