» » » «Ауылымның айналайынын аңсап тұрам»

«Ауылымның айналайынын аңсап тұрам»

Ақпейілділік – асқақ сезім, ол ұлтқа, шекараға бөлінбейді. Көгілдір жанар, көркем мінезді Андрейдің кеңжүрек болмысына қарап осындай ой түйесің.
Андрейді бала кезінен білемін. Өздері бізбен көрші. Елгезектігімен ерек көзге түскен, қазақша сөйлегенде құрбыларының өзін жаңылдыратын кекілі желбіреген кішкентай Андрейдің көше балаларымен жарапазанды жарыса айтып жортып жүретін келбеті көз алдымда қалып қойыпты. Әңгімелесіп отырып, көңілім толқып, жанарыма жас келгенін жасыра алмаймын.
– Андрей, жас та болсаң жүрегіңнің қалауына қажырлы бейнетіңмен қол жеткізіп, мақсат биігінен табылып отырсың. Осы тұста кімге қарыздармын деп есептейсің?
– Ата-анама. Олар өмірінің бар өнегесін менің жолыма сарп етті. Әкем Михаил Ақтөбеде, Ембіде, Шалқияда кен орнында жұмыс жасады. Анам Галина Алимжанқызы аудандық әскери комиссариатта құпия бөлімінің бастығы болып 30 жылға жуық еңбек етіп, зейнетке шықты. Өзім №169 Илялетдинов атындағы орта мектепте білім алдым. Сынып жетекшім Жанадилова Сауле Балтабайқызының мықты тәрбие тезінен өтуім менің бойыма келешек ұстамды мінезді қалыптастырды. Не нәрсеге де тереңнен, ақыл көзімен қарап, байсалды байлам жасауға дағдыландым. Сондықтан да мен өзім білім алған алтын ұямдағы барша ұстаздарға басымды иіп, телегей-теңіз шәкірттік тілегімді жеткізгім келеді.
– Талабы таудай жас өркеннің жетістігіне тілектес жерлестеріңе еңбек жолың туралы не айтасың?
– Мен мектепті 2003 жылы бітіргеніммен ол жылы емес, келер жылы Астана қаласындағы Қазақтың мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түстім. Жеті жыл оқып, білім алып, одан әрі 4 айлық кардиолог дәрігері мамандығына бейімделу курсын тәмамдадым. Қазірде Астанадағы №2 қалалық аурухананың интервенциялық кардиология бөлімінде кардиолог-дәрігер болып қызмет жасаймын. Біздің бөлім инфаркт дертіне шалдыққан науқастарды қабылдап, күніне 10-15 коронография және жүректің коронарлы артерияларына стент қою отасын жасаймыз. Аптасына жеті күн 24 сағат бойы миокард инфаркті, стенокордия тұрақсыздығы мен артериальды гипертензия, созылмалы жүрек шамасыздығы сырқатымен түскен науқастарды емдеумен айналысамыз.
– Сенің пікіріңше дәрігерге қандай қасиеттер қажет?
– Ең бірінші, еңбекқорлық. Өзінің саласын терең білсем, меңгерсем деген жан бұл жолда намыстануды жиып қою керек. «Білімді Қытайда болса да барып алып, меңгеруге тырыс»  деген қағида бар. Дәрігер өмір бойы ізденуден жалықпауы керек. Адам ағзасының құпиясы терең, табиғатқа тәуелді, сенімнен қуат алады. Дәрігерге деген сенім мықты болса сырқат жазылады. Ал дертті жанға дәрігердің жылы сөзінің өзі ем.
– Өзіңді тұлға ретінде қалыптастырған Астананың келешегін қалай елестетесің? Туған жерің – Жаңақорған несімен қымбат?
– Еңселі елордасының болашағын мен өзімнің алға қойып отырған жарқын жобаларымнан бөлек қарастыра алмаймын. Астана – жас қала, жастықтың желкені, армандар мекені. Төрткүл дүниеге бейбітшілік ұранын ұлықтаған киелі келісімнің бесігі. Соның кетігіне бір кірпіш боп қалануыммен бақыттымын.
Кіндік қаным тамған жер – Жаңақорғаныма келсем, ол менің жүрегімнің бір бөлшегіне айналған. Қан тамырымды қуалаған туған жердің қасиеті осындай үлкен қалада мені өзгелерден айрықшалап тұратынын да сеземін. Мінезімнің жұмсақтығын, тіпті жас күнімнен құлағыма сіңген ауылдың айналайынын аңсап тұратынымды жиі аңғарамын. Демалыс алғанымда жарым Нина, ұл-қыздарым Ярослав пен Софияны алып, анам күзетіп отырған әке шаңырағына ауылға келемін. Ауыл адамдарының ақжүректігін құрметтеймін. Жоғары сыныпта жүргенімде бізге орыс тілі, әдебиетінен сабақ беретін болып жаңадан келген жас мұғалима – апайдың үзіліс кезінде мені ымдап шақырып алып, «Андрей, сен екі тілді де терең білесің ғой, құз дегеннің орысшасы не, шыңырау деген қалай аударылады?» деп құштарлана сұрап, жалған намысты жиып қояр аңғал қалпы еске түскенде еріксіз елжіреймін. Бір кездері сол апайларымның әжетіне жарай білгенімді мақтаныш көріп, бәрі де қазақша көркем әдебиетті сүйіп оқып, кішкентайымнан қазақ балаларымен бауырдай тең өскенімнің арқасы-ау деп қос тілді қос қанатымдай игергеніме мақтанып қаламын.
– Елге айтар тілегің?
– Өз тағдырымнан түйгенім, кісі арманға адал еңбегі, маңдай терімен қол жеткізе алады. Еңбектің қадірін бағалағанның еңсесі биік. Атқарған бейнеттеріңіз баянды, дендеріңіз сау, көңілдеріңіз көктем күніндей нұрлы болсын деп тілеймін.
Сұхбаттасқан Баян ҮСЕЙІНОВА.
30 сәуір 2018 ж. 1 397 0