№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Ажал аузындағы ән

Ажал аузындағы ән

Әртүрлі аспаптарда ойнауды бала кезінен меңгеріп алған жас әскер қатарына алынып, онда да от-жалынға оранған Ауған даласына түскенінде ән дегеннің тек бейбіт күннің әләулайы ғана емес,тыңдағанда төбе-құйқаңды шымырлатар жүрек әуені, жаралы кеудең сыздағанда дәруің, қатал күнде щайратыңа қайрат қосар қаруың екеніне өз басынан шынайы өткізіп,анық көз жеткізген.

  Солдаттық өмірді аңсамайтын азамат бар ма? Сымдай тартылып, сан сынақтан сүрінбей өтуге ұмтылған жас ұлан алғашында Өзбекстанның Термез қаласында №44077 әскери бөлімінде жауынгерлік дайындықтан өтті. Жаяу әскерлер құрамында жеңілдеу саналатын БТР техникасын меңгеруге маманданды. Бір жарым шақырым ғана жерде жатқан Ауған шекарасы аржағында өлім мен өмір айқасқан жұмбақ та, беймәлім қайнаған соғыс даласының ортасына түсуден де қаймықпас дайындықта іштей ширығып жүрген бұлар ақыры Ауғанстандағы қатер алаңына жол тартты. Паншердің «Руха» деген жеріне орналасты.

Өнер құдіреті өліммен де бетпебет келе алады екен. Кейде соғыс саябыр тартқан тұста бұл қашанда жанынан табылатын серігітөретамдық Төрежанмен игілікті бір іске талаптанғаны бар. Жаңғақ ағашын жонып шанағы мен бетін оқ-дәрі жәшігінен жасап, оған  ішек тағып, әжептеуір үн шығаратын домбыра жасап шығарғаны бар. Өлім ажалы себелеп тұрса да қанаты қырқылмас өнер құдіреті деген осы екен.

Адам арманын үкілеп,алға жетелейтін аңсарлы үміті үзілмейді. Ол үзілген күні өмір де жоқ. Сәл саябыр тартқан кезеңде қазақ жігіті, қазақ жігіті болғанда жаңа­қорғанның Өзгентінен барған Әбдрашитты алқақотан қоршалап отыра қалар қаруластарының жанарында жарқылдаған оттан, жылжып аққан тұнық жастан бұл соны ұғар еді. Жарық дүниенің қызығын ешкім де қимайды екен.

Қалықтап еркін ұшпай жатып, қанаты отқа күйген сол құсалы кеуделерге мұның қоңырлата салған әні ерекше күш-құдірет құятынына өзі де талай-талай куә болған еді. Бұл жерде әнші болу міндет емес, әділетсіздік атаулыға сай-сүйегі сырқырап жүрген әркім өзіне тек сүйеніш, қапалы көңіліне қуат табар еді. Әбдрашит ән құдіретінің осындай қуатын майдан даласында жүріп мойындады.

Соғыс сенімен санаспайды. Ал өздері қан кешкен майдан даласы шартына келсек ізгілік атаулыдан жұрдай еді. Соның ішінде жаңа қасыңда жүрген жолдасыңнан айырылып қалудың азабын қаншама рет бастан өткерді десеңші.

Бірде тапсырма бойынша дұшпанды бақылауға шыққан үшеудің алдында келе жатқан Борис Азаров деген жапжас орыс жігіті оққа ұшты. Өзі жаңадан келген, тәжірибесіз еді. Барлауда бұқпантайлап аса сақ қимылдамасаң өзің мұрттай ұшуың мүмкін.

Күнәсіз дәуренді кілт үзген бұл қиянаттың иесі кім, көздегені не, оны бұларға ешкім айтқан емес және бұлар да ешкімге тіс жармауы тиіс. Тіпті ата-анасына да.
Қанқұйлы Паншер операциясынан соң шабуыл орнына жедел жеткізілген бұларға қаз-қатар жер жастанған мәйіттерді жинап келіп қонған тікұшақтарға орналастыру тапсырылды. Жоғары командованиенің шенділері, генералдар осы күні бір рота дерлік солдат бір түнде шейіт болған аумаққа ұшып келген екен.
Бұлар Паншер операциясы ішінде болған жоқ, бірақ оның қанды іздерін көзімен көріп, құрбандықтарын өз қолдарымен құндақтап, қаз-қатар тікұшақтарға тиеп үлгере алмай жатты. Сананы сансыратқан сұмдық тақсырет туралы жауынгерлер жақ ашып тіл қатыспаса да іштей бордай езіліп бір-біріне тек көзбен көңіл айтысып еді.
84 жылдың мамыр айында міндеттіліктері біткен бұлардың қатары жыл соңында ғана елге қайтуға мұрсат алыпты.
Сырбойылық жігіттерден бірге әскери борышын атқарған азаматтар кейін де бір-бірімен араласып, бас қосып тұруды әдетке айналдырған. Осындай басқосуларда барлығы қолқалап Әбдрашитке ән айтқызатыны бар.
Елген келген соң бірер жыл шаруашылықта жұмыс атқарған Әбдрашит Абшенов Қызылорда музыкалық училищесіне оқуға түседі. Оны тоқсаныншы жылы бітіріп шығып Ақсуат ауылындағы №245 Ақсуат орталау мектебіне музыка пәні мұғалімі болып орналасады. Отбасында жары Дәмеш Сейілова, ол да мұғалім. Екеуі сегіз ұл-қыз тәрбиелеп  өсірді.

– Әнді сүйген жүректің пернесін тербеген өз туындыларыңыз бар ма? – деп сауал тастадық замандасымызға.

– Бар. Оның ең алғашқысы Бақытбек Смағұловтың сөзіне жазылған «Ауған жауынгерлері» туралы әнім, – деді ол.

Автор өзі орындаған осы әнді тыңдай отырып, Қазақ әндерінің Алтын қорына жазылып қалуға тиіс тағы бір құнды мұрага көз жеткізіп жан-дүниемізбен елжірей отырып тыңдағанымызды жасыра алмаймыз.

Ол ән төмендегіше өріледі;
Өлім – өмір айқасып Ауғанстан,
Білмедік кімдер дос, кімдер дұшпан.
Қашуға да мұрша жоқ бас көтертпей,
Шаңқылдаған ажал оқ зулап ұшқан.

Бұл оқиға болған ед Паншерде
Жолыққанбыз сұрқия қанішерге
Өмірдің бір алапат кезеңдері
Қалдырган – ды біздерді зарлы шерге

Аттандырып Ауғанға балаларды,
Зарын тартып ауылда ана қалды
Аяқ орнын балдаққа алмастырып,
Ал аяғы ауғанда қала барды.

Теңер болсам өзім жер қорғап алам
Үміт артты несіне онда маған
Батыр болып оққа кеуде тоспасамда,
Оқ астында еңбектеп жорғалағам.

Заманным бейбітшілік басқа орнасын,
Барлық ел бір-бірімен қас болмасын.
Әкелмейік енді біз өзімізбен,
Денемізде ауғанның осколкасын.

Бейбітшілік заманым өрлесінші,
Бейбіт күнді сұм соғыс бөлмесінші.
Өтеп келген қан кешіп жігіттердің,
Кейінгі ұрпақ көргенін көрмесінші!

Баян Үсейінова
31 қазан 2022 ж. 1 246 0