№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

АҒАРТУШЫ


Мыңжылдықтар тоғысында тарихта атышулы ХХ ғасырда өмір сүрген буынның өкілі, халық ағарту саласында елеулі еңбегі бар жаңақорғандық аяулы азаматтардың бірі – Қани Мұсабеков. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген тәмсіл бар. Ендеше ел болып, тәуелсіздік тұсында өткенге көз жүгіртіп, еске алсақ артықшылығы болмас. Оның ішінде жас болса да бас болып, ағарту саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қанидың орны бөлек. Ол1920 жылы Жаңақорған ауданның «Тақыркөл» ауылында дүниеге келген. Бұл кезде қоғамдық құрылыс бұрынғыдан өзгеше, жаңа тұрпатты мемлекет күшпен орнап ел астан-кестен болып жатқан кез еді. Осындай ауыр қиыншылықтарды ата-анасымен бірге бесігінен бастап көрген Қанекең жасынан оларға демеу боларлықтай есті бала болып өсіп, ерте есейді.

Өкімет тарапынан осы мектептердегі ересек, әрі зейінді балаларға жасалған жағдайларды пайдаланып, Қанекең оқыған мектептерінде кластан-класқа аттап тез бітіреді.Бірақ 1941 жылы Ұлы Отан соғысының ойда жоқта басталып кетуі және оның ұзаққа созылуы Қанекеңнің оқуды әрі қарай жалғастыруына, білімге дендеп кіріп, ұзақ оқып кетуіне кедергі жасайды.
Зеректе, алғырлығынан болар Қанекең мұғалімдік жұмысқа тым ерте кіріседі. Сол кезде ауылдық жерлерде көптеп ашылған мектептерде маман мүғалімдер жетіспеушілігі байқалады. Жер-жерде ликбездер оқуы да басталған болатын. Онда ылғи әкелер мен шешелер, аталар мен аналар, әжелер оқыды. Олар күндіз күні бойы қоғамдық шаруашылықтарда жұмыс істесе, кешке түнделетіп, сығырайған май шамның жарығымен сауат ашу мектептерінде оқитын. Онда сабақ беретін мұғалімдерді «культармеецтер» деп атайтын еді. Елде сауатсыздықты жою туралы шаралар осылайша қып-қызыл науқан болып жүріп жатқан кез болатын. Осылай аласапыран уақыттың қиын кезінде Қанекең бертін келе Қызылорда педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп алады. Ол аудан мектептерінде ұзақ жылдар сабақ береді. Қазақ тілінің белгілі жанашыры болады. Ол кезде елімізде қостілділік насихатталатын. Орыс тілі екінші ана тіліміз деп саналатын. Сондықтан болар, қазақтар орыс тілін, жергілікті басқа ұлттар қазақ тілін үйренуге ықыласты еді. Жаңақорғанда орыс тілін жақсы сөйлейтін қазақтар сияқты, қазақ тілінде жақсы сөйлей білетін орыстар да аз емес еді. Сол замандарда Гудименко, Евдокимов, Колпаков, Нейцов, Партивий, Георгий Казаков, Наташа, Валя Казакова, Анитка, Нина Саркулова деген орыс кемпірлер тағысын тағы орыстардың қазақ тілінде майын тамызып жетік сөйлей білуі Жаңақорғанда тұратын негізгі екі ұлттың арасындағы достықтың, ұлттық татулықтың сипатындай сезілетін. Әрине, мұның бәрінде де жас ағартушының еңбегі, жігері, ел ішінде бедел-қасиеті аз емес болатын.
1951 жылдан бастап Төменарық аймағындағы колхоздардағы елді мекендерді «Түгіскен» алқабына қарай көшіру басталады. Содан аудандық көші-қон коммиссиясы құрылады. Оның құрамына Мұсабеков Қанида енгізіледі.Мектептер мен мәдени ошақтардың жұбын жазбай, жігін бұзбай, көпірсіз дариядан (ол кезде дарияда көпір жоқ еді) шығынсыз аман-сау өткізіп белгіленген орындарына жеткізу жауапкершілігі жүктеледі. Бұл міндеттің жүгі Қанекеңе оңай болған жоқ. Десекте ол бұл тапсырмаларды ойдағыдай орындай біледі. Сол бір кезеңде Қанекең көшіріп орналастырған мектептер бүгінде Түгіскен алқабында әрбір ауылда бой түзеп, зәулім көрінісімен салауатты білім ордаларына айналып отыр.
Қ. Мұсабековтың ағарту саласындағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол Жаңақорған ауданында ашылған мектептердің алғашқы оқушысы ғана емес, алғашқы оқутышыларының да бірі болды. Ол аудандағы халық ағарту саласының барлық сатыларынан өтті, мектептерде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, инспекторы. 1952 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметтерін ойдағыдай атқарды.
Аяулы ағартушы азамат, 1953 жылы қыркүйекте небәрі 33 жасында қызмет бабында жүріп дүниеден өтеді. Ол өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында қиын да ауыр жылдардан өтті. Артында бес жасар ұлы Сайлау қалды. Әкеден кейін көп кешікпей шешесі Қыздаркүл қайтыс болады. Сайлауды бағып-қағып адам етуде әруақты әжесі Бұлдырықтың еңбегі мол еді. Қазірде Сайлауы облысқа белгілі кәсіп иесі, әке үмітін ақтаған тұлғалы ұл. Аяулы азамат Мұсабеков Қани өз заманында аудан жұртшылығының алғы шебінен көрінген ағартушылардың бірі екендігіне дау жоқ.

Файзулла САХИЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
19 ақпан 2019 ж. 909 0