ҚАЗАҚ АРУЫНЫҢ ӘШЕКЕЙІ

Қыздарды бұлай өсірудің үлкен ғылыми мәні бар. Шолпы, сөлкебай, маржан, моншақ сияқты бағалы заттар қыздардың сыртқы көркіне көрік қосса, өскен ортасы мен ел-жұртына қуаныш пен іңкәрлік, құштарлық пен сүйіспеншілік бағыштап, көптің мерейін өсіреді. Ал, оны таққан қыз балалардың жан сезімін сұлулыққа баулып, қимыл, қылық, жүріс-тұрысын әсемдікке, көркемдікке дағдыландырады. Мысалы, шолпы, маржан, моншақ таққан қыздар оқыс қылық, оғаш қимыл жасаса, шашындағы, киімдеріндегі шолпы, маржан, моншақтары салдырлаған жағымсыз дауыс шығарып, оқыс қылық, оғаш қимылын дереу тежеуге мәжбүрлейді. Ал, епті қимыл, әдемі жүріс-тұрыста болса, шолпы, маржан, моншақтары құдды музыка сияқты сыңғырлап, қыздарды әсем жүруге дағдыландырады.
Қазақ халқы шолпы, білезік, жүзік, сақина сияқты сәндік бұйымдардың көбін ақ күмістен жасатқан. Халық ұғымында: ақ күміс - адалдықтың, пәктіктің, бақыт-байлықтың символы деп қаралып, "алтын көрсе періште жолдан тайыпты" деп, алтынның жолын ауыр, тұйық деп есептеп, алтын бұйымдарын көп тұтынуды қаламаған.
Бұл ұрпақтарды шексіз байлық қуудан, дүниеқорлықтан, қол жетпеске ұмтылып, орынсыз бәсекелесуден тыйып, перзенттерді нысаптылыққа, тойымдылыққа баулыған.