Қазақтың дәрігер қызы Францияның депутаты болып сайланды
«Мамандығы дəрігер Жанардың арқалаған жүгі онсыз да салмақты болатын. Ол – Франция денсаулық сақтау Кеңесінің мүшесі».
Журналист Гүлмәрия Барманбекова facebook парақшасына сонау Франциядан жеткен қуанышты хабарын бөлісті. Айтуынша, сол елге білім қуып барып тұрақтап қалған қазақ қызы Жанар Төребаева «француздардың халық қалаулысы» атаныпты, деп хабарлайды sn.kz ақпарат порталы.
«Бүгінгі таң сүйінші хабар əкелді! Смартфонымды ашып қалсам, Францияның Ренн қаласында тұратын Жанар Төребаевадан қуанышты хабар келіп тұр екен. Кеше француздар қазақтың қарадомалақ қызын муниципалитетке депутат етіп сайлапты.
Ренн – Бретания аймағының астанасы. Францияның бір аймағы болғанымен, бұл аймақтың өз Парламенті бар. Өз заңымен өмір сүреді. Осындай қала муниципалитетінің депутаты болу деген – үлкен жүк, орасан жауапкершілік» деп жазды Гүлмәрия Барманбекова.
Айта кетсек, Жанар Төребаеваның мамандығы дəрігер екен. Бүгінде ол Франция денсаулық сақтау Кеңесінің мүшесі.
«Оқу орнын бітіріп, қызметке қадам жасаған əр дəрігер осы Кеңестің алдында Гиппократ антын қабылдайды жəне оның мүлтіксіз орындалуын осы Кеңес бақылайды. Бұған қосымша, Жанар – Франциядағы Қазақстан елшілігінің Бретания аймағындағы Құрметті елшісі», - деген Гүлмәрия Барманбекова, оны жаңа қызметімен құттықтап, өзінің ақ тілегін арнаған.
Өзге желі қолданушылар да шетте жүріп шекесі қызған қандастарына құтты болсын айтып, жұмысына сәттілік тілеуде.