№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ

ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ

   Қазақ елінің мәдени мұрасын бағалауда, оны саф алтындай сақтап, болашақ қрпаққа аманаттаған тарихи тұлғаларды санамалайтын болсақ, оның көш басында Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтердің шоқтығы биік. Олар қазақ ұлттының рухани-мәдени тұрғыда асқақтауына, тарихи жәдігерлеріміз бен рухани мұрамызды сақтауда үлеулі еңбек атқарды. Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында тұлғатану тағылымын тану мақсатында Темірбек Жүргеновтың тағылымды ғұмырына тоқталуды жөн көрдік.

Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысында Темірбек Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. Жас ұрпақ «ол болашақ ұрпақ ішін не тындырды?» деген заңды сұрақ қояры даусыз. Біз саған жауап іздесек.
Темірбек Қараұлы қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады.
Ол Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарған бірден-бір мемлекет қайраткері.
Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты. Қайраткердің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланды.
Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды. Онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев және т.б шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуына қамқорлық жасады.
Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.Затаевичке құнды мәліметтер берді. 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Т.Жүргенов ХХ ғасырдың 30 жылдары әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көп көңіл бөлді. Бұл өреде Б.Майлиннің «Шұға» пьесасының алғашқы қойылымына арналған «Ушуга» рецензиясын (Казахстанская правда, 1934, 21 маусым) атап айту жөн.
Бір қызығарлығы, Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей мақалалар жазған алғашқы қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген. Ол қазақ тілі туралы айтыстан шет қалмай, даудың ортасында ту ұстап жүрген. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды, әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып көпшілікке түсініксіз болуынан сақтандырды. Осы тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында өрбіткен ол 20 жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға келмейтін, қазақша дәлме-дәл мағынасы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынды.

Ұлт мұратына адал мемлекеттік қайраткердің қазіргі ел басқарып отырған қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарайтын шенеуніктерге тағылымдық сабақ болатын ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын, қиын-қыстау кездегі намысты әрекетін өзге ұлт өкілі белгілі сазгер Е. Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам ғана өзге ұлттан. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілердің ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлегені жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті... Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шаншылды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» – деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! ...Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» – деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».

Жүргенов тоталитаризмнің қылышы жалаңдап тұрған ХХ ғасырдың 30-жылдары репрессияға ілікті. Амал не, қайраткерлік қабілетінің нағыз қалыптасқан кезеңінде 1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. Қайраткердің зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекова Темірбек Қараұлы атылған күні абақтыға жабылды. 18 жыл ғұмырын АЛЖИР-де өткізді. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан бері 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш жігерін игілікті іске – Темірбек Қараұлының халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне сарп етумен келді. Айнымас адал жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші, мәңгілік өмірі басталды. 1957 жылы КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы Т.Жүргеновті толық ақтағасын, Дәмеш Ермекова жарының адал есімін халқына жаңғыртам деп фольклорист М.Байділдаевпен көп шаруа тындырды.
Қайраткердің туғанына 80, 90, 100 жылдық мерейтойды атап өту тұрғысында естелік-әңгіме, кітап шығарып, ерінің еліне істеген ерен еңбегін жұртшылыққа жариялай жүріп, өзі де өмірден өтті.
Міне, Темірбек Жүргенов қандай кісі болған?! Қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің болмыс-бітімі қандай? Осы біз «Абылай ханның түсіндегідей тым ұсақталып бара жатқан жоқ па?» – деген ой ойға оралады. Өйткені Жүргеновтың қадір-қасиеті бізге асқар тау болып көрінеді.

Ескендір ЕРТАЙ
30 шілде 2019 ж. 894 0