№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Тіршілік симфониясын тербеп келем»

«Тіршілік симфониясын тербеп келем»


Құдірет әу баста әрбір жаратылысқа ғажайып тіл бітірген. Табиғаттың да өз тілі бар. Тек оны екінің бірі ести алмайды. Ал естігенге табиғаттың тілі адамдарға қарағанда анағұрлым әсерлі, әуезі ерек, жүрегіңді суырып алардай нәзік те сыршыл. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деген атақты музыка зерттеушісінің ақиқат тұжырымын тұла бойынан өткерген тұма талантпен сұхбаттаса отырып, осы ойымызға одан әрі тәнті бола түскендейміз.


Ол бүкіл өміріне сүйеу болған сұлу музаны, құйттай жүрегін қуанышқа бөлеген құдірет әуенді, баяғыда алты – жеті жасында осы жапанда жалаңаяқ қой бағып жүргенде құлағына құйып алған екен. Көк, қызыл гүлдер жайқалған сол далаға қазір де аңсары ауып, бара қалса майда соққан самал желмен бірге жан-дүниесін балқытар бозторғай қанатына ілінген сол айнымаған саз-әуен – дала симфониясына жіпсіз байланып, бақыт теңізін кешкендей болады. Өткеннің елесіне айналған сәби күннің кіршіксіз тазалығы қатыгез қоғамнан әбден қажып, қасаңдана түскен сананы тербеп оятып, алпысты алқымдаған азаматтың жүрегін әлдебір мұң, әлдебір сағынышқа бөлейтіні бар. Өзіне шын табынған төл перзентіне ғана пейілі ауып, құпиясын бөліскен табиғат тілін түсінген тұлғаның өмір жолы да өзгеше өрнекке толы екен. Сонымен...
Кеңес заманының алғашқы білім министрі А.В.Луначарский «Интел­лигент деген кім?» деген сауалға «Ата-анаң жоғары білімді болуымен қатар олардан кітап қоры, пианино, басқа да мәдениетке қатысы бар дүниеліктер мұраға қалып, рухани сабақтастық жалғасын тапса сен өзіңді интеллигентпін деп санауыңа болады» деген екен. Бұл тұрғыдан келгенде, біздің кейіпкерімізді шынайы интеллигенцияның өкілі деуімізге болады. Өз әкесі және оның бауыры Мырзахмет ағасы домбыраның құлағында ойнаған кісілер екен. Мырзахмет ағасы ауыл мектебінде мұғалім, одан әрі ауылдық Кеңесте жауапты қызметтер атқарған. Ол мандалинді, скрипканы шебер меңгерген. Өнерге титтейінен құштар болған кішкентай Құлахметті алдына отырғызып музыкаға баулыған да ең әуелі осы ағасы. Ал мектепте пионервожатый болған Бакиров Нығмет ағайы, музыкадан сабақ берген Зинабдин Шермағамбетов ағайларының әсері өз алдына бір бөлек әігіме. Мектепте драмхордың белді мүшесі болды. Студент апасы Айымкүлдің үйге келгенде Құрманғазы оркестрінің антологиясы жазылған пластинканы алып келіп, құлағының құрышын қандырған куй сарынын жаттап алғанша тыңдаудың көл – көсір әсері тағы бар. Далада асық ойнап жүріп «Бақыт құшағынданы» сүйемелдеген оркестрдің үнін ысқырып айнытпай қайталайтын бұған балалардың барлығы таң қалатын. Бірақ қалаға арнайы музыка мектебіне барам деген балдырғанның арманы адыра қалған. Кейін ойлап қараса, қиялы қиянды кезген қарадомалаққа ауыл мектебінің өнегесі де аз болмапты

Бала ақын және ақ қар мен ақ қоян

Анасы бұған батырлар жырын көп оқытатын. Соның ішінде «Рүстем- дастанды» түгелімен жаттап алды. Жырды жатқа айтып отырып, ішіндегі оқиғаларды көз алдынан кезекпе-кезек өткізетін өрен іштей өзін батырға теңеп тезірек ержеткісі келетін. Әсіресе батырлар туралы кітаптың ішіндегі дәу-дәу суреттердегі басына дулыға киген, қолына қылыш ұстаған қабағы қату кең иық, сом жауырынды алпамса батырларға ұқсағысы келіп, өздерінше жалын күжірейткен көше балаларының соғыс ойынында сан рет майданға да кірді. Батырлар туралы дастандар ауыл баларына рухты ғана емес, ақындықты да тарту етіпті. Қансонарда аппақ қоянның ізін кесіп келе жатып, өзін батырға теңеген Құлахметтің өзі туралы шығарған өлеңдері қандай еді. «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» деген Махамбеттің өлеңі Құлахметтің тілімен түрленіп, «ақ қоянды аңдамай, аталар жолын жалғамай, жүріп келем қалғымай, қоянға тұзақ салдым-ай» сияқты болып арна тартып кете беретін.
Онжылдықтан соң арманы оңға­рылып, Қызылорда педагогикалық инс­ти­тутының музыка факультетіне оқуға түсті. Мұғалімдер құрамы қазіргіден мүлде бөлек, көбі өзге ұлт өкілдері. Жас талапқа мұның пайдасы көп болды. Өзіміздің ағайындардай емес, олар қиқаң-сиқаңға көнбейді. Бір рет тәртіп бұзсаң оқудан шығартып жібереді. Майя Вениаминова деген апайы басқалар он сегіз күндік демалысқа куеткенде мұны алып қалып тапсырмадан көз аштырмай, пианино құлағына байлап қоятын әдетін әлі күнге түсіне алмайды. Өзгелерден ерек үміт күткендіктен бе екен, содан жаман болмады бірақ, музыкалық аспаптарды шебер меңгеріп шықты. Бала күнінде мектепте Зинабдин ағайының жанынан қалмай баян аспабын үйренген талабы күйсандықты игеруде кәдеге асып, енді кәсіби деңгейде қатарының алдына қара үзіп шығуына қаладағы сол кезде музыка оқу орнының директоры, туған жездесі Бәден Айсыновтың да ықпалы аз болмады. Ол бірде жанұясымен қонаққа кетіп бара жатып бұған« Сыр сұлуы» ансамблі партитурасына «Ақ бұлақтың» нотасын қағазға түсіруді дайындады. «Сенің қолыңнан келеді» деп дем беріп, сенім білдірген аға көңілін қимай таң атқанша да отырса әлгі тапсырманы тап-тұйнақтай орындап шыққан.Міне, осы талмас талабының арқасы, бүгінде аудандағы бүкіл оркестрдің орындайтын шығармалар партитурасын жазатын алдыңғы қатарлы жалғыз маман өзі.
Оркестрде 20 адам болса бас домбыра, прима, виоленчель, тіпті сазсырнай мен шылдырмақтың, тұтас әуенін үйлестіріп нотаға түзіп шығуда кәсіби білім аз, түйсіктің алғырлығы, сезімнің ұшқырлығы қажет.
«Құлахмет Нәлтаевтан өзге ауданда пианиноның құлақ күйін келтіретін адам жоқ» дегенді еститінбіз. Ол сөздің де сырына қанықтық. Ия, «тауық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, әр кәсіптің өзіндік қыры мен сыры шексіз екен-ау деп ой түйдік.
Жоғары оқу орнын тәмамдап, туған жерге оралып, ауыл мектебінде ұстаздық етумен қоса Әлшекей атындағы өнер мектебінің қаз тұрып қалыптасуына бір кісідей үлесін қосты. Оркестрдің алғаш халықтық атағын қорғаған да Асқар Тоқмағанбетов, Шара Жиенқұлова бастаған комиссия құрамы алданда есеп бергендері көз алдында. Сол жолы қоңыр дауысты Зинабдин ағалары «Жан досым» әнін орындаған.
Құлахмет Нәлтаевтың алғашқы әні 1978 жылы ақын Әбділла Тәжібаевтың «Дала қызы» деп аталатын өлеңіне арнап жазылыпты. Одан кейін де бірнеше әндері туды.
Ол музыка мәнері мен адамның биік тұрпатты мәдениетін біртұтас әлем деп таниды. Кеңес одағы кезінде бұларға білімді солай берді. Қазірде музыкалық оқу орындарында талапкерлерді ұлттық дәстүрдегі музыкаға баулу көзделген. Біздің дарынды да, қабілетті түлектеріміз әлемдік деңгейде білім алуы керек. Музыкада шекара болмайды. Оның бай құнарынан адамзат нәр алуы тиіс. Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» немесе «Көзімнің қарасын» алайық. Брусиловскийдің өңдеуінде қандай биік көкжиекті бағындырып, әлемдік классиканың жауһар туындысына айналды.
– Ал өзіңіз биік сахналардағы қазақ өнері туралы не айтасыз? – деп сауал тастадық сұхбаттасымызға
– Қазақ өнерінің деңгейін той әндері төмендетіп барады. Бұған әншілер де көндігіп кеткендей. Осы жағына қарным ашады. Бірақ халық нағыз талантты қолдайтын күн туғанда бұл дерттен де арылармыз деп үміттенемін.
– Өзіңіздің биік сахнада өнер көрсеткен кезіңіз болды ма?
– Жас кезімізде талай конкурстарға қатыстық. Нақ қазір өзім болмасам да шәкірттерімнің топ жарып жүргеніне қуанамын. Серік Ибрагимов – менің шәкіртім, домбыраны, пианино, ямаханы меңгеруді үйреттім. Орта мектептен соң жоғары оқу орнына жетелеп апарып, қарапайым ауыл баласына қолұшын созуларын өтініп талай танысты жағаладық. Еңбегіміз құр кетті ме? Жаңақорғанды басқарған үш кісіні, ұстазы – мені қосып самолетке билетімізді алып, қонақ үйге орналастырып, Астананың Конгресс – холында өткен шығармашылық концертінің қонағы етті. Одан бөлек телевизиялық «Бенефис – шоуында» оның ата-анасымен бірге мен де құрметті қонағы болдым. Осының барлығы біріншіден еңбегімнің жанғаны, екіншіден текті ұлдың төрбиелілігінен деп түйемін.
– Өмір жолыңызды қуған пер­зент­теріңіз бар ма?
– Ұлым Сүндет өзім басқаратын Түгіскен өнер мектебінде мұғалім. Өнер шаңырағында 152 шәкірт тәрбиелеп келеміз. Бәрі дарынды. Оларға тәлім беретін ұстаздарымыз да шетінен кәсібіне шынайы берілген азаматтар. Оларды ауыл өмірінің шамшырағы деп атасам артық айтқандығым емес.
Ия, «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» дегендей, бүкіл өмірін өнерге арнаған, соның ішінде соңғы ширек ғасырын Түгіскен өңірінде жалғап, жалпы Қаратау етегіндегі қалың елдің намысын жыртып наркескен тұлғаларын тәрбиелеп келе жатқан нағыз өнер майталманы – Нәлтаев туралы бір үзік сыр осындай.

Баян Үсейінова,
Журналистер Одағының мүшесі
23 мамыр 2020 ж. 2 131 0