Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ЕҢ ҮЛКЕН БАЙЛЫҚ


Орталық аурухана ауласында өзі іздеп келген кісінің атын атап, озандап жүрген ер кісінің дауысы әлден уақытта екінші қабатта жатқан Сәбденнің де құлағына шалынды. Елең етіп, терезеге жақындап көрінейін деп еді, әлі келмеді. Әлгі дауыс әлден уақытта ұзын коридордың басынан шықты.

– Әй, қыздар, осында Сәбден Әбілұлы деген кісі жатыр ма? Шәуілдірден келіп тұрмын. Әкесі түсіме еніп, осы ауруханада жатқанын айтып аян беріп еді. Бірақ қай палата екенін сұрап қалмаппын.
Зорлана жымиған Сәбден деу де болса өзін іздеп келген жанның тегін емесін сезді. Сәлден соң иығына ақ халат ілген, ақ сәлделі, жинақы киінген, жүзінен нұр тамған, аққұба өңді, орта бойлы, реңді кісі есіктен енді. Басын көтеріп, отыруға ыңғайланған мұны көре сала күлімсіреп кеп амандасып, маңдайынан сүйді. Жүрегі шым ете қалған Сәбден де кешеден бері көз алдына елестеп, елегзи күткен осынау бейнені – баяғы бала кезінде мұның ілімімен айналаға атағы шыққан әкесінің жанынан бір елі қалмай, шәкірті болып дәріс алып жүретін бозбаланы одан бері неше жыл өтсе де жазбай танып, құшағынан босатпай біраз отырды. Көзінен тарам-тарам аққан көз жасын тия алмады. Балалық шағы өткен атамекеннің лебін өзімен бірге ала келген әкесінің көзін көрген, тәрбиесін ала жүріп, өздерімен сыралғы туыстай болған жанмен бар сағынышын бөліскісі келді.
– Аға, әкем соңғы демі таяп, үзілерде өзінің үзеңгілестерінен де бұрын, жақсы көретін шәкірті сізді іздеп еді. Сол күннің кезегі маған да келген тәрізді. Әкемнің сүйікті шәкіртінің түсіне еніп, маған жіберуі де жай емес. Қолдан келсе, ем жасаңыз. Емі шипалы, сөзі дуалы әкемнен үйренгендеріңізбен мүмкін ажалдан аман алып қаларсыз. Әкемнің соқырды да емдеп, жындыны да жазып жіберетін кереметіне талай тәнті болғанмын.
Сырқаттың тамырын ұстап біраз кідірді. Иә, барлық дерттің шипасы бар. Ізденгенге емі табылмайтын сырқат жоқ. Тек туралап келген ажалға қарсы тұрар айла жоқ. Жазмыштың шарты солай, сол мезгілдің таяғанын сезді. Оның ауруды үйге алып кетемін деген өтінішіне дәрігерлер де қарсы болған жоқ. Түңілдірмеді де, қолдан келгеннің бәрін жасағандарын жеткізді.
– Туған үйдің қабырғасының да қасиеті болады. Үйге шыққан соң ауруын жеңіп, аяққа тұрып кететіндер де болады,-деп үміттендіріп қойды. Үйге келгеннен соң сырқаттың шынымен көңілі сергіп, ыстық сорпа ішкісі келетінін айтты. Келіні дереу ас үйге кетті де, бөлмесінде қонағы екеуі оңаша қалды. Ауру азабын бір сәт ұмытып, бай жасағандай болған ел ағасы қарлығыңқы үнмен сөз бастады.
Мен бұл облысқа комсомолдың І хатшысы болып жұмысқа келдім де сол күйі тұрақтап қалдым. Әкемді қолқалап қолыма алғаныммен көп ұзамай бақилық болды. Кейіннен қаланың орталығындағы мектеп-интернатына директор болып ауыстым. Оған да 25 жыл өтіпті. Осы уақыттардың бәрінде өз мүддемнен гөрі елдің баласының жағдайына көбірек алаңдадым. Бір өкінішім, өз балаларымды ешкімнен кем болмасын деген ниетпен барынша орысша тәрбиелеуге күш салыппын. Орысша оқыттым. Өйткені ол кездегі замана саясаты орыс халқын ұлы санап, мәртебесін биікке көтерді. Соларға жетеміз, ілесеміз деп жүріп, перзенттерім халықтық тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындай алмағанына қиналамын. Рас, мен де өз заманымның жауынгері болдым, партияның тапсырмасын орындадым. Бірақ бала кезімде әкемнің тізесіне отырғызып, құлағыма құяр қасиетті ұғымдар сәби санамда мәңгілікке сақталып қалды. Оның зиянын көрмедім. Қаншама қысылған жерімде тірек, жабырқаған сәттерде медет болды. Ал менің балаларым, мұның бірін білмейді. Бұған біз кінәліміз. Тәрбиенің ұлысы – әке тағлымы дейміз ғой. Құдайдан қорқудан аққан көз жасы сақалын жуып, маңдайын сәждеге қояр әкеме қарап бес уақыт намазы түгел, оразасын қаза қылмаған бұл кісілердің жанында түктен хабарымыз, еш амалымыз жоқ біздің жағдайымыз не болады деген үрейге еріксіз берілуші ем. Осы қорқыныш сезімі өмір бойы төбемнен біреу қарап тұрғандай қадамымды қия бастыртпай, қиянаттан аулақ етті. Бүгінде қоғамды жайлаған жемқорлық дерттен оның жазасын ауырлату арқылы емес, саналы түрде, әрбір жанды кішкентайынан ары мен ожданын иман таразасына сап, салмақтауға тәрбиелеу арқылы арылатынымыз ақиқат. Өйткені ар соты ақшаға сатылмайды.
Одан әрі сөйлей алмай ентіккен сырқаттың сырылдаған көкірегіне дереу алақанын басып, «Ясинды» зауылдата жөнелген ілім иесі жаны қиналған одан жүзін бұрын әкетсе де оқуды тоқтатпады. Келесі сәтте қап-қара боп көгістеніп кеткен марқұмның реңіне қан жүгіріп, тіпті күлімсірегендей қалыпта мәңгілікке көз жұмуына қарап: – Жарықтықтың жаны шығар алдында көзіне жәннаттың бағы елестеді, – деп жорыды.
Сәбденнің жан-жақтағы ұл-қыздары жаназаға үлгеріп жетті. Қыздарының арасында екі аяғы протез бойжеткеннің әсіресе ышқынып жылағаны бәрінің көзіне жас алдырды.
– Бұл Сәбденнің асырап алған қызы,-деп сыбырлады бұған жанындағысы. Интернаттан үйіне ауыстырып, қолына алып, өз әкесіндей қамқор болды. Қос балдағын тастатып, протез істетіп берді. Шымкенттегі колледжді бітіріп, бүгінде тұрмыста.
Жерде жетім жыласа көкте Алла дірілдейді. «Жетімге кім зәбір қылды, мен оны тозаққа тастаймын» десе, жетімді есіркеп, басынан сипағанды жәннатпен сүйіспеншілеуді уәде еткен.
Ел үсті-үстіне жиналған сайын, олардың түрліше лебіздеріне куә болып жүрегі елжіреген молда марқұмның өзіне аманаттаған сырын ұл-қыздарына жеткізуге асықты.
Ата-ана алдындағы борыштарыңды өтегілерің келе ме? – деді оларға жағалай қарап. Бұл міндетті ата-ана көз жұмған соң да жалғастыра аласыңдар. Оның алғашқысы ата-анаға бағыштап үзбей дұға жолдауды жалғастыру, екіншісі ата-анаңмен араласқан достарын сыйлап, құрметтеп, олармен қарым-қатынасты үзбеу, үшіншісі халыққа пайдалы бір азамат болу. Осы қасиеттерің арқылы ата-ананы сұраққа тартылудан құтқара аласыңдар. Ата-ана кешірілуіне шапағатшы болумен қатар өздеріңнің де істеріңде табысқа жетіп, абырой мен бақытқа кенелесіңдер. Ең үлкен байлық – иман байлығы. Дүниеде жиған-тергенің де, малың да жұтап, әп-сәтте кедейленуің мүмкін, ал иман байлығы мол адам екі дүниеде де тарықпайды, абыройды иеленіп, мерейі үстем болады. Сендердің әкелерің сондай жан боп өтті дүниеден. Ұжымындағы қызметкерлер де бұл пікірімді қуаттайтын болар, – деді. Осы сәт Сәбденнің ұзақ жыл орынбасары болып істеген кісі орнынан тұрды.
– Мен ол кісінің адалдығына, тазалығына бір ғана мысал келтірейін. Бір күні интернаттың асханасындағы қыздарға жақсылап ет астырып, директор екеуміз іштен тамақтанатынымызды айттым. Түс кезінде кабинетке барып, дәм дайындатып қойғанымды жеткіздім.
– Ау, мұның не, баланың аузынан жырып сыбағасына ортақтасып, тамағымыздан қалай өтеді дедің? – деп күндегідей үйіне кетті. Мен шынымен таңырқадым. Текті жанның ешқашан ұсақтамайтынын, бақай есепке барып, бас пайдасын күйттемесін, іріліктен танбасын, арзанға аузын былғап, ар-ождан биігінен бір сәт те аласармасын түсіндім. Ол сол текті қалпынан ешқашан ажыраған жоқ. Тышқаншылап, дүниенің соңына түсіп, өзгеге қол жайған кезін көрген жоқпыз. Ұстаздардан тек нақты нәтижені, жақсы жұмысты талап етті. Ол кісі бізге сөзінен бұрын ісімен үлгі-өнеге болған, жарқын ісімен жарық сәуле шашқан шамшырағымыздай еді, – деп сөзін аяқтады.
Қанша жерден имандылығымыз оралды, дінімізбен қайта қауыштық десек те жеке басының қамы үшін обал-сауапты ұмытып, қылмыс жасаудан да тайынбайтын көптің игілігін де есебін тапса қанжығасына бөктеріп олжалап кетуді көздеп тұрар, тойымсыз нәпсісіне тойтарыс бере алмайтын бейшара жандардың көкіректеріне Құдіреттен ынсап пен таупиқ тілеп, рухани ұстазы алдындағы шәкірттің міндетін орындаған қонақ кісі келер күні ауылына қайтып кетті.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
19 мамыр 2019 ж. 971 0