№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАН ҚЫСЫМЫ – ҚАУІПТІ АУРУ

ҚАН ҚЫСЫМЫ – ҚАУІПТІ АУРУ


Бүгінде кең тараған сырқат түрінің бірі – қан тамырының қысымы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, әлемде жыл сайын инсульттан 12 млн. адам бақилық болса, Ресейде 1 млн. 300 мың адам көз жұмады. Қазақстанның 100 мың тұрғынына шаққанда 181,32-ні құрайды (2015 жылғы есеп). Бұл – Қазақстанда әр оныншы адам осы аурумен ауырады деген сөз. Республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орынды алады. Ертеректе бұл ауру түрі жасы егде тартқандардың арасында кездесетін болса, бүгінде жасарып кетті. Тіпті, 20-40 жастағыларды мазалай бастады. Біз осы аурудың себеп-салдарын анықтап, неден пайда болатынын білуге тырыстық.
АЛДЫН АЛУ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Қазіргі таңда қан қысымының жоғарлауы да, төмендеуі де көп кездеседі. Әсіресе, жасы ұлғайған адамдарда қан қысымының жоғарлауы жиі байқалады. Ал, бұл жағдайдың алдын алу үшін, саламатты өмір салтын ұстанған дұрыс.
– Қан қысымының жоғарылауы – қызыл тамырдың ішіне майлы заттардың жиналып қалуын, жүректің ишемиялық ауруын және миға қан құйылуын өршітіп, адам өміріне қауіп тудырушы басты фактор болып табылады. Қан қысымы мен артериялық тамырлардың зақымдануы өзара тығыз байланысып, бір-бірінің әрекетін күшейте түседі. Сондықтан, қазіргі кезде қан қысымының жоғарлауын емдеу қан қысымын қалпына келтірумен шектелмей, қауіп-қатер факторын жоюға бағытталады. Бүгінде қан тамыры қысымының жоғарлау көрсеткіші 20-дан асқан жастар арасында да кездеседі, – дейді ауданның бас дәрігерінің медико-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары Алғатай Қаратаева.
Дәрігердің сөзінше, қан қысымын қалыпты ұстау үшін біріншіден, жейтін тағамның көлемін шектеу керек. Салмақтың артуы кезінде қан тамырының қысымы жоғарылайды, бұл жүректі салмақпен жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Ал, салмақты азайту өз кезегінде қан тамыры қысымын төмендетуде маңызды рөл атқарады. Екіншіден, пайдаланатын майдың көлемін шектеу. Тамақпен бірге сіңетін майлар, майдан бөлінетін холестерин деңгейінің артуына себепші болады. Ал, холестеринді артық пайдалану артериялық тамырлардың ішіне майлы заттардың жиналып, жүректің ишемиялық ауруының қаупін шұғыл өсіреді. Үшіншіден, тұзды шектеу керек. Өйткені, тұз ағзадағы сұйықты бөгейді. Төртінші, шылым шегіп, ішімдік ішу де өте зиянды.
– Қазір аудан бойынша инсульт алған 109 адам дәрігерлік есепте тұр. Біз оларды 2 жыл бақылауға аламыз. Негізі, дәрігерлік есепте тұратын адам дәрілерін үзбей ішуі керек. Себебі, дәрі-дәрмекті уақытылы пайдалану – қан қысымының жоғарлауынан сақтап, миға қан құйылудың (инсульт), жүректің жансыздануының (инфаркт) алдын алады. Ескеретіні, дәрінің белгіленген мөлшерін науқас өз бетінше өзгертуге немесе дәрігердің ұйғарымынсыз ауыстыруға болмайды. Өйткені, дәрілердің кейбірі өзгертулерге жағымсыз әсер тудыруы мүмкін, – дейді аудандық емхананың невропатолог-дәрігері Жанна Искендирова.

АУДАНДА ҚАНША?
Алғатай Қаратаеваның дерегіне сүйенсек, аудан бойынша 2894 тұрғын қан қысымының көтерілуінен зардап шегуде. Оның 896-сы қауіпті қатерге, яғни, ишемиялық жүрек ауруына шалдығуы мүмкін топқа жататындар. Ауданда өткен жылы қан қысымына шалдыққандардың алдын алу және аурудың қай деңгейде екенін нақтылау үшін тредмил-тест, холтер, УЗИ аппараттары алынған. Бүгінде осы аппараттардың көмегімен тексерулер жүргізіліп, қауіпті дерттің алдын алуға мүмкіндік туды.
– Көбіне қан қысымы жоғарлағанда кейбір ішкі ағзалардың асқынуынан болуы да мүмкін. Мәселен бауыр, бүйрек ауруының асқынуы да қан қысымының жоғарлауына алып келеді. Сондықтан, әр емделуші алдымен толық тексеруден өтіп барып, дәрі қабылдағаны жөн. Бүгінде осы дерттің алдын алу үшін әр 2 жыл сайын жоспарлы тексеру жүргізіп, дерттің алдын алу жолында жұмыстар жасап жатырмыз, – дейді Алғатай Әбітайқызы.
Дәрігердің айтуынша, кез-келген сырқаттың алдын алып, оның асқынуын тежеуге болады. Ең бастысы, денсаулыққа бей-жай қарамай, саламатты өмір салтын ұстанып, дәрігер қаралуынан уақытылы өтіп тұрғаны абзал.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
07 сәуір 2018 ж. 2 879 0