№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

ҚАЗАҚ АРУЫ ҚАНДАЙ?


Жақында интернет арқылы американдық танысыммен сөйлесіп жатқанымда, ол маған бір сұрақ қойды. «Нағыз қазақ қыздарына тән ерекше қасиеттер қандай?» деген сұрағы маған өте оңай көрініп, мен бірден жауабымды жазуға кірістім. Алайда суреттеген бейнем қазіргі заманның қазақ қыздарымен екі түрлі болып көрінгесін, досымның сұрағына жауапты алдымен өзім біліп алғанымды жөн көрдім.


Жеке адамның пікірі ешқашан да объективті пікір бола алмайтыны тайға таңба басқандай. Ал бірнеше адамдардың пікірін өзара салыстыру арқылы, ортақ белгілерді тауып алуға болатынын түсініп, мен жақындарымның көмегіне жүгініп, «осы қазақ қыздары қандай болуы тиіс?» деген сұрақты қойып көрдім.
Әжем жауабын бастамас бұрын, қазақ қыздарының бойындағы батылдығын ерекше атап өтті. Өмірдің қиыншылығы әрдайым ер адамның иығына түскенімен, қастарында сүйеу болып, ер адамның басына түскен қасіретін «бөле-жара» көрген осы қазақ қыздары емес пе? Көптеген соғыстардың нәтижесінде жалғыз балаларынан айрылғанымен, тізесін бүкпей, басын тік ұстап өткен қазақ қыздары емес пе? Ұзын көйлектерінің орнына ер адамның шалбарын киіп, атқа мініп, ерлер жетіспегенде жауға қарсы аттанған біздің ержүрек батыл қыздарымыз емес пе? Қазақ қыздары ажалдан қорықпайды, бір қарағанда нәзік болып көрінгеніне қарамастан, жүректері батылдыққа толы, деп әжем ойын қорытындылады.
Атам болса, өз пікірін былай білдірді: қазақ қыздарының бойында маған ең ұнайтын қасиеті – ол мейірімділігі мен жүрек жылулығы. Мысалы, соғыс жылдарында өзінің қиын жағдайына қарамастан, панасыз қалған балаларды құшақ жая қарсы алуы да, бөтен бөбектерге өз балаларындай қарап, тәрбие беруі де - әр адамның қолынан келе бермейді, – деді.
Анамның жауабы бойынша, қазақ қыздары көзге өзінің ерекше тәрбиесімен және қонақжайлылығымен көрінуі тиіс. Өз үйінің тірлігін дұрыс, әрі пысық істей білген қыздың өмірінде барлығы да жақсы болады, деп санайды.
Әкем әдетінше әзілге бұрып: бұрын қазақтың қыздарымен танысу қиынға соғатын, деп күлімсіреп сұраққа жауап берді. Олар өте ақылды, әрі сөзге шебер болып, тәкаппарлығын танытатын. Көңілін аулау үшін, кәдімгідей қалың-қалың кітаптар оқитын едік. Ал белінен келетін бұрымдарын көргенімізде тіпті жүректеріміз лүпілдеп, махаббат сезіміне құшақ жая «жығылатынбыз», деді ол тағы да күліп.
Енді мен өзім жасты досыма жақындап, дәл осы сұрақты қойғанымда жауап мынадай болды: бұрынғы заманда қыздардың қандай болғанын айта алмаймын, бірақ қазіргі көріп жүрген қазақтың қыздары айтылып жүрген стандартқа мүлде қарама-қарсы. Әрине, бес саусақтың бірдей еместігін мен жақсы білемін. Десек те, қазіргі қазақ қыздары әдемі болып көріну үшін шаштарын сан түске бояп, «ұзын көйлек» тіркесін әбден ұмытқан. Осы кейпін толықтыру үшін аузын темекімен, ал қолын сырамен «безендіреді». Ер жігіттердің ішкі дүниесін әбден сынап, жұмбақ тәрізді жүректерін аулайтын қыздар қазір даңқ, ақша тәріздес суық есепті көздеп, өздері де танысуға бейім. Ал сөзге «шешен, тапқыр» екендіктерін әрбір екі сөзінің арасына қыстырған дөрекі сөздермен білдіруде, деген досымның сөзі жүрегіме инедей қадалды. Себебі оның сөзінің де жаны бар. Мен өзім де осындай қыздарды көріп жүрмін. Бірақ, бүгінгі қазақ қыздарының қандай екендігі ер жігіттің аузынан айтылғанда екі есе ауыр тиіп, бойға кірбің ұялатады екен.
Міне, осындай түрлі пікірлерді естіп, өзара салыстырып, өзімнің де жеке көзқарасымды қалыптастырдым. Бір қарағанда, бұл пікірлердің ұқсастықтары жоқ сияқты. Қаншама адам болса – соншама пікір болады ғой. Бірақ, аңғарғаным, қазақ қызының қандай екендігін сипаттағанда, ең алдымен, сыртқы бет-келбетінен емес, оның ішкі жан дүниесінің қасиеттерінен, бойындағы қылықтарынан бастайды. Ал бұл да өте маңызды емес пе? Себебі, сыртқы келбет сұлулығы Алланың уақытша берген сыйы, бүгін бар да ертең жоқ. Ал өмірлік жолдан таймай өту үшін баға жетпес қасиеттердің болуы құнды. Ал ұзын шашты, аққу мойынды, ибалы да инабатты, де нәзік жандар – нағыз қазақ аруларының бұрынғы сипаты болғанымен, бүгінгі күнге де жарасымды деп ойлаймын. Сондықтан, жылдар бойы қанымызға сіңіп, ата-бабаларымыздан қалған мұра – тек бізге тән қазақи қасиеттерімізді сақтап қалуға тырысып, кез-келген жағдайда ең алдымен адамгершілігімізді сақтап, «МЕН ҚАЗАҚТЫҢ АРУЫМЫН» деген сөзді мақтанышпен айтып, айналамызды қайран қалдырып жүре берейік...

Айгүл ЖАМАЛОВА.
19 мамыр 2019 ж. 1 659 0