№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жанашыр болмыс

Жанашыр болмыс


Бүгінгі қоғамда еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа да білек сыбана кірісетін, сонысына қарамастан бала-шағаның бабын келтіріп, отбасының да ұйтқысы бола білген әйел азаматтар аз емес. Сондай жанның бірі – Алмагүл Жұмаділләқызы. Ол жанарына жылылық, жүзіне мейірім ұялаған үнемі келелі істің басынан табылатын тұлға. Тұла бойына байыптылық пен байсалдылық тұнған, жүрегіне парасат қонақтаған апайымызды бүкіл жаңақорғандықтар құрмет тұтады. Әр ісі толымды нәтижеге ұласқан осынау жанашыр жанды үлкенге де, кішіге де сыйлы еткен аппақ қардай ниеті, балаша аңқылдаған көңілі мен терең білімі дер едік.

  Жүрегіне мейірім мен махаббат ұялаған әйел-ананың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерек. Әйел сұлулықтың символы, отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамды ізгілікке үндейтін тағылымды тірліктердің жаршысы, әлеуметтің әлеуетін арттыратын ілкімді істердің бастамашысы. Осы айтылған ойға лайықты азаматша ретінде кейіпкерімізден әуелі «Неге әйелдер кез келген шаруаны дөңгелетіп кете алады?» деп сұрадық. Сонда еңбекқорлығымен, табандылығымен әйел деген атты абыроймен алып жүрген, жаныңмен жаны үндесетін, ойыңды айтпай түсінісетін жанашыр жан «Кім өз үйіндегі шаруашылықты білікті басқара алса, ол мемлекеттің де шаруасын шашауын шығармай жүргізе алады» деп жауап қатты. Мұнысымен әбден келісуге болады. Өйткені бұл ойға оның басқарушы органда болсын, саясатта болсын табысты қызмет етіп жүргені дәлел.

Осылайша қоғамның дамуына үлесін қосып жүрген Алмагүл Мамирова алғашқы еңбек жолын аудандық өрт сөндіру бөлімінде бастайды. Төтенше жағдайлар қызметі туралы сөз қозғалған кезде әрбір адам ержүрек және батыл ер азаматтарды еске алады емес пе? Бірақ бұл салада ер кісілермен иық тіресе бүгінгі кейіпкеріміз де адал қызмет етті. Ер азаматтарға тән мамандықты адал да, қайсарлықпен атқарып, ауданның азаматтары мен аумағын әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғады. Кей жағдайда тіпті өз жауапкершілігімен ер азаматтардан асып түсіп, осы салаға қырық жылға жуық ғұмырын арнады.

Ал мемлекеттік қызмет саласындағы алғашқы қызметін қоғамдық жұмыс негізінде бастаған Алма Жұмаділлақызы кейіннен әлеуметтік қызметкер, іс жүргізуші, маман, бас маман, бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді. Ал жақында басшылық тараптың ұсынысымен кент әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып жауапты жұмысты абыроймен атқарып келеді. Осы ретте Алма Жұмаділләқызын аудандағы басшылық қызметті тізгіндеген алғашқы нәзік жанды екенін айта кетелік.

– Әр жұмыстың өзіне тән ерекшелігі, ауыртпашылығы, сондайақ алғысы да болады. Қызметтік парызға адалдық, мамандыққа деген сүйіспеншілік, ерікжігер және елгезектік басты ұстанымым. Өмір жолында бұйырған қызмет осы екен. Оған құрметпен қарау менің парызым, – дейді кейіпкеріміз.

Ал жұмыс барысындағы кез келген қиындықты еңсеруде алдымен сауатты іс-қимыл маңызды екенін айтқан ол орын алған оқиға кезінде орынды шешім қабылдауда психологиялық тұрғыда да дайын болуың керектігі жөнінде құпиясымен бөлісті. Расында күндіз-түні үйдің де, қызметтің де, бала-шаға, немеренің де бабын тапқан мұндай жанға кімнің болмасын құрметі ерекше.

Осындай әріптесі жайында кент әкімі Асқар Ибрагимовтің пікірін білген едік.
– Алма Жұмаділләқызының бір жақсы қасиеті қарапайымдылығы. Үлкенге де сіз, кішіге де сіз деп көзінен мейірім, жүзінен нұр төгіліп тұрады. Осы қасиеті мен осы уақытқа дейін атқарған еңбегін бағалап, жақында орынбасарлық қызметке тағайындадым. Ер азаматқа бергісіз қасиетімен кез келген шаруаны тиянақты тындыратыны көпке үлгі. Ұжым ортасында да атақ-абыройы бір өзіне жетіп артылады. Сондықтан мұндай кадр әр салаға керек, – деп өз бағасын берді.

Расында ерен еңбегі басшылар тарапынан да еленген апайымыз қаншама марапаттың иесі атанды. Солардың қатарында «Еңбек даңқы» ордені мен «Үздік мемлекеттік қызметші» марапаты бар. Одан бөлек Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, республикалық, облыстық деңгейде алған «Құрмет грамоталары» да жетерлік.

Көңілі көлдария, көкірегі ояу, ақылы кемел, жүрегі жомарт Алма апайымыз бүгінде 60 жастың асқарына шығып отыр. Жанары туған еліне деген сүйіспеншілікпен жалын атқан, ұлт дегенде тау қопарар қайраты тасқындаған жанашыр апайымыздың бойынан әлі де талай биікті бағындырар жігерді байқау қиын емес. Қойнауына құт қонған, жеріне кие дарыған Жаңақорған өңірі осындай асыл азаматшаларымен асқақ, білікті мамандарымен биік, қарапайым апаларымызбен сыйлы.

Лаура БИБАСАРОВА


07 қараша 2022 ж. 571 0