2024 ЖЫЛДЫҢ ЖЕТІСТІГІ: "БАЙКЕНЖЕ" АУЫЛЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП АШЫЛДЫ
Конституция және Білім күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданының "Байкенже" ауылындағы 150 орындық мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылыққа ізгі тілегін білдіріп, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтады.
«Бүгін, қос мереке қарсаңында жаңа білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне жиналдық. Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында соңғы жылдары білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып, заманауи жаңа білім ошақтары көптеп бой көтеруде. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде 733 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат ірі инфрақұрылымдық жобаларға, жол салуға, ауыз су, электр, газ желілерін жеткізуге, ескілерін жаңартуға, сөйтіп тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Әлеуметтік жобалар да назардан тыс қалмай, мектептер, қосымша білім және тәрбие беру орталықтары, емдеу мекемелері, мәдениет нысандары салынуда. Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. 100 млн. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 21 мектептің 10-ының құрылысы биыл аяқталады, тағы 11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі. Оның 2-еуі Жаңақорған ауданында бой көтереді.
Бүгін пайдалануға берілетін мектеп құрылысы былтыр басталған. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 936 млн. теңге қаралды», – деді аймақ басшысы.