№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » БАС КИІМ – БАҚТЫҢ ТҰРАҒЫ

БАС КИІМ – БАҚТЫҢ ТҰРАҒЫ


Атам қазақ бас киімді жерге тастаса, бастан бақ таяды деп ырымдаған. Баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Киіп жүргенін ешкімге сыйламаған, бермеген. Олай болса бүгінде ұлттық бас киімді келеке етіп, әлеуметтік желіде жарнамалап жүрген «жарты бастар» неге қасиетті бас киімнің қадірін жете түсіне алмай жүр?
Қазақ ғұрпында жақсылықт­ың барлығы адамның маңдайы­на жазылады деген ұғым бар. Сондықтан бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге, басып отыруға тыйым салған. Төріне ілген. Ал қазір ше?
Қазір қазақтың бас киімі әлеуметтік желілерде мазаққа айналған. Ұлттық бас киімді киіп монша жағалағанды көрдік әлгі ғаламтордан. Сәукеле кию қыз балаға тән болса осы күні еркек кіндіктілеріміз де киіп экраннан сығалауды сән көретін болыпты. Тақия, бөрік, тымақ дегендерің қысық көз қытайдың арзан тауарына айналғалы қашан.
Бөгдеге сыйлама бағың таяды деп, төріне іліп, жоғарыға қоятын қазекемнің  бас киімнің түрі көп. Ер адамдар бөрік, тымақ, қалпақ, құлақшын, тақия, әйел адамдар сәукеле, бөрiк, қарқара, кимешек, жаулық, күндiк, желек, шәлi, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық секілді бас киім түрлерін жас ерекшеліктеріне қарай таңдап киген. Қыз бала ата-ана ұясынан ұшып ұзатылғанда киетін сәукеленің тыр жалаңаш қаллпында басына киіп желіні шулатқан желөкпе құрбымызды халық жерден алып, жерге салып, елден қуу керек, қазақтың ұлттық киімін мазақ еткені үшін соттау керек деді. Бірақ қоғам қанша шулағанымен нәтиже болмай, сәукелеміздің сағы сынды. Елдің ашуы енді басыла бергенде тепсе темір үзетін апталдай жігіттер де жалаңаш денесіне жартылай шапан жауып, көптің ызасын тудырды. Ең сорақысы танымалдылыққа ие болғысы келетін жастар үшін ұлттық киім қолжаулыққа айналды. Бұдан не байқауға болады? Халқымыздың ұлттық құндылығы саналған қадірлі киімнің жарты бақыр құны қалмай бара жатыр.
Егер бұл қыз бен жігіт көршілес мұсылман елдерінің азаматы болғанында «ұлттық киімді қорлағаны» үшін деп жауапкершілікке тартылып,  тиісті жазасын алар еді. 
Хош. Енді ұлттық бас киімдердің қадір-қасиетіне тоқталып өтсек.
Қазақтар бас киімді үйдің құты мен берекесі, басқа қонған бақтың "тұрағы" деп есептеген. Сондықтан оған қатысты ырым-тыйымдар өте көп. Сол үшін де қазақ ұғымында бас киімді тарту етпеу, ауыстырып кимеу, бас киімді қабаттамау сияқты сенімдер осыдан қалған.
Айы-күні жетпей дүниеге келген бала үшін тымақтың алар орны орасан. Ал тымақтың өзі ел арасында қасиетті саналады. "Шала туып, тымаққа салып өсірген екен" деген сөз бар қазақта. Өйткені  шала туған баланы тымаққа салып, керегеге іліп қоятын дәстүр бар. Себебі шала туған сәби я ұстауға, я бесікке салуға келмейді. Ал тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болған. Шала туған сәби тымақ ішінде өсіп-жетілгенше керегенің басына ілініп қойылған. Бұл қазаққа ғана тән салт-дәстүр.Сонымен қатар, бас киімді таза әрі ұқыпты ұстап, жоғарыға іліп қоятын қазақтар оны кез келген жерге тастамаған, үстіне отырмаған, оны теуіп, лақтырып, терісінен кимеген. Бұлай жасаса, бастан бақ таяды, бас ауруына шалдығады. «Бас айналып, тіл байланып, иман қашады» деген нанымда болған. Бас киімді үйдің құты мен берекесі санаған.
Айта кететіні, ер адам әйелдің жаулығын басына салмаған, себебі еркектігі сөнеді, рухы жасиды деп есептеген.  Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпауға тиісті. Ақ —  әйел жаулығының, қара —  қайғының белгісі болған. Жалаңбас отырып, бала емізбеген, ас-су әзірлемеген.
Міне осылайша басқа қатысты киімдердің әрқайсысы бір-бір символикалық қызмет атқарған, өз орны болған.
«Бас жаққа барыспайық» деген бар еді, бас киімнің қадір-қасиетін жазамыз деп біраз жайды ақтарып салдық. Бірақ, бір нәрсе анық, ұлттық мәселеге келгенде бас ауырмай, «басы барларды» ұлтқа қызмет еткізбей қазақ өспейді, өнбейді.

Лаура БИБАСАРОВА
12 тамыз 2019 ж. 2 674 0