» » » Жарқын болашақ бастауы – жастар қолында

Жарқын болашақ бастауы – жастар қолында


Жастар – қоғам өмірін алға бастаушы прогрессивті күш иесі екенін қай қоғамда да дәлелдеп келеді.
Адам жаны рухани жұтаңданып, моральдық тазалықтан гөрі капитал құндылықтары басым сипат ала бастаған нарықтық кезеңде адамдық қалпын шынайы сақтап, ізгілік нормаларын таза әрі биік ұстауға талаптанып келе жатқан жас толқынның әрбір қадамы сүйсінерліктей. Осы тұрғыда "Жаңарған Жаңақорған жастары" қоғамдық бірлестігінің атқарып келе жатқан жұмыстарына аудан халқы куә.

Біз бұдан бұрын аталмыш бір­лес­тіктің жетекшісі Еркінбек Айнақожаевпен сұхбаттасып, қоғам­ның құрылған кезден бастап жұмыс жоспары, мән-мазмұны жөнінде тереңірек хабардар еткен болатынбыз. Бүгін осы қоғамның белсенді мүшесі "Руханият" бағдарламасының жетекшісі Дәулет Тұрабаевты әңгімеге тартқан едік. Ол бізге төмендегіше мәлімдеді.
– "Жаңарған Жаңақорған жастары" қоғамы төрт бағытта: Руханият, дін, спорт және білім бағытын қамтиды. Ерікті түрде жиналып, бас қосқан аталмыш қоғам ресми түрде тіркеліп, қор ашып, жұмыс жасауымыз керектігін заңгер ретінде ескертіп, оның мөрі мен шешімін заңдастырып алдық.
Руханият бағытында өзімнің атқарған жұмыстарыма тоқталсам, екі жыл қатарынан аудан жастары арасында "Анама хат" және "Әкеге хат" атты шара ұйымдастырдық. Бұл екі байқауға айтыскер ақын Ақмарал Леубаева жетекшілік жасады. Мақсат – жас өркеннің өз ата-аналарына деген ашық пікіріне қоғам назарын аудару, олардың іштей айта алмай жүрген ойларын ақ қағаз бетіне ашық түсіруіне жағдай жасап, отбасында орын алып жүрген қарама-қайшылықты мәселелерге әлеуметтің назарын аударуды мақсат тұтттық. Шынында да келіп түскен хаттар ішінен үздіктері анықталып, иелері сахнада өз хаттарын оқып берген кезінде жас талаптың көкірегінде қордаланған көзқарасына куә болып, қоғамға үлкен ой тастадық десек болады.
Осы жылдың ақпан айында орталық мешітте жастар арасында Құран оқу жарысын өткіздік. Тәрбие мәселесінің биік шыңы – имандылыққа баулуда аталмыш шараның маңызы зор. Ауданға береке кірсін деген игі ниетпен ұйымдастырылған шарада Бас жүлде иегеріне Мекке қаласына қажылыққа жолдама берілді. Қалған үш орынға да заттай сыйлықтар берілді.
Тек руханият саласы ғана емес, қоғамның барлық мүшесі елдің рухани әлемінің жандануына өз үлестерін қосып келеді. Мәселен, бүгінгідей елде пандемия жағдайы орын алып отырған ауыр кезеңде жекелеген отбасыларына көмек көрсетуге жастар болып атсалысып келеміз.
Осы күндері Жаңақорған жастары ұйымдастыруымен ел амандығы үшін құрбандық шалып, дұға жасалды. Нақтылап тоқталсам, "Жаңарған Жаңақорған жастары" ерікті мүше­лері, аға буын өкілдері бірлесіп, құрбандыққа мал шалып, құрбандық еті мен азық-түлік өнімін тұрмысы төмен 17 отбасына таратып шықтық.
ИВЛ аппаратын алу үшін Жаңа­қорған халқы атынан арнайы есеп ашып, қаржы жинақтаудамыз. Олар­дың ішінде арнайы қорлардан да қаржы аударылуда. Осыларды жинақ­тай келе 7-12 дана аппаратқа дейін алуға қол жеткізсек деген ойламыз.
Дана қазақ "Садақаңды сауыңда бер" десе, хадисте садақа бәле-жаланы қайтаратыны туралы айты­лады. Осы мақсатта елдегі қалталы, кәсіпкер азаматтарымыздың қол­дауына сүйеніп, елге қолдан келген жақсылығымызды жалғастыра берсек деген ойдамыз.
– Дәулет, осы жерде өзіңнің еңбек жолыңа тоқталып өтсең.
– Мен аудан орталығындағы №163 ота мектебін бітіргенмін. Одан соң Семей қаласындағы Заң колледжінде білім алғанмын. Еңбек жолымды аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектордан бастап полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары қызметіне дейін жоғарыладым.
Еңбектен қол үзбей жүріп Орталық Азия университетін бітіргенмін. Қазір адвокат-заңгермін. Халыққа құқық­тық мәселелер жөнінде қызмет көрсетемін. Өзім мүшесі болып табылатын ерікті жастар қоғамында жастарға құқықтық бағыт-бағдар көрсетіп, олардың жұмыспен қам­тылуына белгілі әлеуметтік статусын анықтап, оқып, білім алу мәселелері бойынша заңдылықтың сақталуын жіті назарда ұстап, кәсіби көмегімді көрсетіп келемін.
– Қоғам жұмысына, келеше­гіне көзқарасың қандай?
– Жақсы, ізгілікті мақсатты ұстанған кез-келгенімізге қолдаушы көп. Өйткені қоғамның өзі жақсылыққа зәру. Қоғам құрылғалы қатарымыз нығайып, қажымай-талмай, әрбір жас өзінің негізгі жұмысынан тыс уақытта қоғам жұмысын жандандырып, белсенді атсалысып келеді.
Біздің көздейтініміз – қоғамдағы ең өзекті, көкейтесті мәселе. Оны шешуде жабылып, көп болып қолға алып, игілікті тәп-тәуір бастамаларды дүниеге әкелдік. Бүгінге дейін жай-күйі төмен үш отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы қаншама жанға қуаныш сыйладық. "Көп түкірсе – көл" екеніне көзіміз жетті. Біздің бұл тірлігімізді көріп, сүйсініп, қол ұшын берген аудан басшылығына, аға буынға да көп рахмет дейміз.
Біздің қоғамның ерікті мүшелері қатарында сан мамандықтың иегер­лерімен қатар мектепті кеше бітір­ген жас толқын да жоқ емес. Өзіміз құрып, жұмысын жүргізіп келе жатқан қоғамның келешегі мұнан да кемел.
Рас, алдымызда аға тұтып жүрген, батыл тұлғалы, сөзі де, өзі де өткір Қайрат Оралбеков сынды ағамыздың арамыздан мезгілсіз кетіп қалғаны жанымызды аяздай қарып жүр. Ол кісінің аудан жастарын бұқаралық спортқа, саулыққа-саламаттыққа тәр­биелеуде еңбегі ересен еді.
Асқар тауымыз құлағандай хал­де қалғанымызды жасырмаймыз. Сонда да жігерімізді жасытпай, қата­рымызды оң талап, орайлы бағдар­ламалармен толықтыра түссек дейміз.
Жас буын жігерлі аға толқынға қарап бой түзейді. Сол сападан көріну үшін бізге әлі де көп тер төгіп, еңбектенуіміз керек.
– Сұхбатыңа рахмет. Алдағы уақытта да жақсы жұмыстарың­мен таныла берулеріңе тілек­теспіз.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
19 шілде 2020 ж. 7 930 0