№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қайырымы мол Құралай

Қайырымы мол Құралай

«Әйел – өмір шырағы» деген бір ауыз сөзде қазақ қоғамындағы талай нәзік жандының «жарға біткен жантаққа» қол жеткізудегі жанталасы, пешенесіне жазған ғұмырды сәулелендіріп, жарты әлемді нұрландырудағы төккен терінің өтеуі жатқан тәрізді. Міне, сондай тұлғалар қатарында ғұмыры ғибратқа толы, әрбір қадамы тәлім-тәрбиеге ұласқан аудандық мәслихат депутаты, Екпінді ауылындағы №166 мектептің директоры Құралай Үсенқызының бағындырған белесі жайында сөз етуді жөн көрдік.

Жаратқан иеміз әйел-ананы қырық жанды еткен десек, біздің кейіпкеріміздің іс-әрекеті мен өмір сүрудегі дағдысына қарап отырып, «неткен ғажап ана» дер едіңіз. Нәзіктік пен қайсарлық, қайраттылық пен жомарттық, білімгерлік пен іскерлік, ашықтық пен ажарлылық тал бойына жарасым тапқан. Туған жеріне қызмет ету бақыты бұйырған саусақпен санарлық адамдардың бірі Құралай Орынбасарова әр күнін қоғамның дамуы мен халықтың хал-ахуалының түзелуіне арнап келеді.

Ол 1972 жылы 26 қаңтарда Жаңақорған ауданы Сунақата ауылында дүниеге келді. Қарапайым көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, бауырмалдық қасиетті бойына дарыта білді. Балалық шағында дәрігер болуы армандапты. Ата-ананың талабымен ұстаздық жолға бет түзеді. Сунақатаның қайсар қыздары сол кездегі ауылдық кеңестің төрайымы болған табанды тұлға Жақсыгүл Бегманова мен қазаққа әйгілі Әзия Қыстаубаева апайларына қарап бой түзеп, сол кісілердің жолын құрметтеді. Құралай Орынбасарова 1990-1995 жылдары Қызылорда қаласы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтының «Тарих, адам және қоғам тану пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын туған жерінен бастады. Алғаш еңбек жолын 1990 жылы №166 орта мектебіне тарих пәні мұғалімі ретінде бастады. Тәуелсіздік туын көтерген тұста мектептің шырағы сөнбеуі үшін әріптестерімен бірге саналы уақытын сарп етеді. Сын сағатта айлықтабыстың жеткіліксіздігіне де қарамастан ауыл балаларының сауатын ашып, білімге баулуға бар қажыр-қайратын арнады. Міне, сол сын сағаттың нәтижесінде ұжымда беделі артып, ортасында абыройлы бола білді.

Жаратқан сүйікті құлына сынақ береді десек, Құралайдың өмірінде де түрлі сынақтың лебін аңғаруға болады. Соның бірі өмірлік жолдасынан айрылып, төрт бүлдіршінмен ерте қалуы. Ағылшындар «тағдыр саған лимон берсе, шәрбат қып іш» демей ме? Құралай Үсенқызы басына түскен ауыр қайғыны еңсеріп, балаларының келешегі үшін еңсесін тіктеді. Ана жүрегінде «ешкімнен кем етпей, қияға талпындырамын» деген асыл арманы оны биікке жетеледі. Бұл нағыз қайсар қазақ қызының бойында ғана табылатын асыл қасиет!

Қазақ даналығында «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген тәмсіл бар. Біздің кейіпкеріміздің шаңырағында тәрбиелеген ұл-қыздар қоғамда өз жолын тапқан, ел алдында абыройға ие болған жастар деп мақтанышпен айтуға болады. Үлкен ұлы Әділет ауылда шаруақожалықтың иесі, қызы Арайлымның негізгі мамандығы ағылшын пәні ұстазы, заман ағымына сай ірі бизнес бастады. «Ais Muratova» атты ТОО-ның директоры, 270 адамды жұмыспен қамтып отыр және Ais_ nakish атты астау шығаратын цех ашқанын білдік. Бір ғажабы, анасына тартып, үлкен жүректі кәсіпкер мұқтаж жандарға демеуші болып жүргенін жиі естиміз. Ал Ерасыл мен Нұрғасыр кіші бизнес өкілдері ретінде өз істерін дамытып келеді. Міне, жастары отызға толмаған жастар ірі істерге жүресінбей, болашаққа нық қадам жасап, халық назарына ілініп үлгерді. Табысты жастардың негізгі мотиваторы, қамқоршысы, ақылшы-анасы Құралай Үсенқызының заманға деген көзқарасы мен өмірге деген талпынысы кең тұлға екенін халық та мойындайды.

Кейіпкеріміздің өзі басқарып отырған №166 орта мектебінің жетістігі бір төбе. Нәзік жанды басшының қамқорлығына бөленген оқу ордасы білім бәсекесінде биіктен көрініп жүр. Облыстық, републикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, шығармашылық додаларға ат қосып, абыройды иеленіп келеді. Бұл ең алдымен басшылықтың талапшылдығын байқатады.

Әлеуметтік топқа, жікке бөлінбейтін мектеп өмірінде баланың бәрі бірдей жүріп-тұруына мүмкіндік туғызатын бірыңғай мектеп формасын енгізуге де тікелей өзі атсалысып қаржы шығарып, оқушыларға мектеп формасын сатып алып бергенінің өзі не тұрады. Оған қоса, әлеуметтік жағынан аз қамтылған оқушылар үшін арнайы қайырымдылық сөмкесін үлестірді. Жазғы уақытта балалардың лагерьлерде тынығуына жолдама алып берді. Құралай Орынбасарованың демеушілігімен ауыл мешітіне жиһаздар мен 150 адамға арналған ыдыс аяқ алынды. Балалар жылында барлық ауыл баласына велосипед таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Науқас балалардың шетелге емделуіне қамқорлық көрсетті. Осы үрдіспен, биылғы жылы да жазғы уақытты тиімді пайдалану үшін мектептің белсенді 4 оқушысына “Машат” тынығу лагеріне жолдама беріп отыр. Қиындыққа тап болған жағдайда ауыл тұрғындарының көбі осы азаматшаның көмегіне жүгінетіні жасырын емес. Қысқы маусымда отынкөмірден жәрдемін көрген отбасылар қайырымды жанның жақсылығын ұмытқан емес. Кешегі дауылда №194 мектептің шатыры ұшып, әлеуметтік мәселеге тап болған шақта 1,5 млн. теңге қаражат бөліп, әрі ауыл жастарын асарға шақырып, мектеп шатырын оңдатып, оқушылардың оқуының үздіксіз жалғасуына жол ашып, қамқорлығын танытты. Осы ауылдағы үлкен-кішінің бәрі Құралай Үсенқызының қолы ашық жомарттығы жайында жиі айтады. «Қолыңның бергенін көзің көрмесін» дегендей, халық жанашыры өзі істеген бір ісіне мақтанып, жаһанға жар салудан аулақ. Мұның сыры «сауабын алсам болғаны» деген ақ ниетінде жатса керек. Біз жомарт жүректі жан туралы ел ішінде естіген нақты ақпарды сөз еттік. Ал, біз естімеген істері мен елге жасаған қайырымы қаншама десеңізші?! Отбасын да, ағайындарын да, ауылдастарын да кең құшағына сыйдырып, мейірім-шапағатқа кенелткен халық жанашырымен сұхбаттасқанымызда:

– Өмір жолымда Абай ақынның қанатты сөздерін көп үлгі еттім. Еңбек, талап, терең ой, қанағат, рақым болған жерде береке мол. Өз ұрпағыма да, елдің баласына да осы кеңесімді айтып, «тәрбие – ұлттық, білім – әлемдік, табыс – ортақ, ар-намыс – отбасынікі» екенін ұғындырып келемін. Маған сенім артқан халықтың көңілін жықпай, қиындықта демеу арқылы өзім бойыма қуат, сарқылмас рух аламын, – дейді ойын сабақтастырып.

ТҮЙІН. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей нәзік болмысты қазақ қыздарының бойындағы ұлттық нақыш, даналық, тапқырлық және шыдамдылық секілді нарық заманында табыла бермейтін асыл қасиеттерді байқап, Құралай Үсенқызының өмір жолы көпке үлгі болар деген ниетпен осы мақаланы жазған едік. Қылығы мен қызметі жарасым тапқан қазақ қыздарының дара дидары сарқылмай, ұлттық құндылығымыз өрлей берсін!

Мақпал Марқабай

05 маусым 2023 ж. 698 0