№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛАУЛЫСЫ

ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛАУЛЫСЫ


Жасы жиырмадан жаңа асқанда аты ауызға ілініп, атақты иеленді. Оған осындай биік мәртебені дала берген секілді, өзі де таңғажайып, тазалық пен тамаша қасиетті табиғаттан ала берген секілді. Алып қана қоймай, оны қиялының қанатына тұмар етіп тағып, бүкіл саналы ғұмырының сән-салтанатына айналдырды.


АЛЫП – АНАДАН

Әзияның бала жастан көзімен көріп, сәби көңіліне тоқығаны – күндіз колхоздың қара жұмысына жегіліп, түнімен диірмен тартып, қолы бейнеттен бір босамайтын анасының тауқыметін азайтсам деген арман еді. Әкесі Әбдіхалық Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сталинград үшін болған шайқасқа қатысқан жауынгер. Әпкелері Рахима мен Роза да ана қолқабысына жарады. Талай қамыс орып жүріп, мұздаққа түсіп кеткен анасының су болған киімін кептіріп, оттың басында қалғып отырар қажыған кейпіне жаны ашып, жанына жалау болуға асықты. Осындай ниетпен Әзия онжылдықтан соң тракторшылар дайындайтын курста оқып, техниканы игеруге ұмтылды, сондағы ойы үйдің отын-суын, малдың жем-шөбін түгел мойнына алмақ.
Жас қыздың осындай ауыр кәсіпті ырқына бағындырып, техника тізгінін ауыздықтауына анасын аяудан туған алапат махаббат жігер берді.
Бір күні егіс алқабында тіркемелі трактормен қырманға күріш тасып жүрген. Қамбаға кезекті тасымалдаған астығын құйып бола бере қасына астына ақ боз ат мінген, көкірегі есік пен төрдей дәу кісі келді. «Шырағым, кімнің қызысың? – деп сұрады. «Таңсұлудың» деген бұған одан сайын жылыұшырай қарап: Маңдайыңның жұлдызы жарқыраған қыз екенсің, айналайын. Таудай талабыңа жет, – деп батасын берді. Бұл үйге енген бетте көргенін анасына жеткізді.
– Апа, жолбарыстай үлкен кісіні көрдім. Сізді таниды екен. Сонда анасы: Ә, бұл Зұлпыхар Мұсаханов деген ағаң. Аузы дуалы кісі ғой, айтқаны келсін. Ол кісі талай тарыққанымда мені де жақсы сөзімен жұбатқан, канал қазып жатқан шағымызда жағдайымызға қарасып, жақсылығын аямайтын, - деген еді. Әзия ең алғаш марапатқа ұсынылғанда осы ағасы қуанып, анасын алдымен келіп құттықтаған. Сол кезде анасы Таңсұлу қуаныштан жылады. Бәрекелді-і, нар тұлға санап жүрген қабағы түксиген дәу ағасы да суланған жанарын орамалымен сүрткіштеді. Екеуі де жігерін құм етіп, тарықтырған тым-тым ауыр тағдырдың жылт еткен сәулесіне тәубе етті ме екен. Осы бір көрініс шынашақтай мұның жүрегін шымыр еткізіп, мөлдір мұң қабыздатып қоймай, келешегіне асқар таудай аманат арқалатып кетті...

ЕҢБЕК – ЕР АТАНДЫРАДЫ

Жап-жас қалпымен маңдайалды механизатор атанып, жүлдені бермеген Әзия енді комсомол жастар бригадасын құрып, өз қарауына шаруашылықтан 80 гектар жер алып, күріш екті. Жыл сайын оның әр гектарынан 70-80 центнерден өнім алды. Осы тұста ғой, Республикадағы ВЛКСМ-ның І-хатшысы Серік Абдрахманов ауданға арнайы сапарында Әзия басқаратын қыздар звеносының жұмысымен танысты. Комсомол басшысын Әзия бұдан бұрын Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, ұтып алған «Москвич» көлігімен өзі алып жүріп, агроаймақты түгел аралатты. Осы жылы ел байлығын еселеудегі еңбектері ескеріліп, звено жетекшісі Әзия Қыстаубаева Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. 1984 жылы ол кеудесіне жарқыратып Еңбек Қызыл Ту орденін қадады. Алтын жұлдызды қыздан «Времядан» келген мәскеулік тележурналист сұхбат алып, Одақ көрермендеріне таныстырды. Бұдан бұрын «Кім білгір? Кім тапқыр?» деген тақырыпта Қазақстан телеарнасында ұйымдастырылған телевизиялық байқауға (жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы) арнайы шақыру алып, соған қатысып, І-орынды жеңіп алған болатын. 1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Ол осы жылдары аудан орталығындағы №163 орта мектебі құрылысын бастандыруға, Түлкілі су қоймасын салдыруға маңдай терін төкті. Сол кездері қабырғасы құлап, жарамсыз болып қалған «Екпінді» мектебінің орнына жаңадан білім ошағын салдыру үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысына жағдайды жеткізіп, екі жатақхана құрылысы есебінен 200 орындық мектеп үйін салдыруға қол жеткізеді. Ол Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің кезекті шақырылымына екінші мәрте депутат болып сайланған 1985-90 жылдар аралығында да өзіне артылған ел аманатын абыроймен атқарды. Жиделі топтық су құбырын мемлекеттік жоспарға ендіруге ықпал етті. Екпінді елді мекеніне су құбырлары тартылды. Ол кезде Шалқияның дүрілдеп тұрған кезі. Теміржол үстімен сегіз бағытта жолаушылар және жүк көліктері ағылады. Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі үшін теміржол үстінен аспалы көпірдің құрылысы да осы Әзия апаның қозғауымен азғантай уақытта салынып бітті. Өзінің беделі мен депутаттық сауалын салмақтап ел ішіндегі қаншама қолы қысқа, жәрдемге зәру жандарға қамқорлық жасады десеңізші. Мәселен, сол кезде денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановқа арнайы кіріп, жүріп-тұра алмай қалған ауылдас азаматтың ауруханада ем алуына жәрдемдесіп, протезбен қамтып, арнайы автокөлікке ие етті. Облыстық мәдениет басқармасының араласуымен ауылдағы клубты музыкалық аппаратуралармен жабдықтады. 1986 жылдың маусым айында ол «Сунақата» кеңшарына партком секретары, 1992 жылдан бастап ауылдық Кеңес төрайымы, ал 1994 жылдан бастап Сунақата ауылының әкімі болып тағайындалды.

ӘКІМ БОЛ,
ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ

Сунақата ауылдық округінде кейін Екпінді ауылы бөлінгенге дейін 3 мыңның үстінде тұрғын халықтың әлеуметтік қал-ахуалын арттыру бағытында әкім Әзияның еткен еңбек, төккен тері өлшеусіз. 2005 жылы Екпінді бөлімшесіне тас жолдар салынды. Аудандық бюджеттен 5 млн. қаржы қаралып, ауыл халқы жартылай ауыз сумен қамтылса, 2008 жылы толықтай Жиделі топтық су құбырына қосылды. 2008 жылы ауылдық округке бөлінген 1 млн. қаражатты көшелерді жарықтандыруға бағыттап, ел халқы 2009 жылдың жаңа жыл сәті соққан сағат 12-ні самаладай жарық ауылда қарсы алып, бір жасап қалды. Бұл тәжірибе өзге елді мекендерге өнеге болды. 2005 жылы су тасқыны қаупін алдын алуға байланысты төтенше жағдайлар жөніндегі жауапты басшы М.Көпейдің елге сапарында су қашыртқыларын қаздыруға қол жетті. Осы жылы жас мамандарға мемлекет тарапынан көмек ретінде «1000 үй бағдарламасы» негізінде 50 пайыз жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, 12 жас отбасы баспаналы болды.
Әзия апайдың басшылық ұстанымындағы ең басты мәселе – елдің ауызбірлігі болды. Міне осының жемісі болар, ол ел басқарған жиырма төрт жылда ауыр қылмыс тіркеліп, ешкім сотты болмаған. Анау-мынау орынсыз оқиға, ұсақ-түйек заң бұзушылықтар ағайын арасында талқыланып, ауылдың үлкендері, ақсақалдары болып телі мен тентекті өздері-ақ жөнге салып отырды. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан алыс үрдісіміз кейінгі кезде медиация деген терминмен тәжірибеге ендіріле бастады ғой. Ал бітімгершілік жағдайында мәселені бейбіт шешіп, келелі келісіммен елдің берекесін кетірмеуге ұмтылуға сунақаталықтар бұрыннан байыпты қарап келеді. Бұл бағытта арғы-бергіні тереңнен салмақтап, мемлекеттік басқаруды сапалы іске асыруда ауыл әкімі жалғыз-жарым қайрат қылумен мәселе шешілмейді. Жанына жалау болып, ел мүддесі жолында жанашырлықпен қызмет жасап, жәрдемін аямаған ел ағалары байырғы мектеп директоры ардагер ұстаздар Мырзабай Торғаев, Есенгелді Ержігітов, Темірбек Өмірәлиев, Әбдірашит Балғабаев, шаруашылық саласының өкілдері Абдрашит Темірәлиев, Тұрдыбек Балабиев, Амангелді Түкібаев, Әкім Мұратбеков, Қали Әділбеков, ауылдық әйелдер кеңесі төрайымы Ұлбала Әлменова, балабақша меңгерушісі Гүлнар Матееваларға Әзия апайдың да айтар алғысы шексіз. «Жалғыз ағаш орман емес» дейді, көп болып, жұмылып, ортақ игілікке бағытталған іс баянсыз болмайды екен. Талай екіге айрылайын деп қалған отбасыларды жарастырып, босаға беріктігіне негіз қалаған, теріс қадам жасап, адасқандарға жөн бағыт сілтеуде аналық ақылын аямаған Әзия апаның ықпалымен қаншама жәутеңкөз жетімдіктің қамытынан аман қалды. Осы жерде мына тәмсілді келтіре кетейік. «Бірде әкімнің алдын әдейілеп тосқан бір кісі ол қасына жақындағанда жерден тұқшыңдап бірнәрсе іздей бастапты. – Ау, не іздеп келесіз? – деген әкімнің сұрағына әлгі кісі: «Мен Хазіреті Омар сынды әділ әкімді іздеп келемін» деген екен. Келесі күні әлгі кісіні әдейілеп кездестірген әкім бірнәрсені іздеп келе жатқан кейіп танытады. «Әкім мырза, не іздеп келесіз?» деген сауалға: «Мен Хазіреті Омардың заманындағы сондай таза, пәтуалы, қанағатшыл халықты іздеп келемін» - деген екен.
Таразылай білгенге мұның астарында үлкен тағылым жатыр. Әкім біреу, халық тіреу. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы тағылымды ел басқару ісінде таразы ете білген, табиғаты нәзік, бірақ нар жолында жүк қалмас қайратына жүгінген, елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, биіктерден көрінген әділ басшы, іскер ұйымдастырушы, қоғам қайраткері.
Әзия Қыстаубаева үш жылдан бері аудан әкімінің әйелдер ісі және отбасы демографиялық саясат жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып келеді. Аудандық мәслихат депутаты. Әзия апа осынау еңбек жолында жеткен жетістіктерінде отбасы орнын айрықша бағалайды. Өзі келін болып түскен әулеттің иесі Нәлтайхан Қыжыров ақсақал мен енесі Розаның өз қыздарынан кем көрмей, мәпелеген мейірбан қамқорлығының арқасында алды-артына алаңдамай азаматтармен теңдей қызмет атқарып, маңдайына біткен бақты қайтармады. Ауыл халқы да өз қызымыз деп еркелетіп, алақанына салды. Аманатқа адал халық қалаулысының бар мақсат-мұраты осынау кіршіксіз пейілді ақеділ халықтың көңіліне қылаудай мін түсірмеу. Оған бұл жолда жолдасы Кенбайдың да жәрдемі мол. Балаларының тұңғышы Балжекесіне кәдімгідей арқа сүйейді. Екінші ұлы Ғаниы да анасына тірек. Абдулласы студент. Қыздары Анар мен Әйгерім бірі денсаулық, бірі ағарту саласы өкілдері.
Өз өміріне өкпесі жоқ, бақыттымын деп айтуға толық қақысы бар Әзия апайдың өмірден түйгені – елге еткен жақсылық егесінің жүзін жарқын етеді екен. Өмірде бұдан асқан бақыт бар ма?..
Көзін ашқаннан қоғамдық істерге белсене араласып, сол арқылы елге танылған халықшыл тұлға өткен өміріне ой жібергенде алдымен өзін осындай дәрежеге жеткізген қарапайым еңбегі аңызақ далада жер-анамен үнсіз тілдесіп, кең алқапты құшағына сыйдырардай құмарта қарап, таңды таңға жалғап бейнет қылған жастық шағының жалын күндері көз алдына келеді. Одан бері қаншама жыл өтті. Қаншама белестерді артқа тастады.
Өмірдің жаңа асуларын бағындырды. Жаңа достар тапты. Жаңа ортаға бейімделді. Әйтсе де алғаш өздері бас болып, ұран біріктіріп, алып техниканы ауыздықтауға жүректілікпен жол салған аймаңдай аруларды солардың барлығынан артық санап, артық бағалайды. Өйткені олардың жан дүниелері ортақ еді. Бүгінде бәрі де өз еңбектерінің жемісін көріп, ұл-қыздарының құрметіне бөленіп отыр.
Аудан бойынша әйелдер ұйымын қайта қалпына келтіріп, қоян-қолтық жұмыс жасауды мақсат еткен Әзия апай барлық елді мекендерді аралап, нәзік жандарды толғандырған мәселелерді көңіліне орнықтырып оралды.
“Әйел – қоғамның тірегі. Олардың бетін жақсылыққа бұру арқылы жер бетінде түгелдей жарасымдылықты орнатуға болады. Бұл жолда әйелдерге қолдау да, қамқорлық та қажет. Өзім осы бағытта ізденіп, қоғам мен отбасының арақатынасына терең талдау жасап келемін” –дейді аудандық мәслихат депутаты, қоғам жанашыры Әзия Қыстаубаева бізбен әңгімесінде.

Баян ҮСЕЙІНОВА
07 тамыз 2019 ж. 982 0