№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сұңқар биікте сыналады

Сұңқар биікте сыналады


Ептілік – ер еңсесін еңкейтпейтін ерек қасиет. Оның түп негізі шымырлықта шыңдалады. Осы орайда жастайынан спортты жанына серік етіп, бойына қуат, болмысына қуаныш сыйлап, шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін доп додасы – волейболдың серкесі атанып жүрген Жамуров Нұридин ағамызды әңгімеге тартып, жаны сүйген спортқа деген тұрақтылығының түпкі сырына көңіл қанықтырдық.
Спорт – тек сергектік қана емес, адалдықпен берілген айнымас серт, таза жүрек, мәрт мінез, жалын боп алаулаған жасын жігердің жиынтығы. Біздің сұхбаттасымыздың мейір тұнған тұла бойынан осы қадір-қасиеттің баршасы мекен тапқандай айрықша асқақ, пендешіліктен ада, болмысы дара сезілді. Ұққанымыз, спорт тек сергектікке ғана емес, намыс туын желбіреткен туралыққа, шын шаттанып, қапысыз қуана білер шынайылыққа тәрбиелейді екен.
Нұридин ағай волейбол сынды құлашты спорт түрінің құлпын ашып, құпиясын меңгеруде алғашқы ұстазы Алтынбеков Тұрғанбектің айрықша әсері болғанын мақтанышпен айтады.
Жас қанат 5-6 сынып оқып жүрген кезінен бастап өздерінің білім ордасы №51 орта мектебі спортшыларының арасынан ерек танылып, Қызылорда құрама командасы қатарына жолдама алғанын айтты. Мектептегі жаттықтырушы ұстазы Кенжебек Сарқұловтың тегеурінді талабымен қанаттанып, сапарға шығатын қайратты ұландар облыстық командада да қара үзіп, алдыңғы саптан танылып жүріпті. Осы команда қатарында 1967-1968 жылдары пионерлер жарысында суырылып көзге түскен қарадомалақ кейін білімгерлер арасында өткен республикалық сайыста озық танылып, бұлар қатысқан облыстық команда 2-орынды иеленіпті.
Облыста тұңғыш рет «Буревестник» волейболшылар командасын жасақтап, үміткерлері алпысыншы жылдары Олимпиадаға жолдама алған спорттың нағыз бапкері, әз атасы Тұрғанбек Алтынбековтың Андрей Кравченко, Жәнібек Сауранбаев сынды билікті бағындырған сайыпқыран шәкірттері көп болған. Біздің Нұридин ағай да осындай шәкірттердің бірі. Жанында Нақыпбеков Рахман, Гена деген кәріс жігіті бар, үшеуі облыс құрамасында талай жүлдені иеленген екен.
Нұридин Нәжімұлы орта мектептен соң Қиыр Шығыста әскери борышын өтеген тұста тағы да айрықша көзге түсіп, әскери команданың намысы мен абыройын асқақтатуға тер төгіпті. Өзге ұлт өкілдері арасында бір қазақ мерейі үстем болғанын айтады. Бұл да спортқа деген шексіз құмарлықтың арқасында.
Ауылға келіп, арнайы мамандығы бойынша автобаза мекемесінде жүргізуші болып жүрген кезінде алғашқы бастығы Володя Пак, кейін Сабырханов Тұтқабай ағасы аудан намысы жолында спорттық шараларға қатысуына бар жағдайды жасап, жолдан қалмауынан қамқорлығын аямапты. Ол кездері бұқаралық спортқа деген көзқарастың шынайылығы ма, жоқ патриоттық сезім, намысқойлық қасиеттің тереңдігі ме, елдің атын шығарар ерлерге құрмет ерекше еді.
Автобаза кәсіпорны басшылығы қарамағындағы қайсар жігіттің жарысқа қатысқан күндерінің еңбеккүнін еселеп жазып, команддировкасын қоса беріп, формасы мен жол азығына дейін қамдап беретін. Ал қазір ше? Жарысқа қатысқандардың жалақысы қырқылып, жаутаң күй кешіп, кейде жол ақысына қиналып, әркімге жалынып жүргендерін байқағанда жанымыз жүдеп-ақ қалады.
– Спортта бағы жанған саңлақтар көп. Олай болса бұл өнер де талап талғайтын болғаны ғой?
– Әрине, жанын салмаған жағаға жете алмайды. Спорт десе жанып тұратын асыл ұстазымыз Тұрғанбек Алтынбековтың тәрбиесі өте қатал еді. Бірақ ол кісі ешуақытта жекіп немесе көңіл қалдырып ұрысқан емес. Тек қате кеткен тұстарыңды ескертетін. Сұсының өзі қатал еді. Біз ол кісінің тұлғасын арқаланып, қара тұтып, қасында жүргеніміздің өзінен қуат алатынбыз.
Ол кісі, кешегі күнге дейін, жасы сексенге таянғанда да шәкірттерін тастап кетпеді. Қай ауданда, қандай шара болса, өзі барып қатысатын. Сол ғадет, сол қасиет бізге де жұққандай. Қазір жасым алпыстың алтауында, бірақ доп додасы десе қаным қызып тұрады, бір шеті Қызылорда, бір шеті Қандөзге дейін жарыс болатынын естісем міндетті түрде өз көзіммен барып тамашалап қайтамын, – дейді Нұридин аға бізбен әңгімесінде.
Спорт жанкүйерін келешек жастардың аяқалысы да қатты қуантады екен. Бүгінгі күнде ізін басып келе жатқан Бауыржан Есенбаев, Рауан Камалов, Асхат Өмірбаевтарды қатты құрметтейді. Барлығы байкенжелік азаматтар. Үшеуі де «Байкен – U» мекемесінде жұмыс жасайды. Екі қыздар командасы да осы Байкенжеде жасақталған. Неге барлығы Байкенжеде? Байкенжеде жалпы бұқаралық спортқа ықылас басым, ұйымдастыратын мамандардың қабілеті мықты, құштарлық та, жарқын саналық жаңғыру да бар.
Спорттағы ұстазы Тұрғанбек Алтынбеков туралы Нұрекең қымбат естеліктерді айтып тауыса алар емес. Ал өзінің спортқа деген құштарлығы әлі кемімеген сыңайлы. Қолы қалт етсе спорт алаңдарын жағалап, жастардан қалыспай ойын өрнегін көрсетіп жатады. Өзі қатарлы ардагерлерді тартуды да ұмытпайды.
Негізі, волейбол – ұжымдық ойын тартысы. Онда бір-бірін ыммен түсініп, біріне-бірі ұпай алмасып, ортақ жеңіске қол жеткізуге болады. Ал ортақ намысқа бағытталған бірлік, сайып келгенде, өмірдегі ынтымақтастыққа жеткізеді емес пе? Олай болса, елдік мүддеде де мерейлері үстем, жандары кіршіксіз таза, баладай аңғал, спорттың жалауын желбіретіп жүрген Алтынбековтың шәкірттері аман болсын.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
24 сәуір 2018 ж. 1 537 0