Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Құнттының құлашы кең, қадамы қарышты

Құнттының құлашы кең, қадамы қарышты

Адам өмірінің сапасын көтеретін маңызды мамандықтар қатарында құрылыстың қыр-сырын меңгеруді бала кезінен армандаған біздің кейіпкеріміздің көзіне туған жердегі бірнеше ғимараттар аса ыстық көрінеді. Олардың алғашқылары қатарында аудан әкімі ғимараты, прокуратура, Ордакент ардагерлер үйі, Казтелеком мекемесі, темір жол түбіндегі он сегіз пәтерлік үй, мектеп пен балабақшалар құрылысы сол кез құрылыстары санатында өз қолтаңбасы қалған жастық өмірінің құнды естеліктері сынды еңсесі әлі де биік тұр. Расында тонын жаңартып тұрғанымыз болмаса сүйегі мықты, сән-салтанатына сын түспеген сапалы құрылыстарды көрген сайын толайым төккен тері мен  атқарған тауқыметі туған жер төсінде мызғымас тұғырға айналып,  ел игілігіне қызмет ете берер құрыш қолды құрылысшылардың қажырлы қызметіне еріксіз тәнті боласың. Біз бүгін осындай өз мамандығының сайыпқыраны қатарында «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» Дастан Тұрлыбековты әңгімеге тарттық.
– Мен құрылысшы болуды бала кезімнен армандадым, – дейді ол.
Мен туған «Қызыл жұлдыз» кеңшарында Жоламан деген прораб ағамыз бар еді. Сол кісіге қатты еліктедім. Ауылда совхоз директорынан кейінгі жеке басы жүріс-тұрыс мәнері, мәдениеті, беделді болмысы бір бөлек, елдің көрікті тұрмысын тіктеу бағытындағы жаңашыл тірліктері одан да басым болатын. Осы кісі сынды білгір маман болсам деген арман пайда болды кеудеде. Ол кезде «Красная звезда» деп аталатын совхоз орталығындағы №52 орта мектебін «Алтын ме­дальға» бітіруші үміткер санатына бір сабақтан төрттік баға алуым кедергі болды, десек те оқушылық өміріме өкпем жоқ. ауыл мектебінде алған біліміммен жоғары оқу орнында өз деңгейімді дәлелдедім. Шымкент технологиялық институты қабырғасында партия қатарына қабылданып, студенттер арасында парторг болып сайландым. 1984 жылы жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, туған жерге өзімнің көңіліме мүйізі қарағайдай маман болып келіп отырмын. Сөйтіп алып-ұшып жұмысқа жолданған аудан орталығындағы ПМК-11 мекемесіне маңдай тіреп едім, бас­тығы Дүйсебеков Сәулебек көкеміз не деді деңіз. «Айналайын, қош келіпсің. Қазір бізде бос тұрған плотниктің орнына қабылданасың. Ертеңнен бастап жұмысыңа кірісе бер». Қалай сонда деймін, жоғары білімді маманға ағаш жонушыдан басқа қызмет жоқ па. Менің ренішім жөнсіз сынды. Мекемеде инженер, прораб, мастер атаулы штаттар бір-бірден ғана, өз мамандары отыр, сондықтан бәлсінудің реті жоқ. Сөйтіп менің төл кәсібім -  құрылыс  саласындағы ең алғашқы қадамым кент орталығындағы мың екі жүз орындық №163 орта мектебінің қазығын қалыптастырудан бас­талды. Жұмысқа кірісіп кеттік. Алдағы қыркүйекте жаңа мектеп білім күніне сақадай-сай болып, кілтін тапсыруға тиіс болдық. Облыстық құрылыс басқармасы мектеп құрылысына  басқа аудан­дардағы  әріптес ПМК-лардан қа­жетті кадрлар ғана емес, негізгі техникаларды бөліп, қосымша те­тіктерді қуатты іске қосуының нәтижесінде обьектіні белгіленген күні іске қостық. Ол кезде осындай тәртіп бар-тын. Облыстағы меке­меміздің басшылығы құрылыстың басы-қасынан табылып, әрбір шегесіне дейін жеткілікті қамтылуын қадағалайтын. Ал біткен құрылысты қабылдауда ГАСК мамандары, техникалық бақылаушылар қатал сүзгіден өткізіп, жұмысыңның сапасын тексереді, вертикальды, горизонтальды есеп деген бар,одан мін шықпауы керек, түзілген материалдарда қоспа құрамынан қателік тапса қаржыңды аударуға рұқсат бермей, бүкіл ұжым жалақысыз қалуы әбден мүмкін. Сондықтан жұмыла бар әлеуетімізді жұмыстың сапасына бұрып, бір кілтипан жібермеуге тырысатын едік. Трестің бастығы Фарид Фатхульдиновтің мектеп құрылысы біткенше басы-қасынан жиі табылуыортақ талаптың тегеурінділігін ұқтыратын. Әрбір ісімізге ұқыпты қарауға сол кездерден бастап қатты дағдыландым. Ол кісінің сол күндері маған жас маман деп қарамай, мастердің жалақысын жаздырып, қамқорлық жасағанын ұмытпаймын. Көп ұзамай мастер штатына бекітілдім.
– Бұл білім ошағы қазір сіздің көзіңізге аса ыстық көрінетін шығар?
– Әрине, сол кезде қолымнан өткен құрылыстардың жанынан өткен сайын жастық күндердің қымбат елесі ойға оралып, кейде тапсырманы мерзімінде орындап біту үшін ұйқысыз-күлкісіз тер төккен тауқыметті күндердің өтеуі ізсіз қалмағанына іштей тәубе ететін кезім аз емес. Ең бастысы көптің игілігіне жауапкершіліктің биіктігі кейін де беделіңді бекемдеп тұрады екен.
– Тағы қандай білім ошақтарында қолтаңбаңыз қалды?
– Төменарық ауылындағы «Горняк» орта мектебінің құрылысын жүргіздім. Одан әрі аудан орталығындағы №169 орта мектептің қосалқы құрылысын салу, Өзгенттегі №224 орта мектебі, Алтынсарин аумағындағы балалар мекені құрылысы учаске басшысы ретінде түгелдей қолымнан өтті. Ақсуат ауылындағы мектеп құрылысын аяқтау алдында Кеңестік билік тарқады. Жұмысымыз тоқтап қалар ма еді, ауыл халқы қолындағы малынан қарасып, қаржы көздерін тауып, қалған ұсақ-түйек жұмыстарды тиянақтап, мектеп үйін мерзімінде пайдалануға беруімізге жәрдемін аямады. Қазір осы ынтымақты тірлігіміздің жемісін ел халқы өзі көріп отыр.
– Қазірде осындай құрылысты мемлекеттік сатып алу конкурсының (тендер) жеңімпазы атқаратын тәртіп шықты. Көп ретте сынға ұшырап, сенімді ақтамайтын осынау тәсілді тосырқағандарға тоқтам айтатын жақтың жауабына келсек, бұл дүниежүзі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің өркениетті тактикасы, көштен қалмай кәсіп көкжиегін одан әрі кеңейтіп бәсекені қаалыптастыру күн тәртібінен енді түспек емес. Байырғы құрылысшы ретінде бұған көзқарасыңыз қандай?
– Кез келген жаңа тәсілді өндіріске енгізбес бұрын оған қажетті механизмді жан-жақты қалыптастыру мәселесі бізде кемшін. Соның зардабын  шегіп қалып жатамыз. Кейде тендерді ұтып алып, жұмыс жасаймыз деп келген жақ  техникадан жұрдай, әркімді жалдап жұмыс істетеді. Еңбегіне ақы сұрайтын жалдамалыларына ақша тауып бере алмай, аяғында соттасып, қазына қаржысы құмға сіңіп жатады. Мұндай жағдайда сапа мәселесін талап етудің өзі артық.
– Бүгінгі жүргізіліп жатқан тұрғын үй, жол құрылысы сапасын арттырудың қандай тәсілдері бар?
– Барлық жұмыс маманға байланысты. Олар өз ісінің шебері ғана емес, адами тұрғыда адал азаматтар болса тақыр жерді гүлдендірер кәсіп құзіретінің шегі жоқ. Оның мысалын дүниежүзілік сәулет өнерінің сән-салтанатынан тануға болады. Құрылысшы – мәртебелі мамандық қатарында барлық жерде құрметке ие.
– Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген ел астанасының көрік-кел­бетіне қандай баға берер едіңіз?
– Астана – менің де төл туындыларым тұғыр болып қаланған туған қалам десем болады. Мекемелер тарап, қысқартулардан соң «Харрикейн-Құмкөл» мекемесінде жұмыс жасадым. Шетел технологиясының дамып кеткеніне сол кезде көзім жетті. Тіпті мен атын білмейтін құрылыс жабдықтарымен жұмысты сапалы әрі жылдам атқаруға мүмкіндікті көріп, озық елдің методикасын іске ендірмес бұрын технологиясына қол жеткізудің маңыздылығын түсіндім. Жоғарыдағыдай тендерге бірден көшкен мекемелер жұмысын кері кетірген жұтаң технолологияны жаңартпайынша бұл бағдардың бағы ашылмай жүргенінің мәнісі маған белгілі болды.  Бұл мекеменің бірыңғай жобаларға бейімделуі біраз мамандықтың қысқаруына өкеліп, жұмыс­тан босаған соң сол кезде құрылысы басталған жаңа астананың мега-жобасына қатысуды ниет етіп, Арқаға аттандық. Жанымда ауылдан жиырмаға жуық жігіттер болды, басын біріктіріп, маман ретінде учаске қабылдап, іске кіріскенімізде бәрі де тас қалаушымыз деп барған ба­тыр­ларымның осал тұстары тастай тала­бымызға тұсау болып, арасындағы бір ғана тамның бұрышын шығара алатын мастерді алдыға салып отырып , намысты қолдан бермеуге тырыстық. Ақырында сол жігіттердің барлығы төл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мықты құрылысшы болып шықты. Тоғыз этажды бизнес ғимаратын, тұрғын үйлер комплексін тұрғыздық. Қазір барлығының да жағдайы жоғары, үйлі-жайлы болып, астана тұрғыны болып үлгергендері де бар.
Өзім екі мыыңыншы жылдардан соң ауылға келіп ТОО ашып, орталықтағы мектеп-интернатын қабырғасынан бастап қайта тұрғызып, толық жөндеу жұмысын жауапкершілігіме алдым.  Одан әрі, 2004 жылы көктемде Төменарықты су алып, жаңадан он үй салу қажет болғандп соның алтауының құрылысын біздің компания бітіріп бердік. Содан соң Қосүйеңкіден екі скважина қазып, трубасын жүргізіп, ауылға су әкелдік.
2011 жылдары «Жаңақорған-Тазалық» мекемесі ашылып, соның бастығының орынбасары қызметіне шақырылдым. Аудан әкімдігінде осы салаға жауапты тұлға Асқар Ибрагимов бұл мекемеге аса мән беріп, қажетті техникамен жабдықталуына күш жұмсады. Көшелерді қардан тазалайтын техника, әр мекемелер жанына қоқыс тастайтын контейнерлер қою, кент жолдарын жарықтандыру, көше шамдары энергиясын үнемдейтін шамдарды орналастыру сынды бағдарлы жұмыстар сол кезде жүзеге асты. Осы жылдары аудандық су шаруашылығы мекемесі басшысы зейнетке шығуына байланысты сол мекемеге басшы болып бардым. Одан әрі аудандық жұмыспен қамту мекемесі басшысының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары ретінде жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалықтары қарамағында жұмысқа тілкелгендерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтармен қамтылуы бағытында жұмыс атқардым. Мемлекеттік қызметте жүрген жерімнен осыдан екі-үш жыл бұрын аудандық аурухана басшысы Яхия Шорабаев аурухананаға жөндеу жұмысы жүргізілетін болып, соның басы-қасында құрылысшы ретінде болғанымды қалап, мені шаруашылық жөніндегі орынбасарлыққа қызметке шақырды. «Елдің азаматысыз ғой, науқастарға көрсетілетін ем-шаралардың қалыпты болуына бірден-бір қажеттілік – аурухананы талапқа сай етуге сіздің көмегіңіз керек болып тұр» деген соң кәсібіи көмегімді көрсетейін деп осы мекемеге келдім. Қазірде орталық аурухананың іші-сыртын, айнала көркейту-көгалдандырылыуын талапқа сай етумен қатар ауылдық жердегі 36 денсаулық мекенінің жағдайын, жылыту жабдықтарын жаңалауда арнайы мамандарыммен барып, тікелей өзім қадағалап отырамын. Бір тілегім, қазіргі жастар бойында көптің мүддесіне келгенде осындай жанашырлық болуын қатты қалап тұрамын.
– Отбасыңыз жөнінде тоқталып кетсеңіз.
– Төрт перзентіміз бар. Үлкен ұлым Дәурен ДГМСИ-дің түлегі. Еңбек жолын заводта қарапайым жұмысшылықтан бастап бас директорлыққа дейін жоғарылады. Қызым Дана Халық банктің аудандық филиалында менеджер, одан кейінгі ұлым Руслан Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлы институттың түлегі.  Халыққа қызмет көрсету мекемесі аудандық филиалында инспектор, кенжеміз Айтмаханбет Еуразия университетінің құрылыс факультетін тәмамдаған. Шымкент қаласында тұрады, инженер.
Ел дәулеті мен сәулетінде айқын қолтаңбасы бар азаматқа еңбегіңіздің жемісін көріңіз демекпіз
Баян Үсейінова
26 желтоқсан 2021 ж. 9 098 0