Жаһандану дәуірінде кез келген мемлекетті тек білім мен ғылым өрге жетелейді. Ұстаздар мерекесі қарсаңында Жаңақорған ауданы білім бөлімінің басшысы Болат Мақсұтұлымен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді. – Соңғы кездері білім беру саласында ел қуанатындай жақсы реформалар жүріп жатыр. Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалім жалақысы өсті. Мұғалім беделі – қоғам беделі. Ұстаздардың төрдегі орнын бекемдеу үшін енді не істегеніміз абзал?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының дамуына айрықша мән беріп, қолдау танытты. Мәселен, «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданып, ұстаздар қауымының мәртебесі айқындалып, жыл сайын жалақысы өсіп келеді. Қоғамда ұстаздық беделі өсуін мына фактормен бағалауға болады. Мәселен, оқушылар арасында мұғалімдікпен келешегін байланыстыратын талапкер көбейді. Өзге салада жұмыс істейтін азаматтар (педагогтік дипломы бар) да мұғалім болуға ықылас-ниет білдіріп жатады.
Президент кешегі Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды», – деп нақты міндеттерді алдымызға қойды.
Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру, «бала капиталын» қалыптастыру арқылы жастарды айрықша қолдауды нақтылады. Мұны білім беру саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қамқорлық деп түсінеміз.
Соңғы 10 жылды саралайтын болсақ, біздің аудандағы 26 ауылдық округтің 12-не жаңадан типтік жобадағы мектеп салынды. Кейбір елді мекендерде екі мектептен салынды. Бұл – үлкен жетістік. Қазір №169 орта мектепке 600 орындық жаңа ғимарат, Ипподром мен МАИ бекетінде 300 орындық мектеп салынып жатыр. Алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңарық ауылы мен Жаңақорған кентінде Саяжай аумағында 300 орындық мектеп салынып, 2024 жылы пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар.
Енді екінші сауалыңызға келсек, ұстаздар қауымы уақыт талабына сай біліктілігін арттырып, білімін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Онсыз оқушыға терең білім беру мүмкін емес. Қазір ақпараттық заман. Оқушылар интернет ресурсы арқылы ақпаратты еркін ала алады. Енді мұғалімдер ақпараттық технологияны еркін меңгеріп, үнемі ізденіп, еңбектеніп, оқушыға бағдарламадан бөлек жан-жақты ақпаратты игертіп, оқушыларға жан-жақты білім беруі тиіс. Қазіргі қоғам ұстаздардан осыны талап етеді.
– Ұстаздардың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалай арттырамыз?
– Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, иекемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық, ол – ұстаздық. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуына, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарындылықтан арылып, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8 бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.
– Қазіргі заманғы ұстаз қандай болуы керек?
– Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізданімпаз мұғалімнің артықшылығы оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуімен айқындалады. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі педагогикалық құралдардың барлығын терең меңгерген, өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, тұлғалық құзыреттілігі биік шығармашыл әлеуетімен танылса керек.
Пәнді жетік білуі, ойын оқушыларға жеткізу үшін жан-жақты, терең дайындықпен баруы, оқушылар бойына әдеп, әдет, дағды сияқты жақсы қасиеттерді сіңіруі, моральдық нормаларды білуі аса маңызды. Білім берудің ұлттық моделін қолданушы ойшыл, зерттеуші, практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген, өз мақсатына психолог-педагогтік сын көзбен қарай білетін іскер мұғалім қажет. Ұстаз алдындағы басты міндет ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, дүниежүзілік мәденеиетті танитын, төл мәдениетін құрметтей білетін, рухани дүниесі бай, интеллектуалдық өрісі кең, білімі жоғары, құқықтық мәдениеті жанжақты, ақпараттық заман талабына сай белсенді ұрпақ тәрбиелеу. Ұстаз атына білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы.
– Аудан мектептерінің инновациялық білім орталықтарымен байланысы қалай?
– Экономиканың дамуына үш түрлі капитал үлес қосатынын жақсы білеміз. Олар: табиғи капитал, физикалық капитал және адами капитал. ХХІ ғасырда мемлекеттің өркендеу өрісін кеңейтуде үшіншісі басымдыққа ие екенін жақсы білеміз. Ал, адами капиталды дамытуда инновациялық орталықтармен байланыс маңызды рөл атқарады.
Біздің ауданда №162, №164, №195, №110 мектеп инновациялық жобалық білім ордасы ретінде жұмысын жүйелей түсуде. Бұл мектептер тікелей Назарбаев зияткерлік мектептерімен жұмыс істеп, жаңартылған білім беру бағдарламасын енгізуде және инновациялық жобаларды жүзеге асыруда белсенді іс-қимыл танытып келеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқан білім ошақтары бар. Цифрландыру бағытында IT технологиялар мен робототехниканы дамытуға басымдық беріп келеміз. Сыр өңірінде ең алғаш біздің аудан мектептерінде роботтехника және IT кабинеттері ашылды. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып аудан мектептеріндегі физика, химия, биология кабинеттері заманауи «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панел тақталармен жабдықталды.
– Алтын үштік: мектеп-атана-оқушы. Осы үшеуінің қарымқатынасына қандай баға берер едіңіз?
– Педагогикада «Алтын үштік» деп аталатын бұл одақтың, яғни ата-ана, ұстаз, оқушы қарым-қатынасының әр баланың жеке тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бізде көп жағдайда ата-ана мұғалімді, мұғалім ата-ананы кінәлап, бір-бірінен кемшілік іздеп жатады. Ал, мұның «алтын үштіктің» үшінші мүшесі, яғни оқушы тәрбиесіне кері әсері көп болады.
Осы ретте, мен мынаны ұсынғым келеді: ата-ана мен ұстаз өзара жақсы байланысты ерте орнату керек. Ата-ана өз баласының ұстазын жұрттың пікірі арқылы бағалаудан бұрын өзі іздеп, танып біліп, жылы қарым-қатынас орнатқаны абзал. Сол сияқты әрбір ұстаз, әсіресе сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог, психолог т.б. сияқты тәрбие мамандары да алдындағы шәкіртінің ата-анасымен жете танысып-білісіп, отбасылық зерттеулер жасап, баланың тұлға болып қалыптасуына ерте бастан көңіл аудару керек. Бізге, міне осы бірлестік жетіңкіремейді.
Кейбір ұстаздар жауапкершіліктерінің төмендігінен өз сабағына қызықтыра алмауда. Тәрбие мамандары ата-аналар арқылы әр баланың даму ерекшелігін, әлеуметтік отбасылық жағдайын жете білмегендіктен жеке тәрбие жұмыстарын толығымен дұрыс ұйымдастыра алмай отыр.
Сол сияқты, көп ата-аналарда бала тәрбиесіне бөлетін уақыт жетіспеуде. Сол себепті де мектеп және ұстаздармен қарым-қатынас өз дәрежесінде емес. Сондықтан, ұстаздар оқушыға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ата-ана қолдау көрсетсе, мектеп дамуға мүмкіндік тудырса және қоғам өзіндік үлесін қосса, бала болашағы мен ел болашағының жарқын болары анық.
Тағы бір айтарымыз: қоғамда серіктестік деген ұғым қаржылай тұрғыдан ары аспай тұр. Моральдық тұрғыдан ата-ана мен мұғалім бала тәрбиесінде мықты серіктес болуы қажет. Себебі, баланың өскен ортасы, дүниетанымы, үй жайы тіпті туыстарының көзқарасы бала тәрбиесіне әсер етеді. Бүгінде мұғалім мен ата-ананың арасында ресмилікпен шектелген алшақтық бар. Шектеулі уақытта ғана жұмыс жүргізілгендіктен нәтиже бола бермейді. Себебі тәрбие беру үздіксіз процесс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, ата-ана мен мұғалім біте қайнаса жұмыс жасауы тиіс. Сонда ғана бала тәрбиесінде елеулі өзгерістер орын алады.
– Соңғы кездері жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Фундаментальды білім беріп, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын болса, жекеменшік мектептерден неге қашамыз? Қайта қолдап, қуаттауымыз керек. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті әкімдерге мектептерді салуда мемлекет бюджетінен бөлек, әлеуметтік инвесторларды тарту арқылы шешуді тапсырды.
Қазір үлкен мегаполистерде мектептің жетіспеушілігі қатты сезілуде. Бұл ретте бизнесмендердің білім беру саласына инвестиция құйып, жеке мектептер ашқаны дұрыс қадам. Біздің ауданда да бұл бағытта белсенділік байқалады.
Алайда жекеменшік мектептерді ашқан азаматтар мұны бизнестің көзі деп қарамай, келешекке салатын құнды инвестиция деп түсініп, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие сіңіруді бірінші орынға қоюы тиіс.
Әлемнің дамыған елдерінде жекеменшік мектептер өте көп және олар білім беру саласына креативті жобаларды енгізіп, оқушыларының бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік жасайды. Сол арқылы білім беру ұйымын брендке айналдыруды көздейді.
Біздің ауданда да жекеменшік мектепте көбейіп жатыр. Кәсіпкердің талабы дұрыс. Алайда оқушыларға қандай артықшылық бере аламын, дәстүрлі және өзге де жеке мектептерден қандай ерекшелік таныта аламын дегенді ойлануы тиіс. Сонда ғана мұндай мектептер қоғамға пайдалы болады.
– Аудан ұстаздарына мерекелік лебізіңіз...
– Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Сондықтан реформаның жемісті болуы ұстаздың біліктілігіне байланысты. Кәсіби мереке қарсаңында барлық ұстаздарды құттықтап, еңбектеріне табыс, отбастарына береке-бірлік тілеймін! Еліміз аман, жеріміз бүтін болсын! – Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Баян ҮСЕЙІНОВА