Тіл білімін меңгерту – қасиетті міндет
Ана тілдің табиғатын терең білмейінше, оны жаныңа жақын тұтып, жүрегіңнің тереңіне түйіп алмайынша ата жұртыңның, туған ұлтыңның қадіріне жетуің қиын. Айтар сөзін дұрыс таңбалай алмаудың өзі рухани кемтарлықтың көрінісі. Осы тұрғыдан келгенде тіл білімі айналасында жүрген азаматтарға үлкен жауапкершілік артылары заңды. Туған тілдің шын жанашыры, 28 жыл қазақ тілі, әдебиеті пәнінен сабақ беріп келе жатқан, аудандағы «Шебер ұстаз», №3 мектеп интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Сабырханқызын «Сенбілік сұхбат» алаңының қадірлі қонағы еттік. Біздің сұхбатымыз төмендегіше өрбіді.
– 2021 жылдың 21 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда өткен «Қазақ тілі және әдебиеті» пәні мұғалімдерінің «Қазақ тілі, әдебиеті пәнін оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» атты республикалық съезінде «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасы туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов «Жаңартылған оқу бағдарламасының жалпы философиясы мен идеологиясы дұрыс» деген баға берді. Министрдің осы сөзіне сын айтушылар қатарында тіл мамандары жиі кездесіп жүр. Осы бағытта өзіндік ой-пікіріңізді білгіміз келеді.
– Әр шебер мұғалім міндетті сабақ берумен шектелмеуі керек. Жаңартылған білім бағдарламасында пәнаралық байланыс, спиральды қағидат дегенге келсек, бұл баланың кеңейтілген мазмұнда білім алуына мүмкіндік тудырудан туған методика. Бұл жерде қарапайым түсіндіріп кетер болсам, бір пәнде талқыланған тақырып спиральды қағидат негізінде барлық пәнде өзара үйлесімді жетілдіріліп, сол жөнінде оқушы терең түсінік алуы тиіс. Мәселен 6 сыныпта қазақ тілінде, «Су – табиғат құбылысы» деген тақырыпты өттім. Бұл тақырып дәстүрлі оқыту үрдісінде табиғат тану пәні немесе химия-биологияның еншісінде болды. Қазақ тілі пәнінде судың қасиеті туралы түсінікті одан әрі табиғи, ұғынықты түсіндіру талап етіледі. Ал енді тәжірибелі ұстаз осы тақырыптан тарқатып тілдік бағдарды қатар өтіп отыруы тиіс. Яғни қазақ тілінің грамматикалық заңдылықтары көлеңкеде қалып қоймай, оқушы санасына қайталанып егіле беруі тиіс.
Қазақ тілінде айтылым, оқылым, тыңдалым, жазылым деген төрт дағды баланың функционалды сауаттылығын да жолға қояды.
Дәстүрлі оқытуда сабақты қазақ тілінің грамматикасынан бастадық. Тіл білімін «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис» секілді салаларын жеке-жеке мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарай оқыттық.
– Қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов «Тіл құралы» оқулығында әрбір әріптің таңбалануымен қоса дыбысталуы, буын үндестігі заңдылықтары туралы ережелерді жүйелеп беруінің түбінде сауатты жазудың ортақ үлгісін қалыптастырудың қатаң қағидалары жатыр. Осыны негізге алған кешегі мұғалімдеріміздің ақ тер, көк тер боп дыбыстарды жіктеп-жіліктеп, жуан-жіңішке, ашық-қысаң, еріндік-езулік деп жаттатып, ілгерінді ықпал, кейінді ықпалға бағынатын сингармонизм заңдылықтарын ежіктеп, түсіндіріп жатар еңбегінің бәрі бекер, бүгінгінің пайымынша бас қатыруға тұрмайтын бая-шая бірдеме екен. Мына жаңаша оқыту бағдарламасы дегеніңіз балаға мұның барлығын жіктеп-жіліктеп оқытудың қажеті жоқ, тілдік бағдар алса жеткілікті дегенді алға тартады. Біздің ойымыз айтады, қазақ тілі ғылым болудан қалса, тілдік заңдылықтары сақталмаса, оны әркім өзінше бұрып, өзінше қолдана берсе тіліміз бұзылмай ма? Тілді бұзудың, тілдің киесін тәрк етудің кесірі басбұзарлықтан да ауыр, кейін түзетуге келмейтін қателігіміз болса қайтеміз?
– Ахмет Байтұрсынұлының «Бала ана тілін жетік меңгеріп алмай, басқа пәндерді игере алмайды» деген сөзі бар. Әр сөздің шығу төркінін білу баланы таза, сауатты сөйлеуіне жеткілікті ұғым қалыптастырады. Мәселен сәресі деген сөз сақар асы, ағайын деген сөздің төркіні ағалы-інілі дегенді білдіреді. Жас ұрпақ сөздік қорды, құрамды жете таныса ол толыққанды тұлға болып қалыптасады.
Қанша жерден патриот, ұлтын шын сүйетін азамат болсын ана тілін терең меңгермеген, тілдік қоры жұтаң болса көкіректегі көрікті ойын көңілдегідей жеткізе алмай қор болары анық. Тілі сақау адамның келе-келе ой өрісі де жұтаңдана береді. Сондықтан, туған тіл – қазына, қияға самғар қос қанатың дейміз.
– Жаңа бағдарламада халықтың бай ауыз әдебиеті, оның түрлері, жанрлық ерекшеліктері туралы айтылмайды деп сындалып жатыр. Батырлар жырын оқымаған ұрпақ отаншыл болып қалыптаса ала ма? Осы жерде не айтасыз?
– Халықтың ауыз әдебиеті ғылыми негізде оқытылуы керек. Әдебиетті ғылым ретінде қарастырсақ, ол әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы деген бөлімде қарастырылуы керек.
Қазақ ауыз әдебиетін оқу арқылы білімгер халықтың тіл өнерін, этномәдениетін, салт-дәстүр тарихын танып өседі. Осыны терең білу арқылы ұлтты сүюге тәрбиеленеді. Сондықтан, бұл олқылықтың орнын толтыруда шәкірттерге көркем әдебиетті қосымша оқыту талаптары көмекке келе алады. Бұл бағытта ғалым-ұстаз Қанипа Бітбаеваның «Әдебиетті оқыту методикасын» жиі қолға аламын.
Қазақ балалары орыстың классиктерін де оқиды. Бұдан не ұтамыз? Баланың ой-өрісі кеңейеді. Қай ұлттың қаламгері болмасын адамзаттық құндылықты дәріптейді. Ортақ мақсаты – біреу. Адам тәрбиелеу. Барлық адам бір тілде қуанады, бір тілде мұңаяды. Сондықтан әлем классиктерін оқытуда белсенді болғанымыз жөн. Бастауыш сынып балалары үшін Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері өте маңызды болғандықтан кітапты таратып бердім. Оны оқу арқылы жас өреннің оқуға қызығушылығы артады, әрі каллиграфиясы қалыптасады.
Бала теориялық жағынан мықты болуы үшін практикада шыңдалуы керек. Осы орайда жоғары сынып оқушылары эссе жазуда сауаттылықтарын кемелдендіреді.
Ойын жұптап, мәнерлеп жеткізуде ашық сөзсайыс алаңдарының ықпалы зор. Мектебімізде Мөлдір Баймаханова, Самал Әбілқайырдың ұйымдастыруымен өткен дебаттарда оқушы ізденісіне көп көзіміз жетті.
Еліміз бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасы өмірге келді. Күн сайын әр сыныпта 20 минут балаға көркем әдебиет оқуға ынталандырады. Сол сияқты мектеп кітапханашылары сынып жетекшілерімен қояма-қолтық жұмыс жасап, баланың кітап оқуын қадағалау керек. Кітапты оқушыға берерде талғам қалыптастыру жағы да кітапханашының міндеті. Баланы жасына сай жүйелеп оқуға баулу, кітапты қайта өткізген өреннің не оқығанын зерделеп білу үшін сұрақтар қойып, қызығушылығын ояту да маңызды.
– Бала білімін ұштауда мектептен тыс қандай шаралар маңызды?
– Пәндік олимпиадалардың орны зор. Ақпан айының соңында №86 мектеп базасында өткен аудандық пәндік олимпиадада «Өзін-өзі тану» пәнінен Мерей Әліпбай, биология пәнінен Сәуле Орынханованың шәкірті Төрехан Анелья, Сымбат Сабырханов олар жүлделі орындарға ие болды.
Ел болашағы – жас ұрпақтың ұлттық психологиясының қалыптасуында жетекші рөльге ие, ұлттық рух пен ұлттық кодтың негізі – Әдебиет пәнін жүйелеп, ғылыми негізде оқытпайынша, қазақ тілі пәнінің грамматикасын жүйелі түрде терең меңгертпейінше, оқушы ойын жазбаша түрде жеткізуге үйретпейінше, қазақ тілі-әдебиеті пәнінің оқытушысы ретінде міндетім ақталды деу қате.
– Әңгімеңізге рақмет.
Баян ҮСЕЙІНОВА