№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қан қысымы қауіпті дерт

Қан қысымы қауіпті дерт


Бүгінде кең тараған сырқат түрінің бірі – қан тамырының қысымы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, әлемде жыл сайын инсульттан 12 млн. адам бақилық болады екен. Ал Қазақстанда әр оныншы адам осы аурумен ауырады. Республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орында. Ертеректе бұл ауру түрі жасы егде тартқандардың арасында кездесетін болса, бүгінде жасарып кетті. Тіпті, 20-40 жастағыларды мазалай бастады. Біз осы аурудың себеп-салдарын анықтап, неден пайда болатынын білуге тырыстық.

Негізінен, бұл ауру туралы ертеректен белгілі болған. Бірақ жүрек пен тамырды зақымдайтыны уақыт өте келе белгілі болады. Егер осы сырқатқа шалдыққан науқас дер кезінде ем қолданбаса, ол жүректің жансыздануына (инфаркт) немесе жүрек қыспасына (стенокардияға) әкеледі. Жүректің бұлшық еттерін әлсіретіп, оның жұмысын тежейді. Арты миға қан құйылуға, бауырдың нашарлауына ұласуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қан қысымы ауруының өршуіне саламатты өмір салтын дұрыс ұстанбау тікелей себеп болады. Әсіресе жасы ұлғайған адамдарда  артық дене салмағы мен семіздіктің салдарынан қан қысымы жоғарылайды. Шылым шегу, ішімдік ішу, дене қимылының аздығы, тұз бен май деңгейі жоғары тағамдарды тұтыну осы дерттің асқынуына себеп болады. Сонымен қоса, ата-анасында жоғары қан қысымы, жүрек аурулары мен қант диабеті жиі кездесетін адамдар да осы дертке шалдығуға бейім келеді.

Қан қысымы асқынуы – ми, жүрек және бүйрек сияқты өмірлік маңызды органдардың зақымдануына да себеп.

– Бүгінде қан қысымының жоғарылауына шалдыққандар саны жыл санап артуда. Мәселен, аудандық аурухананың терапия бөлімінен бір жылда яғни, 2021 жылы қан қысымына шалдыққан 500-ге жуық науқас ем алған. Қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек. Егер ол 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы болып табылады. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады. Біз мұндай көрсеткіштегі науқасты жоспарлы тексеруге қойып, оның себебін анықтаймыз, – дейді аудандық орталық аурухана бөлімінің меңгерушісі Ришад Жүнісов.

Дәрігердің айтуынша, қан қысымы – қан тамырларының, яғни күре тамырлар мен көктамырлардың қабырғаларына түсетін күш. Қан қысымы артерияларда, қолқада барынша жоғары болады. Қан жүректен алыстаған сайын қысым да азаяды.

Медицина ғылымында ең жоғары қысым систоликалық, ең төменгі қысым диастоликалық деп аталады. Кейде қан тамыры мен ұсақ тармақтарының тарылуынан жүректің жұмысы күшейіп, қан тамыр арнасынан көптеп шығары­лып, қан қысымы жоғарылайды. Мұны – гипертония дейміз. Дегенмен, кейде он адамның біреуінде қан қысымының жоғарылауы бір ағзаның зақымдануынан болуы мүмкін. Алайда, көп жағдайда сырқаттың 90 пайызы бірінші рет басталады. Оны эссенциялдық қан қысымының жоғарылауы деп айтады.

                                                    АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Қазіргі таңда қан қысымының жоғарылауы да, төмендеуі де көп кездеседі. Әсіресе жасы ұлғайған адамдарда қан қысымының жоғарылауы жиі байқалады. Ал, бұл жағдайдың алдын алу үшін, саламатты өмір салтын ұстанған дұрыс.

– Қан қысымының жоғарылауы – қызыл тамырдың ішіне майлы заттардың жиналып қалуын, жүректің ишемиялық ауруын және миға қан құйылуын өршітіп, адам өміріне қауіп тудырады. Қан қысымы мен артериялық тамырлардың зақымдануы өзара тығыз байланысып, бір-бірінің әрекетін күшейте түседі. Сондықтан қазіргі кезде қан қысымы­ның жоғарылауын емдеу қан қысымын қалпына келтірумен шектелмей, қауіп-қатер факторын жоюға бағытталады, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айғаным Тұр­сынханова.

Дәрігердің сөзінше, қан қысымын қалыпты ұстау үшін біріншіден, тұтынатын тағам көлемін шектеу керек. Салмақтың артуы кезінде қан тамырының қысымы жоғарылайды, бұл жүректі салмақпен жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Ал, салмақты азайту өз кезегінде қан тамыры қысымын төмендетуде маңызды рөл атқарады. Екіншіден, пайдаланатын майдың көлемін шектеу. Тамақпен бірге сіңетін майлар, майдан бөлінетін холестерин деңгейінің артуына себепші болады. Ал, холестеринді артық пайдалану артериялық тамырлардың ішіне майлы заттардың жиналып, жүректің ишемиялық ауруының қаупін шұғыл өсіреді. Үшіншіден, тұзды шектеу керек. Өйткені, тұз ағзадағы сұйықты бөгейді. Төртінші, шылым шегіп, ішімдік ішу де өте зиянды.

– Қазір ауданда 2022 жылдың 3 айлық қорытынды бойынша инсульт алған 33 науқас тіркелді. Біз оларды 2 жыл бақылауға аламыз. Негізі, дәрігерлік есепте тұратын адам дәрілерін үзбей ішуі керек. Себебі, дәрі-дәрмекті уақытылы пайдалану – қан қысымының жоғарылауынан сақтап, миға қан құйылудың (инсульт), жүректің жансыздануының (инфаркт) алдын алады. Ескеретіні, дәрінің  белгіленген мөлшерін науқас өз бетінше өзгертуге немесе дәрігердің ұйғарымынсыз ауыстыруға болмайды. Өйткені, дәрілердің кейбірі өзгертулерге жағымсыз әсер тудыруы мүмкін, – дейді аудандық орталық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Татьяна Акулова.

                                         ҚАН ТАМЫРЫНЫҢ ҚЫСЫМЫНА ШАЛДЫҚҚАНДАР ҚАНША?

Аудандық емхананның ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Алмас Мұсаевтың мәліметінше, бүгінде аудан бойынша 4173 тұрғын қан қысымының көтерілуінен зардап шегуде. Оның 1359-ы қауіпті қатерге, яғни, ишемиялық жүрек ауруына шалдығуы мүмкін топқа жататындар. Ауданда өткен жылы қан қысымына шалдыққандардың алдын алу және аурудың қай деңгейде екенін нақтылау үшін тредмил-тест, холтер УЗИ аппараттары алынған. Бүгінде осы аппараттардың көмегімен тексерулер жүргізіліп, қауіпті дерттің алдын алуға мүмкіндік туды.

– Көбіне қан қысымы жоғарылауы кейбір ішкі ағзалардың асқынуынан болуы да мүмкін. Мәселен бауыр, бүйрек ауруының асқынуы да қан қысымының жоғарылауына алып келеді. Сондықтан әр емделуші алдымен толық тексеруден өтіп барып, дәрі қабылдағаны жөн. Бүгінде осы дерттің алдын алу үшін әр 2 жыл сайын жоспарлы тексеру жүргізіп, дерттің алдын алу жолында жұмыстар жасап жатырмыз, – дейді Татьяна Акулова.

Дәрігердің сөзінше, кез-келген сырқаттың алдын алып, оның асқынуын тежеуге болады. Ең бастысы, денсаулыққа бей-жай қарамай, саламатты өмір салтын ұстанып, дәрігер қаралуынан уақыты өтіп тұрғаны абзал.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
05 сәуір 2023 ж. 2 261 0