№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Өмірдің өзі – математика

Өмірдің өзі – математика


Есеп-қисапты ғылымда ғана емес, қарапайым өмірде де жиі қолданатынымызды өзіміз де аңғармай қаламыз. Қарап отырсаңыз, өмірдің өзі есеп. Мәселен, математиканың алгебра, геометрия, математикалық анализ, ықтималдық теориясы, математикалық логика, дифференциалдық теңдеулер сияқты салалары бар. Аудан орталығындағы №169 орта мектебінің математика пәнінің ұстазы – Ақшолпан  Рамашевамен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

Білім саласында 21 жылдан аса қызмет еткен ұстаздың балаға білім беруінде өзіндік бағыты мен ұстанымы бар. Ол есепті теория түрінен бөлек практика жүзінде үйретіп, өмірден мысалдарды көбірек қолданады екен.
– Кей адамдар есептің адамзат өміріндегі өрнекті қарым-қатынасына салыстырмалы түрде ғана баға беріп жатады. Бірақ олай емес. Мәселен, үй салудың өзі тұнып тұрған математика. Ол іргетасынан бастап дұрыс есептеуді қажет етеді. Үйдің құлап қалмауы, қисайып тұрмауы геометриялық заңдылықтарға негізделіп атқарылады. Мәселен, үйдің шатырын жабу үшін Пифагор теоремасын қолданады. Бұл формула арқылы үйдің құрылысына қанша метр шатыр керектігін білуге болады. Ол үшін үй қабырғасы мен шатыр биіктігін білсеңіз жеткілікті. Міне, осындай өмірде кездесетін мысалдармен оқушылардың математикаға қызығу­шылығын арттырып сабақты түсіндіремін. Білімді практика жүзінде үйренген бала оны ешқашан ұмытпайды, – дейді Ақшолпан Табынбайқызы.
Деректерге сүйенсек, математиканың алгебра, геометрия саласы Ежелгі Мысырдан бастау алған. Біздің заманымыздан бұрын 3200 жылдары Мысырда Ніл өзені жыл сайын тасып, жағалауындағы егістік жерлерді қайта-қайта шайып кетіп отырған. Су тасқынынан кейін тұрғындар егістік жерлерін қайта өлшеп, бөлген. Ұзақ жылғы жер бөлу тәжірибесінің арқасында геометрия пайда болған. Ал алгебра тарихы Ежелгі Мысырдан бастау алған. ІХ ғасырдан бастап алгебраны жеке ғылым саласы ретінде Мұхаммед әл-Хорезми «Әл-джәбр уә-л-муқабәлә» атты еңбегінде жазған.
– Алгебраны балаларға күнделікті өмірде сауда жасағанда, күн, ай, жыл есептегенде, ақша санағанда қолданатын математика түрі деп түсіндіремін. Мысалы, киім дүкенінде 30 пайыздық жеңілдік болып жатыр делік. 16 500 теңге тұратын көйлекті 30 пайыздық жеңілдікпен алсаңыз оны пропорция әдісімен есептейміз. Демек, 11550 теңгеге аласыз. Бірақ пайыздық жеңілдіктердің барлығы жай тауарды өткізудің бір айласы болуы мүмкін. Өйткені бастапқы бағаны көтеріп, содан пайыз азайтылады. Егер адам математикадан сауатты болса осындай қателіктерге ұрынбайды, – дейді ұстаз.
Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледжді «негізгі мектеп матема­тикасы» мамандығымен бітірген жас ұстаз еңбек жолын Қыркеңсе ауы­лындағы №213 орта мектептен бастайды. Оқу орнын жаңадан тәмамдап келген жас маманға мектеп басшылығы жоғарғы сынып оқушыларын сеніп тапсырады. Сол кезең естелігінен өзі былай дейді:
– Өзім жас маманмын. Мектеп басшысы маған бірден 11 сыныптарды берді. Басында жүрексіндім. Өйткені Ұлттық бірыңғай тесттің жаңадан еніп жатқан уақыты. Оқушылар аттестатты ҰБТ-ның нәтижесімен алатын. Алла абырой беріп, атқарған еңбегім еш кетпей, оқушылар жоғары балл жинап шықты. Сол кездегі алғашқы шәкіртімнің бірі Мөлдір Жантелеева қазір Абызтөбе мектебінде математика пәнінің мұғалімі, – деп шәкіртінің жетістігін қуанышпен бөлісті.
Ұстаздың сөзінше, математика – өмірмен қатар дамиды. Есепті білген адамның ойлау қабылеті ұшқыр болады. Қазір функционалдық сауаттылыққа көп көңіл бөлінеді. «PISA» Халықаралық зерттеуі болып жатыр. Осының барлығы математика сабағында қамтылады. Медицина саласы да математикамен тікелей байланысты. Мысалы, синусоида сызықтарымен жүректің соғысы белгіленсе, тамыр соғысында да дер кезінде көмек көрсету үшін математикалық білім қажет. Негізі математиканы жақсы үйренген бала физика мен химияны да автоматты түрде жетік меңгереді. Сондықтан да жаратылыстану-математикалық бағыт деп бөледі.
Қазір мектеп бағдарламасында мате­матикалық сауаттылық пәні оқы­тылады. Мәселен, сауда жасау үшін де математика керек. Өйткені статистика матеметикамен тікелей байланысты.
– Қазіргі жаңа бағдарламаның не­гіз­гі ерекшелігі баланы өмірге бағыт­тап, бейімдеп отырып үйретеді. Мате­матиканы үйренудің оңай жолы – практика. Мұғалім қанша жерден теориялық негізде түсіндірсе де оқушы оның 10 пайызын ғана алады. Сондықтан біз проблеманы ортаға тастап, соның шешілу жолын бірге қарастырып, топта жұмыс жасаймыз. Оқушыға ата-ананың немесе мұғалімнің айтқанына қарағанда құрдасының айтқаны жақсы әсер етеді. Оқушыны білімді игеруге бағыттаймын. Оны «көпір тапсырмалар» дейміз. Мысалы, өзеннің арғы бетіне өту үшін көпірден өтіп бару керек деген секілді. Тура бірден айтып қоя салмай, соған жету жолын түсіндіреміз. Сонда оқушы өздігінен үйренеді. Өздігінен үйренген оқушы алған білімін міндетті түрде өмірде қолданады. Теоремаларды өткен кезде оны өмірде қалай қолдану керектігін айтамын. Мәселен, өздері ұстап отырған айнаның немесе сыныптағы қалдық тастайтын қораптың ұзындығы мен енін, радиустарын өздеріне таптырып, практикалық түрде есептеп үйретемін. Сосын жұптық жұмыс жасатамын. Кейіннен ашық сұрақтармен жаңа тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтаймын, – дейді Ақшолпан Рамашева.
Ұстаздың сан жылдар атқарған еселі еңбегі оқушылардың жеткен жетістігімен бағаланатыны белгілі. Бүгінгі кейіпкеріміздің де дарынды шәкірттері баршылық. Мәселен, осыған дейін оқытқан рқушысы Маржан Оразбекова қазір №110 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі болса, қазіргі білім беріп жүрген 10 сынып оқушылары Біржан Орынбасар мен Ақниет Әбсаттар Халықаралық «Кенгуру» олимпиадасынан І орынды қанжығасына байлаған. Ал, тәлімін алып отырған екі шәкірті ұстазының жолын қуып математика пәнінің мұғалімі болуға бел буыпты.
Шәкірттерінің жеткен жетістігін баға жетпес байлығына балайтын ұстаздың марапаты аз емес. Аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің,  облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» бірнеше рет марапатталғанын айтты.
Р.S.: Жалпы, математика қыр-сыры терең қы­зықты пән ғой. Тек оны оқушыға тиімді тәсілдермен меңгерткен бүгінгі кейіпкерімізбен әңгіме бары­сында көп жайтқа қанығып, құпиясына бойлай түскендейміз. Расында, өмірдің өзі – есеп...
Айсұлу Алданазар
24 сәуір 2022 ж. 8 102 0