Әділеттінің жаны әдемі
Алдымен елге болсын, айналам шат-шадыман күн кешіп жатса онда менің де көңілім орнында деген жарқын мұратты жадына сіңірген тұлға өз бақытын өзгелердің қуанышынсыз елестете алмайды. Нақ осындай қадір-қасиет екінің бірінің бойынан табылар болса бір-біріне қылаудай қиянаты жоқ мінсіз қоғам салтанат құрып, жер бетінде баяғыда әділдік орнар еді-ау. Өкінішке орай ондай жандар аз, тым аз.
Қаратау өңірінде қазақ қызы деген асыл атауға лайық нәзікжандыларды біршама қаламымызға арқау етіп келіппіз. Соның ішінде есімі елге етене жақын, отыз бес жыл ұлағатты өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан педагог, Жайылма ауылындағы №195 мектеп-гимназиясының басшысы, биылғы сайлауда халық қалаулысы ретінде «Нұр Отан» партиясы атынан мандат алып, қоғамға қызметін салмақты сабақтастырып келе жатқан жайылмалық ару Жанат Қалкөзқызы туралы жазу көптен ойымызда бар еді. Бірақ Жанат туралы жаэу бір мақаланың жүгі емес. Өйткені, оның тұлғасын жете кейіптеу үшін аржағында одан да күрделі болмыстың иелері – барша жетістіктің бастау бұлағындай қайран әке мен аяулы ана тәлімін тарқату ләзім, оны айтасыз, тұтастық тінінің алтын бесігі болған туған аулы Жайылманың жайдары тыныс-тіршілігінен тарқатылған сырға соқпай тағы кете алмаймыз. Жеке дара емес, соның барлығын қамтып оқырманға қалай жеткізе алар екем?
Бұл ауылдағы мектетің алғаш қазығы сонау алпысыншы жылдары қағылған. Осы Жанаттың көкелері болып келетін Бектас Жүсіпов ағамыз колхоздың төрағасы ретінде мектеп салу ісін бастандырып алғаш бастауыш, одан соң сезізжылдық білім беретін оқу ошағына айналған. Сексенінші жылдары мектепке директор боп келген Зияудин Әбіілқайыров Бөртескендегі иесіз қалған ескі мектептің материалын бұздырып әкеліп Жайылма ауылындағы мектептің төрт бөлмесіне тағы төрт бөлме қостырыпты. Бұл жұмысқа совхоз директоры Жоламан Кенжебаев көп қамқорлық танытыпты. 2003 жылдарға дейін Жайылманың ұландары осы оқу ошағында білім алып, ауданға әкім болып келген Нәжмадин Мұсабаевтың тікелей қолдауымен халықты жұмылдырып, асар әдісімен жаңа білім ордасы еңсесін тіктеді.
Біздің кейіпкеріміз – Жанат Жүсіпова ауылдағы осынау қарапайым оқу ордасының сексен бірінші жылғы түлегі. Кішкентайынан мұғалім болуды армандаған ол өздеріне 5 сыныпта ағылшын тілінен сабақ берген ұстазына қатты еліктегенін айтады. 9-10 сыныпты аудан орталығындағы №51 орта мектебінде білім алды. Мектепті бітірген 1981 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының «физика-математика» факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын алтын ұясы – №195 орта мектебінде бастайды. 1988 жылы мектеп директоры тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1994 жылдан бастап оқу ісі жөніндегі орынбасары, ал 2003 жылдан бастап мектеп директоры болып тағайындалды.
Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол!
Әкесі Қалкөз Жүсіпұлы шаруашылықта жылқышы болып абыройлы еңбек атқарған кісі. Бірақ осы Жанаттардың бала күнінен көріп өскені алыстан келген қонаққа әкесінің төрт қанатты отауының есігі қашанда ашық еді. Оған бір себеп, кезінде колхоз басқарма болған Бектас ағалары балаларының оқу жайымен Жаңақорғанға келіп орнығып, шаруашылыққа келген өкілдердің барар орны бауыры Қалкөздің шаңырағы болды. Одан да бұрын осы үйдің отанасы Әміркүл апаның берекелі болмысы өзінше өрнекті, мәнерлі мәдениетімен көпті риза етіп, талайдың есінде қалды. Бұл шаңырақтың төрінде кім сыйлы қонақ болмады? Алпыс бесінші жылдары Шалқияда қорғасын-мырыш кені бар екені айқындалып, геологиялық барлау партиясы іске кііріскенде сол жұмыстардың беталысын көруге сол кездегі Қазақ ССР Геология министрі Шахмардан Есенов келіп, сол кісіні Бектас ағалары Әміркүл апа жайған дастарханнан дәм татуға алып келді. Төріңе төре қонса төлеңгіттің де есебі түгел. Осы жолы Жайылманың қариялары құрметті мейман – Сыр елінің саңлағына су шығарып бер деген базыналарын жеткізіп, министрдің кен басшылығына тікелей тапсырмасымен ауылдан ұңғыма қазылып, мәселе заматында шешімін тапқан. Одан бері де Жайылмада бір жақсылық болса соның бір ұштығын осынау бір пейілі кемімеген киелі дәстүрдің көлеңкесінен көре білсеңіз жаңылмағаныңыз. Сондықтан да ісі сайыс, жігерлі мінезді Әміркүл сынды аналарды елдің бағы деп бағаласақ жарасады. Бұл ауылда не шара болса да соның басы-қасында бүкіл істі қолына алып, барын төккізіп, жоғын жеткізіп, ынтымаққа ұйыстырып Әміркүл апа жүреді. Жарының ерекше жаратылысын еріксіз мойындап, жақаурата болса да: «Әттең, оқығаныңда бір дөкей қызметтің құлағында отырар едің» дегенді айтқанда Қалкөз аға шынайы ризалығын да жасырмаған секілді. Ал әйел адам үшін ең әуелі қосағының разылығын алып қалғаннан артық нығмет жоқ.
Тіреуге емес, ақ тілеуге сүйенген
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын облыс әкімі Болатбек Қуандықов аудандарды түгел аралап, білім ошақтарының жағдайын көріп, кезінде асар әдісімен салынған мектептерді типтік үлгіде жаңартып қайта салу жөнінде шешім шығарған. Солардың қатарында біздің ауданнан Қосүйеңкі, Қыраш, Ақжол, Жайылма мектептері тізімге ілікті. Бізге кезек соңынан келер деп жайбарақат жүріп жатқан жайылмалықтарға жаңа мектеп бірінші кезекте салынатын болыпты, және мектеп болғанда қандай, облыс көлемінде жоқ, қаладағы Назарбаев зияткерлік білім ошағы үлгісінде пайдалануға берілген, заманауи архитектуралық ансамблі айшықты ақшаңқан алтын ұя ауылдың әрін жарқыратып ашып тұр. Ондай мектепте жүріп-тұру да мұғалім мен оқушыға, қазіргі тілмен айтқанда, үлкен мотивация.
2015 жылы облыстағы барлық мектептердің білім беру деңгейі, материалдық әлеуеті, сапа көрсеткіштері сарапқа салынып, рейтинг түзгенде содан басым шыққан 28 мектеп озық санатқа ендіріліп, соның ішінде іріктелген 22 білім ошағын сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев республикалық зияткерлік мектептер дербес ұйымының басшысы Күләш Шамшудиновамен меморандаумға отырып, Назарбаев зияткерлік орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасауына заңдық негізде жағдай тудырды. Осы 22 мектеп қатарына біздің ауданнан екі мектеп №110 мектеп пен №195 мектеп іліккен. Бұдан бұрын да ұдайы жаңалыққа ұмтылысымен ғана емес, ынтымақты тірлігімен танылып жүрген Жайылманың мектебіне жиі жол түсетін. Газет қызметкері ретінде білім саласы жетістіктерінен қол үзбей, жүйелі қатысып отырамыз. Әкім шыршасы өтеді екен дейді. Қайда? Жайылмада. Облыстық семинар өтеді екен дейді. Қайда? Жайылмада. Университеттен ғалымдар келіпті, сабақ өтеді, тренинг, коучинг дей ме, қазір ғылыми тәжірибенің түрі көп қой, соған қатысып ақпараттандыру міндет. Қай жақта өтеді екен? 195 – те, Жайылманың мектебінде. Бұл білім ошағының инновациялық мектеп деңгейіне танылуына ізденімпаз ұжымның осы көрсеткіштері негіз қалаған болу керек. Инновациялық мектептің артықшылығы неде? Жоғарыда айтқанымыздай, мектеп республикалық Назарбаев зияткерлік мектебі және «Дарын» орталығымен тығыз байланыста, ортақ бағдарлама негізінде жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде тың мазмұнға құрылған мектеп өмірі мен оқу-тәрбие үрдістерін ауданның қалған мектептеріне үйретуге мүдделі. Сондықтан да «Магнит мектеп» деген атауға ие.
Қазіргі таңда мектепте 354 оқушы білім алады, оған қосымша 40 бала мектепалды даярлық тобында, 40 бала мектеп жанынан ашылған шағын орталықта тәрбиеленуде. Білімгерлер жетістіктеріне тоқталсақ, 6 сынып оқушысы Абдуллаев Мұхамедәли «Зерде» ХV Республикалық конкурсының Гран-При иегері атанды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен EDU-STREAM компаниясы ұйымдастырған конкурстпа 8 сынып оқушысы Ғалиқызы Шұғыла жүлделі бірінші орынды иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталса, 11 сынып оқушысы Орынбасар Асылзат математика және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсына қатысып ІІІ дәрежелі дипломды иеленді. «Менің кііші отаным» атты облыстық жас тарихшылар байқауында Талғатқызы Аружан 1-ші орынды иеленіп, келер жылы республикалық ғылыми жобада сертификатқа ие болды. Республикалық «Бабалар аманаты» атты жыр оқу байқауына қатысқан Сейілхан Әбдуләзиз 1 орынды иеленді. Бұдан да басқа «Дарын» ғылыми жобалар конкурсында, «Зерде» конкурсының облыстық кезеңінде, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде мектептің отызға жуық оқушысы жүлделі орындарды иеленіп, туған мекен мерейін арттырғанын айтуға тиіспіз. Мектеп Робототехника саласы бойынша ауданда алдыңғы орында. Робототехника бағыты бойынша «ROBOFEST-2018» облыстық фестивалінде және 2019 жылы өткен байқауда Айбек Асхатбек, Орынбасар Айбек, Ахатай Нұрбақыт, Құлтас Сұңғат,Жолдасбек Райымбек жеңімпаз атанды. Бұл жеңісте ұстаздары О.Ахметов пен Н.Сартаевтың еңбектері ерен.
ҰБТ бойынша соңғы үш жылда оқушылар жүз пайыз грантты жеңіп алды. 2020-2021 оқу жылында білімгерлердің орта балдық көрсеткіші – 97 пайызды көрсетті. Биыл ҰБТ көрсеткіші бойынша екі оқушысы – Аружан Талғатқызы 125 балл, Асхатбек Айбек 115 балл жинап, «Алтын белгі» иегерлері атанды.
Аудан мектептерінен бірнеше жылдар «Алтын медальдың» ауылы алыстап кеткені белгілі. Табыс тарихын жаңартқан мектептің 76-жылғы түлегі Ибрагим Әбітаев болды. Ол кезде мектеп директоры Бимағанбет Зейдалиев болатын. Ол кісінің өзі зейнетке шығарда орнына ізденімпаз, батыл мінезді жас маман, өзінің оқушысы Жанатты ұсынған себебі бар. Мектеп ұжымы қатарына математика-физика пәні мұғалімі дипломымен қызметке кіріскен шәкірті бала тәрбиесінің бар сатысынан өтті. Мектеп жанында интернатта тәрбиеші де, мектеп кітапханашысы, ұзартылған күн тобының мұғалімі де болды. Алғаш сынып жетекшілік берілгенде мұғалімдер күніне ашық сабақ өткізетін болып директордың өзін қатыстыруға талап қылып, кабинетіне кіріп барғаны, оған сүйсінген басшысының бар мұғалімді ертіп сабағына кіргені өзі үшін ұмытылмас оқиға. Бірақ табыс атаулы осындай табандылықтан бастау алады ғой. Бүгін өзі басшының орындығында отырғанында қарауындағы жастардың өз жұмысын біліп, тыныш құлақ тымпиғаннан гөрі өзіне кеп «жүріңіз, сабағыма қатысыңыз» деп жұлқынып тұрғанын қалайтын тәрізді. Ешнәрсе мәңгілік емес, келешек жастар арасынан лайықты ізбасарларын тапқысы келеді.
Мектеп басшысының өзі иеленген марапьттарын тізбелеуді қажет деп таппадық, Қазақстан педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Үздік білім беру ұйымы – 2018» байқауында ол басқарған №195 мектеп-гимназиясы үздік деп танылды. Облыстық білім басқармасы және кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен жаңажылдық кеште «Ынтымағы жарасқан ұжым» номинациясын иеленді.
Барша жетістігім – ұстаздарымның арқасы
Кеше фейсбук желісінде осы мектептің түлегі, бүгінде аудандық аурухана жандандыру бөлімінің анестезиолог-реанимотологы Абубакиров Нұрсұлтанның ұстаздарына арнаған жүрекжарды алғысын оқып, көңіліміз толқыды. Ол өзінің барша жетістіктері үшін осынау ардақты жандарға мәңгілік қарыздар екенін жеткізеді. Мектеп басшыысының айтуынша, соңғы жылдары бұл ауылдан он екі медицина маманы шығып, әр тарапта тұлғалы қызмет атқаруда. Мектепте химия-биологиядан фундамент мықты болғаны ғой дейміз. Ия. Бұл пәндерден сабақ беретін ұстаздар – мектеп директорының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлары Бану Дәнебекова мен Ұлбазар Боранбаева.Екеуінің де есімдері республикалық деңгейде танымал. Сонымен қатар, ағылшын пәнінен білікті маман, мектептің кәсіби бағдар беру жөніндегі жетекшісі Гүлби Пахманованың өз шәкірті Тұржан осы оқу ошағын ағылшын тілінен үздіктер қатарына қосты.
Халыққа қызмет – абыройлы міндет
Халық қалаулысын бұл жолы аудан орталығында кездестірдік. Шалқиядан келе жатқан беті екен. Өзі сайланған округ халқымен жүздесіп, сайлаушылардың өтініш-тілектерін тыңдап, оны жоғарғы орындардың назарына ұсыну – депутаттық міндеті. Осы бағытта жалғыз басты аналар және көп балалы отбасылармен кездесіп, өз атынан төрт жасөспірімге оқу құрал-жабдықтарымен мектеп портфелін тарту етіпті. Шала тағдырлы жандарға шапағатын төгіп, шаттанғанын көруден артық шынайы бақыт жоқ. Өйткені пенде баласы қарақан басы үшін таудай жақсылық жасағанымен оның ләззатының ғұмыры келте, ал кісіге жасаған жақсылығың жүз жылдан соң да алдыңнан шығып тұрады. «Депутаттық іс-қимыл қосымша жүк болып, қажытып жүрген жоқ па?» деген сауалымызға: «Жоқ, қайта көзқарас көкжиегімді кеңейтіп, көппен қарым-қатынасымды арттырды. Ауыл өмірімен етене таныс болып, проблемалардың шешілуінің шынайы жолдарын табуға жұмыс жасап келемін» дейді ол.
Біз ел көңіліндегі ұстаздың еңбегінің шын өтеуіндей болған жоғары наградасы – Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдың иегері болуымен құттықтадық. «Мұның барлығы менің емес, ұстаздардың еңбегі» деді ол. Ия, мектеп жетістігіі сол жолда жанын салып жұмыс атқарған бейнеткеш бала бағбандарының енапат еңбегінің арқасы. Бірақ осынау «инемен құдық қазған» киелі кәсіп иелерінің маңдайынан құс ұшырмай, жанын салып қорғап, әрбір жақсы ісін қуаттап қолдап отырған сала саңлағының сеніміне селкеу түсірмеу жолында ұжымның әрбір мүшесі аласы жоқ таза көңілмен беріле адал еңбек етіп келе жатуы әділ басшыға көрсеткен риясыз құрметі де ғой. Мектеп мазмұны басқаруға байланысты. Осының бір дәлелі, таяуда жарық көрген «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына қазақ қызы Жанат Жүсіпованың есімі де ендіріліпті. Онда: «Еңбек жолы өнегелі, адами биік болмыстың иесі, әділдігі мен тәліміне сүйенген, қарапайымдылығын қастер тұтқан, жүрегі жомарт қазақтың қызы осындай құрметке лайықты» деген қатарларды оқыдық. Біздің де тоқсан ауыз сөзіміздің түйіні осы болсын.
Баян ҮСЕЙІНОВА