№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Шынайы тілекте шекара болмайды

Шынайы тілекте шекара болмайды


Өзімізбен көрші тұратын кент тұрғыны, тоқсан жастағы кейуана Зинаида Пантелейқызының үй сыртында күншуақтап отырған қарасын күнде бір көріп қаламын. Қасынан мойын бұрмай өтіп кетпей, уақыт бөліп, арнайы бұрылып, есен-саулық сұрасқанға салауатты қарияның үйіп-төгіп беретін батасы даяр.«Өс, өн, қарағым, мен сияқты жүзге кел» деп шын пейілмен ақтарылған ақ тілегін алып қалсақ артық па?

  Ұлты украйн болғанымен, тілі де, ділі де қазақ болып кеткен апаның ақ ниетті ілтипатына қарап, шіркін-ай, шекара білмейтін шынайы тілектің құдіретіне еріксіз бас игендей боласың.

Осыдан жетпіс бес жыл бұрын Омаровтардың отбасына келін болып түскен аққұба өңді украйн қызын Жаңақорған топырағына тәу еткізіп, тамырын кеңге жайғызған қандай мақсат, нендей күш? Кісі кір жуып, кіндік кескен жерін бір күнде тәрк етіп, тау-тас асып кетемін деп ниеттенбесе керек, бірақ тағдыр басқа салғанға қарсы қылар қайраның қане?

Бұл үш жасқа келгенінде үш перзентін жетелеген ата-анасының пойызға отырып, басы ауған жаққа кете баруына тура келген. Донбастың«Сталин» деп аталатын жерінен табан аударған бұларға Қазақстанның топырағында Шымкеттің дәм-тұзы бұйырып тұр екен. Шұбар деген жерге келіп қоныстанды. Бұл жерде орыстар тым аз екен. Кейін «Октябрь» колхозына келіп, қолдан келер байырғы тірішіліктеріне кірісті. Балшықтан сылап, баспана тұрғызып, есік алдына жайқалтып бау-бақша салды. Бірақ, бейбіт тіршіліктің шырқын бұзған қаҺарлы соғыс бұл үйде әкесіне қолқанат болып бой түзеп қалған бозымдай ағаларын көз алдарынан жұлып әкетіп, қайғы жұттырды. Николай еді есімі. Әкесін де жұтпақ еді, қолынан келмейтіні жоқ ұсталығының қажеті артып, зауыттың қара жұмысына жегілді.Темір балқытатын дәу пеште көрік қыздырып, егістікке керекті құрал-сайман соқты.

Соғыс бітіп, ел есін жинағанда бұл он жаста болу керек, тұңғыш мектеп есігін сол кезде ашты. Оқыды деген аты, көп уақыттары егіс даласында ата-аналарына қолқабыспен өтетін. Мақта тереді, масақ жинайды, әйтеуір таусылып бітпейтін бейнетпен балалықтың бал дәмін таттым деп айта алмайды. Осылай жүргенінде жеті кластық білімді түгесіп, өзінің соңынан ерген екі бауыры – Саша мен Володьяға жөн көрсететіндей таным-түйсігі толық қалыптасқаны кәміл. Әрі қарай кім оқығысы келмесін, бірақ ауылдан ұзап шығу үшін қолдау керек, қаражат керек. Оған қол қысқалық етті. Ал бос жүргенді колхоздың қара жұмысына қуатын талап бар, мақта теруден күндік нормасын орындамағанға еңбеккүн жазылмайды. Осындай сәтте көп арқа сүйеген, өзінен тоғыз жас үлкендігі бар, сол жақтағы ағасын сағалап барған төменарықтық мұғалім жігіт Рүстем Омаровтың бұған болысып, екі есе еңбектеніп жүргені тегін болмады. Ол Зинаида аруға ғашық екен. Ал бұл болса мектепте өзінен неше зор толықсыған бойжеткен көз сұғын қадап жүрген мұғалімінің көңілі өзіне ауғаны ақылға сыймайтын істей қаперіне алмапты. Жігіттің жалғыз анасы бар. Әкесіне келіп, құда түсіп, қолқа салып жүрген де сол кісі. Ал бұған болашақ деген мүлде беймәлім, «қазақ жігітіне тұрмысқа шығасың ба?» деген сұраққа да «қайдан білейін» деуден әрі аса алмаған.

Тағдыры шығар, болашағы сол жігітпен бірге тоқайласты. Бұл отбасына келін болып түскен соң бір жылдан соң енесі дүние салды. Қолдарында Рүстемнің екі бауыры бар, бұлар «Ленин туы», қазіргі Қажымұқан селосына көшіп келді, Осы жерде жас отбасының Ғабдулла, Сайфулла, Роза деген перзенттері дүниеге келді. «Әркімге тұрған жері мысыр шаһары» дегендей, үйренісіп, үй болып, үбірлі-шүбірлі ұрпақ өрбіткен мекеннен ыстық не бар? Бірақ балаларының алды бес –алты жасқа толар-толмас, ері Рүстем туған жерге кетеміз деген шешім қабылдады. Іштей қолдамаса да қарсы шығу әдетінде жоқ әдемі қызға беймәлім жерде тіршілік жалғау нәсіп болыпты. Осы Жаңақорған кентінің қақ ортасына кеп қоныс тепті. Әрине, алғашында құм суырған тақыр далаға келгендей құлазып, көпке дейін жерсіне алмай жүрді. Ал бір қанадан шыққан қос азаматтың көңілі тоқ, жеңді сыбанып, жеке баспана тұрғызуға кірісіп кетті. Мына отырған құтханасы сол қараорынның орнына соңғы үлгімен салынған жаңа үй демесеңіз, сол күндердің бір белгісі, бойтұмары сынды. Зинаида апамыздың осы шаңырақта жаз-көктемін өткізіп келе жатқанына алпыс жыл артта қалыпты.

Бұл кісінің ері Рүстем Омарұлы бізге қазақ тілі-әдебиетінен сабақ берген ұстазымыз еді. Менің есімде бұл ағайымыздың өте талапшылдығы, тазалығы, дауыс көтеріп сөйлемей-ақ ықтыра білетін сұсты келбеті қалыпты. Сол тұрысының өзімен-ақ өнеге қылуға тұрарлық бекзат болмысты тұлға еді ол кісі. Қартайып, қалжырағанын көрген жоқпыз. Өйткені зейнетке шыққан соң көп жүрмеді, жігері тарқамаған жетпіс жасында өмірден озып кете барды.

Туған топырағына келіп табан тіреген соң аудан орталығындағы №51 мектепте ұстаздық еткен Рүстем ағай қаншама шәкірттің жүрегіне білім нәрін құйып, адам болуға тәрбиеледі. Бірнеше жыл аудандық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет етті. Білгенін аянбай, педагог қызметкерлердің жұмысын жүйелі бағыттап, тәлім ошақтарында тәртіп пен талаптың орнығуына күш-жігерін салды. Зейнетке шыққанға дейін аудан орталығындағы №163 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі болды. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларына қазақ тілі, әдебиетінен сабақ берді.

Біз осы мектептің түлектері едік, ағайымыздың қазақ тіліндегі әрбір сөздің жазылуына қатаң тәртіппен қарайтын қағидасына өз басымнан бір мысал, бұған дейін нақпа-нақ куәлікте жазылған фамилиям бойынша Үсейнова боп келген маған «шырағым, дұрысы Үсейінова боп жазылу керек, ал орысшада «і» түсіп қалады, бірақ толық «и», яғни «Усеинова» болып жазылады деген ескертпесі көңілімде ұмытылмастай шегеленіп қалды. Қазақ тілінде бұл ереженің қолданылатын тұстары өте көп. Соның бәрінде мен Рүстем ағайды еске бір алып қоямын. Ұстаз есімінің ұлағаттылығы сонда болса керек.

Зинаида апаның өз анасы жүз жасаған екен. Екі бауыры – Александр мен Владимир де осы күні есен-сау жүріп жатыр. Біреуі баяғы Шұбарында, біреуі Мәскеуде тұрады екен. Жаңақорғанға келгеннен кейін дүниеге келген қыздары – Шолпан, Маржан, Айгүл, бәрі де осы күні бір-бір саланың маманы. Олардан кейінгі екі ұл баласынан көрген немерелері – ардақты ананың көз қуанышы. Өздері сабақты беске оқиды екен. Соны айтып, марқайып отырған әжесінің жанарынан риясыз мақтанышты көріп, көңіліміз толқыды. Адам қай жерде тұрып, қандай ғұмыр сүрсін мейлі, оның өміріне шуақ құйып, шынайы бақытқа бөлейтін басты нығмет - ұрпақтың бары және оның амандығы екен. Солардың қызығына кенеліп, келісті ғұмыр сүріп келе жатқан Зинаида апамыз әлі де Омаровтар отбасының шырағын маздатып, қараорынды құраннан жоқтатпай, жеті шелпегін үзбейтін қазақтың үрдісін үкілеп, үлкен үйдің батагөйі болыр отыр. Берекелі жанұяның негізі осындай Бибіпатыма аналардың ақ тілеуімен бекемделеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 қараша 2022 ж. 856 0