№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚЫЗҒАЛДАҚ – ӨРКЕНИЕТ КУӘСІ

ҚЫЗҒАЛДАҚ – ӨРКЕНИЕТ КУӘСІ

  Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы дала өркениетін тануға, туған жерді құрметтеуге шақырады. Міне, осындай міндетті өзек еткен «Қызғалдақ – өркениет куәсі» атты облыстық өнер фестивалі Қаратау бөктерінде өрбіді.
   Көктем келе Ұлы даланың әрбір сайы мен қырқасы қызыл-жасыл кілемдей түрленіп, ерекше сұлулыққа бөленеді. Әсіресе, сәуір, мамыр айында далаға керемет көрік беретін қызғалдақтар гүл ашады. Жұрт осы кезде қызыл, сары, ақ, алқызыл – алуан түсті нәзік күлтелері самал желмен дірілдей құлпырған қызғалдақты көруге асық. Сыр өңірі аудандарынан жиналған 100-ден аса оқушы Қаратаудың табиғатымен танысып, қызғалдақ теріп, өнер жарыстырды.
   Облыстық білім басқармасы мен «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты – жастардың Ұлы даланың тарихын танып, көркем табиғатына сүйіспеншілігін оятып, патрио­тизмін арттыру.
Шараны ашқан «Рухани жаңғыру» орта­лығының тәрбие бөлімінің бастығы Әлима Жақыпқызы:
   – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туын­­дайтын басымдықтарды оқушыларға насихаттап, таныту үшін Қаратау бөктеріне арнайы келдік. Жобаның негізгі міндеті – жастардың табиғатқа деген құрметін қалыптастыру, қызғалдақ гүлі осы өлкеде пайда болғаны жайлы мағлұмат беру. Жалпы тауда өсетін, қырда өсетін қызғалдақтың Ұлы далада 30-дан аса түрі бар. Оның ішінде 18-і Қазақстанның Қызыл кітабына еніп отыр. Демек, гүлдің бұл түрі ақырындап жойылып барады. Қызғалдақ – қазақ халқының асыл мұрасы, біздің табиғи құндылығымыз. Барды бағалап, қорғай білейік деген оймен бұл фестивальды ұйымдастырып отырмыз, – деді.
Ал, облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Мәди Беймағанбетов Қазақстан қызғалдақтың отаны екенін, бүгінгі Недерландыдағы қызғалдақ гүлі осы даладан негіз алатынын сөз етті.
   Расында, қызғалдақтың отаны – Қазақстан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдар­ламалық мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны екенін айтты. Тіпті, қызғалдақ Қазақ даласынан Еуропа елдеріне Ұлы Жібек жолы арқылы жетті деген дерек бар. Алдымен қызғалдақ Осман империясына жеткізіледі. Онда империя сұлтаны Стамбұл шаһарын қызғалдақпен безендіруге мән береді. Ал, 1570 жылы австриялық ботаник Клузиус Стамбұлға арнайы келіп, қызғалдақтың бірнеше түрін отанына әкеткен. Сөйтіп гүлдің тұқымы Голландияға жетеді. Бағбан қызғалдақтарды сол жерге егіп, күтіп-баптап, жерсіндіреді. Қазақ қызғалдағы Голландияға осылай жеткізілген екен.
   Фестиваль аясында жиналған білім­паздарға қызғалдақ гүлі осылай дәріптелді, әрі 5 аталым бойынша оқушылардың өнерін сынға салды. «Өмір гүлмен көркем». Бұл сында 6-7 сынып оқушылары 2 өлеңді жатқа мәнерлеп оқыды. «Өсімдіктер әлемінің жауһары-қызғалдақ» аталым бойынша 8-9 сынып оқушылары қызғалдақ гүлін жан-жақты зерттеу жұмыстарының тұсау кесерін жасады. «Қызғалдақ-көктем». 7-9 сынып оқушылары қызғалдақ туралы бір әннен орындады. «Қызғалдақ және дала». Осы тақырыпта суреттер кез-келген техникамен, материалмен орындалды. Қатысушылар тақырыпқа сай суреттерін алдын-ала дайындап байқауға ала келді, сондай-ақ тау етегінде отырып та сурет салды.
  Соңғысы «Қызғалдақ – өркениетті түр­кі мәдениетінің әсемдік өрнегі» деп атал­ды. Мұнда қызғалдақпен (көгеріс өрнектерімен) әшекейленген дәстүрлі тоқы­ма (текемет, алаша, кілем, сырмақ), зергерлік (сақи­на, сырға, білезік, т.б.) бұйымдар, киім-кешек, тұрмыстық заттар, еңбек, аңшылық құралдарынан және технология пәні үйірмелеріне қатысушылардың өз қолдарымен жасаған қолданбалы бұйым­дарына шағын көрме ұйымдастырылды.
  Шараға белсенді қатысып, үздік өнер көрсеткен жеңімпаздар облыстық білім басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Облыстық шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан №180 мектептің директоры Шолпан Оспановаға келушілер ризашылығын жеткізді.

Мира ЖАНДАРБЕКОВА,
аудандық білім бөлімінің бас инспекторы.

21 сәуір 2019 ж. 1 201 0