№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ауданда қаншама игілікті істер атқарылып, көпшілік рамазанның сауабынан құр қалмауға тырысуда

Ауданда қаншама игілікті істер атқарылып, көпшілік рамазанның сауабынан құр қалмауға тырысуда

  Әне-міне дегенше, отыз күн оразаның жиырма күні де өте шықты. Айлардың сұлтанында адамзат баласы рухани кемелдікке қол жеткізеді. Таңның атысы, кештің батысы Жаратқанның ризашылығы үшін нәр татпай, парыз амалын орындайды. Ізгілік жолында сауапты істер атқарып, ақіреттік азық жинады. Қасиетті ай барысында жасалған әрбір қайырымдылық істің қайтарымы 10 еселеніп беріледі. Өзгені қуанта білудің өзі үлкен сауап. Ақиқатында Рамазан – сауап «сауатын» сәт. Игі істердің сауабы еселеніп жазылатын айда бір минутты мейлінше жақсылыққа арнасақ.

Жаңақорған жастарына рахмет. Жақында оразаның алғашқы күнінде Ерболсын Серікұлы мен Мөлдір Бекболат үйлену тойында көлік серуенінен бас тартып, 100 мың теңгеге қайырымдылық акциясын жасады. Аудандық мешіт ауласында тұрмысы төмен 10 отбасына азық-түлік өнімін үлестірді. Одан араға бір жеті салмай жаңақорғандық Жасұлан Бердазимов та көлік серуеніне кететін қаржыға 7 тұл жетім жанға садақасын берді. Жас жұбайлардың жақсылықта жарысуы алдағы уақытта да жалғасын табарына сенімдіміз.
Осы тұста, Пайғамбарымыздың (с.а.с) бір хадисін айта кеткен жөн. «Кімде-кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді», – делінген. Яғни, кімде-кім игі істі бастаса, одан кейін ол жалғасын тауып жатса, онда алғашқы бастаушы кісіге де сауабы барады. Айтайын дегеніміз, ауданда тұңғыш болып өткен жылы Байкенже ауылының тұрғыны Мақсат Әлиев пен Гүлдаурен Алшынбай өздерінің үйлену тойында көлік серуенінен санал түрде бас тартып, ол қаржыға қайырымдылық акциясын жасаған болатын. Міне, енді осы игілікті іс жалғасын тауып, сауапқа кенеліп жатыр. Әсіресе, Рамазан айындағы мұндай жақсылықтар он еселенетіні хадисте айтылған.
Бұл бір. Енді екіншіден, Түгіскенде Тайыржан деген имам бар. Тегі Сайфназаров. Осы кісі өткен жылы тамаша бір бастамаға себепкер болған еді. Өзі тұратын көшеге күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдар орнатқан болатын. Енді міне, араға жыл салып, қасиетті Рамазан айында жақсылық жалғасын тапты. Ауыл әкімі Сардар Садықов ауыл көшесіндегі 10 бағанаға 10 жарық шам қойса, ауыл мешіті жамағаты да өзге көшеге 10 дана жарық шам қойып, елдімекеннің жарықтануына үлесін қосты. Тайыржан молданың айтуынша, ораза айының соңына дейін бас көшенің біріне ауыл жастары бірігіп 50 күннен қуатын алатын жарық шам қоюды жоспарлап отыр екен. Ел игілігі жолындағы қандай тамаша бастама. Бәлкім, бұл оразаның берекелі ай екенінің белгісі шығар. Бұдан бөлек, ауданда қаншама игілікті істер атқарылып, көпшілік рамазанның сауабынан құр қалмауға тырысуда.
  Әрине, менің де жақсылық жасағым-ақ келеді. Бірақ, қаржылық мүмкіндігім шектеулі деп ойлайтын жандар да кездеседі. Ақиқатында, қарапайым ғана жол үстінде жатқан түйір тасты, жол шетіне шығарып тастауыңның өзі Алла алдында үлкен сауапты амалға айналары сөзсіз. Одан бөлек, қиналған бауырыңа қол жәрдем һәм сөз жәрдем беруіңнің өзі – сауап.
Түйіндей айтқанда, жақсылық – ол панасыз қалғанға пана бола білу, жетім-жесірге демеу болу, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету. Жақсылықты ешбір міндет күтпей жасау. Күш-қуатын, тәжірибесін, мал-мүлкін, мейірімін, дүниелік пайда көздемей бөлісе білу. Жаратқанның разылығы үшін, көршіңізге беріп жіберген бір табақ тамақтың, не жол сұрағанға жол сілтегеннің өзі үлкен жақсылық. Сондықтанда қасиетті Рамазан айында һәм жыл он екі ай бойы жақсылық та жарысуға жалықпайық...

Әбдісамат ӘБДІШ.

29 мамыр 2019 ж. 1 112 0