Өрт сөндірушілер қызметінің қауіптілігі қашанда басым. Бірақ бейбіт күннің батырлары жанын салып еңбек етіп, сенімді ақтап келеді. Өйткені, халықтың жайлы өмірін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, тосыннан келетін қатерге тосқауыл қоятын осы азаматтар. Қырағылық пен қайсарлық, тәуекелді ту еткен қызметкерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы сала жауынгерлерінің төл мерекесіне орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Берікбай Омаровпен жүздесіп, сұқбаттасуды жөн көрдік.
– Өрт сөндіруші мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Бала кезімнен арнайы форма киген адамдарға қызыға қараушы ем. Оларды батыр санап, ұқсағым келетін. Орта мектептен соң, 1999 жылы мамыр айында жоғарғы оқу орнын бітіріп, күзде отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге ҚР. ҰҰҚ-нің шекара қызметіне аттандым. Әскери борышымды 2000 жылы күзде өтеп келгеннен кейін, 2001 жылдың қаңтар айынан бастап Жаңақорған аудандық өртке қарсы бөлімінде «анықтаушы» қызметке қабылданып, аға инженер, бас маман, қазіргі таңда бөлімнің басшысымын. Осы салада табан тіреп қызмет жасап келе жатқаныма 22 жыл болыпты.
– Алғаш қызметке келген сәтіңізде қандай оқиға есте қалды?
– Алғаш жұмысқа орналасқан кезім, кенттегі «Алтынсарин» ықшам ауданындағы көпқабатты үйде өрт шықты. Ата-анасы баласын үйге жалғыз тастап, жұмысқа кеткен. Оқыс оқиғадан бала үйдің ішінде қалып қойып, қайтыс болды. Денесінің ешбір жерін күйік шалмаған, түтінге түншығып қалған. Кіп-кішкентай баладан көз алдымызда айырылып қалғанымыз маған қатты әсер етті. Бір жылда Қыраш ауылы мен Кейден ауылындағы мектептер өртенді. Осы тұста айта кетейін, лаулаған жалынды бет қаратпай су шашумен тойтара алмайсың. Өртті сөндірудің өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керек, қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет жасайды. Сол себепті де, алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы.
2001 жылы жоқшылық уақыт, заманның қиын болып тұрған тұсы ғой. Бүгінгідей компьютер жоқ, машинкамен жазатын едік. Бес қызметкерге екі машинка берілген. Қазір, шүкір мекемеміз жаңа технологиямен қамтылған, компьютерленген. Бұрынғыға қарағанда жұмыс жеңіл дей алмаймын, тек оңтайландыру бар. –
Бұл мамандықты таңдағаныңызға өкінген сәтіңіз болды ма?
– Жоқ, еш уақытта өкінген емеспін. От – тілсіз жау, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Кез келген сәтте тілсіз жау өзіңе тап беріп, немесе жалынға оранған заттың үстіңе құлап кетуі, иіс тиіп, ес жоғалтуың әбден мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайларда ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысамыз. Бұл біздің мамандығымыз болғандықтан, елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де тұрақты осы салада жүріп шыққым келеді.
– Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда қорқыныш сезімі бола ма?
– Әрине, қорқыныш сезімі әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Өйткені, өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Сондықтан бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн. Алдыартына қарамай ешкім өртке қойып кетпейді. Тіпті, жұмысқа жаңа алынған жас мамандардың өзіне ойланбай опық жеп қалмауы үшін әр қадамын абайлап басу үйретіледі. Кез келген адамда қорқыныш сезімі болады.
– Бөлімде жұмыс жасайтын мамандарға қандай талап қойылады?
– Ұжым құрамының 95 пайызы жас буын. Барлығы да өз саласына жетік, арнайы оқу-жаттығудан өткен, үздік қызметкерлер. Өрт сөндірушілікке үміткер азаматтарға қойылатын талап та жоғары. Қызметке жасы 18-35 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады. Төтенше жағдайлар бөлімінде 6, өрт-сөндіру бөлімінде 35 қызметкер бар.
– Жыл басынан бері қанша өрт оқиғасы орын алды?
– Былтырғы жылы өртке жататыны бар, жатпайтыны бар 150 хабарлама түсіп, 68 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Биыл жыл басынан бері ауданымызда 43 өрт оқиғасы тіркелген. Жалпы, өрттердің шығу себебін саралайтын болсақ, басым көпшілігі ашық отты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзудан орын алып жатады. Бұл – азаматтардың өзінің және жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарамайтындығын білдіреді. Сонымен қатар, жылыту пешінің бұзылуы мен пайдалану ережелерінің сақталмауы, балалардың сіріңкемен ойнауы, тұрғын үйлердегі электр жүйесінің ақаулары секілді себептер өрттің шығуына тікелей әсер етеді.
– Аудан орталығынан шалғай орналасқан елдімекендерден қоңырау түскенде жолдың ұзақтығы кедергі келтірген жайттар болды ма?
– Елді-мекендердің қайсыбірінен хабарлама түссе жолдың ұзақтығына, уақытына қарамай шұғыл баруымыз керек. Тау беткейде дала өрті, Қандөз жақта тоғай өрті болады. Бетін аулақ етсін, тұрғын үйлерде көп болмайды. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның есебінен Аққорған ауылы мен Төменарық ауылында өрт сөндіру көлігі бар, арнайы бекет ашылған. Алдағы уақытта Қандөз, Манап ауылдарынан ашылады деген ниеттеміз. Бұл ауыл тұрғындарына үлкен көмек дер едім.
– Халық арасында өрт сөндірушілердің уақытынан кешігетіні, өрт сөндіру көлігінің дайын болмай, қайта-қайта су толтыруға кететіні сынға ұшырап жатады.
– Дабыл қағылған сәтте кезекшілікте тұратын жауынгер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге бір минутта шығып үлгереді. Осы тұста мына қағиданы түсінген дұрыс. Жауынгерлік есепте тұрған өрт сөндіру автокөлігі үнемі сумен, көбікпен, жанар жағар маймен толық қамтамассыз етіліп тұрады. Күнделікті кезекшілікке түсетін қызметкерлер кезектілікті қабылдап алып, тапсырып жатады. Барлығының функционалдық міндеті бар. Енді өрт сөндіру автокөлігінің су шығынына тоқталайық. Түсінікті болу үшін қарапайым тілмен айтсам, өрт сөндіру автокөлігінің су беру мүмкіндігі өте жоғары. Өрт сөндіруге арналған құрылғы оқпан деп аталады, сол оқпанмен минутына 210 литр жұмсалады. Өрт сөндіру автокөлігінде 6 тонна су сияды. Былайша мол көрінгенімен, бұл суыңыз 14 минутта-ақ, жоқ болады. Төтенше жағдай оқиғасы кезінде жақын маңдағы өрт гидранттарының қысымын көтертеміз. Гидрант мәселесі де үлкен сұрақ. Өйткені судың қысымы уақытпен беріледі. Осы тұста мамандарымыздың да еңбегін бағалай кеткен жөн. Қазіргі кезде соңғы технология негізінде жасалған құтқару құралдары «Холматро» әмбебап құралдары қызметкерлердің жол көлік оқиғасы орын алғанда қысылып қалған адамдарға көмек көрсетуге, оңтайлы жұмыс істеуге жеңілдік тудырды.
– Бұл мамандықтың иесі болу үшін ер азаматтарға қандай мінез тән болуы керек?
– Біздің салаға қатысты жоғары білімді мамандар негізінен Көкшетаудағы техникалық институтта даярланады. Ал, оған икемді, қабілетті, спортқа бейімділігі бар үміткер жастарды бағыттап отыруға ерекше мән береміз. Өрт сөндіруші нағыз ерлердің мамандығы саналады. Үміткер азаматтарға қойылатын талап та жоғары. Қызметке жасы 18-32 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады.
– Өрттің алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізіп отырасыздар ма?
– Әлбетте, оқу-жаттығу жұмыстары өтіп тұрады. Жалпы өртпен арпалыс бұл біздің қызметіміз ғана емес, міндетіміз. Әрбір өрт сөндірушілерге шапшаңдық, қайсарлық, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн. Оқу-жаттығу барысында осының бәрі ескеріледі. Өртті тез сөндіру үшін, ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет. Өрт сөндірушілер әр минут сайын өз өмірлерін тәуекелге байлап, өзіне қауіп төндіреді. Кез келген уақытта қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан отқа да, суға да түсуге дайынбыз.
– Жұмысыңызға қанық болдық, енді отбасыңызға тоқталсақ?
– 2002 жылы шаңырақ көтердім. Алланың берген төрт қыз, бір ұлы бар. Үлкен қызым Қаныш Сәтпаев атындағы университетте мемлекеттік грантпен, «геолог» мамандығы бойынша білім алуда. Екінші ұлым 11 сынып оқушысы, одан кейінгі үш қызым мектеп қабырғасында.
P.S. Құтқарушылардың жұмысы оңай емес. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірінен саналады. Қызмет атауының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіпқатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. «Құтқарушы» атауы абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Иә, өмір мен өлімнің арасында жүріп, ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтар мақтан етуге тұрарлық.
Әсел Рзаева