№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбегі еленген ер

Еңбегі еленген ер


Бала кезден әкесінің жолын жалғаған Тілеутес Бағдат бақша баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген.

  Жер-ананың бабын тауып, бағбандықты кәсіп еткен Тілектестің бағы жанып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолынан марапатты иеленуі еңбек адамына көрсетілген зор құрмет.

Біздің кейіпкеріміз жиырма жылға жуық жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған әкенің тұңғыш перзенті. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, әкесінің кәсібіне ерте жастан араласып, бақшабауды баптап өскен Тілектес зейінділігімен, тілалғыштығымен әкесінің сенімді серігіне айналады. Осылайша қауынқарбызға деген қызығушылығы бала кезден бастау алған жас бағбан «Жиделі» шаруақожалығының жұмысын түлетіп келеді.

Болашағын егіншілікпен байланыстырған жас жаңақорғандық бүгінде аталмыш шаруақожалықтың бар жұмысына жауапты. «Жас келсе іске» демекші, жауапты іске тыңғылықты қарағандықтан болар, ісі өрге домалап, жайылмалық 30-ға жуық отбасы мүшелері қызмет ететін шаруақожалық ұжымы биыл үздіктер қатарынан көрінді. Ерте көктемнен қара күзге дейін еңбек етіп, нәтижесінде төккен тердің ақталғанына шүкіршілік етіп отырған қожалық төрағасы Бағдат Мұсатаев былай дейді.

– «Ат тұяғын тай басар» деп атам қазақ бекер айтпаған екен. Кішкентайынан қасымда жүргеннен болар, еңбектің қадірін жақсы түсінеді. Қажыған не жалыққан кезі болмады. Себебі, өзіне жүктелген жұмыс аяқсыз қалмау керектігін және оның салмағын түсінді. Сондықтан бар шаруаны сеніммен тапсырып, кеңесетін жайларды ұлыммен ақылдасып тұрамын, – дейді төраға.

Істің көзін тапқандығынан болар бұл қожалықтың тіршілігі тұралаған емес. Қайта уақыт өткен сайын ауқымы кеңейіп, кәсіп көкжиегі ұлғая түскен. Шағын шаруашылық бүгінде пісіп-өніп шыққан қарбыздың 100 тоннаға жуығын, қызылшаның да 24 тоннасын көрші ел Ресейдің Челябинск қаласына экспорттаған. Тек бақша өнімдерімен айналысып қана қоймай сәбіз, жоңышқа егуді де қатар алып жүрген шаруқожалық иелері биыл аяқ су мөлшері аз болғандықтан жоңышқаның екі орымында да әр гектарынан 350 бума шөп орып отырған.

Еңбек адамымен сөйлесу барысында бауырмашылдық қасиетін де байқадық. Өйткені жайылмалық 30-ға жуық жерлесін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған шаруақожалықтың иелері қайсысының басындағы болмасын ауыртпалығын көтеріп, қуанышын бөлісе білетіндігімен қадірі артқан.

Ендеше еңбегін ескеріп, марапат мінберіне көтерген басшыларға ризашылығын жеткізген Тілектес қоғамның әміршісі – еңбек екенін, адал еңбек еткеннің ғана жүзі жарық, алды ашық болатынын естен шығарған емес.

Лаура БИБАСАРОВА
28 сәуір 2023 ж. 1 359 0