№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлттық рух – ұлы мұраттан бастау алады

Ұлттық рух – ұлы мұраттан бастау алады


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы руханият әлемінің көкжиегін кеңейтіп, мәдени мұралардың маңыздылығын айқындай түсті. Осы тұста, көне мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жәдігерлердің иесі іспеттес аудандық тарихи-өлкетану музейінің маңызы зор. Себебі, ол – әр дәуірдегі мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір рухани орда. Ұлт руханиятының келбетін айшықтап отырған құтты мекенде қор сақтаушысы қызметін атқарып келе жатқан Рахима Тілеубергенқызының айтары мол. Отызға жылға жуық уақыттан бері ауыл-аймақты аралап, көненің көзіндей болған экспонаттарды жинап, көздің қарашығындай сақтап келеді. Біз осыны негізге алып, Астана күні мерекесі қарсаңында Рахима Абсаттарованы сұхбат төріне шақырдық.
– Бірінші кезекте, Астана күні құтты болсын! Сіз үшін еңселі Елорда несімен ыстық? Бас шаһар жайлы айтарыңыз болса...
– 1997 жылы Президент Жарлығымен астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданып жатқанда, Жаңақорғанда аудандық тарихи-өлкетану музейіне Нәбихан Шалапов директор болып тағайындалды. Бұлда бір тарихи сабақтастық. Асқақ Алатау төсінен Сарықарқадай ұлы далаға қоныс аударған бас қала – Астанаға қазір бүкіл әлем назарын тігіп отыр. Елорда шын мәнінде жер жүзінің айтулы қалалары қатарынан орын алды. Күн санап көркейіп, ай санап айшықтанып, жыл санап жайнап келеді. Жиырма жылда жеткен жетістігі – бір ғасырға татиды. Тәуелсіздіктің мәуелі жемісі саналған Астана шаһары аз уақыттың ішінде бой тіктеп, ажарлы келбетімен жаһан жұртының қызығы да, қызғана қарайтын бас ордасына айналды. Бұлда болса, ел бірлігінің ерен үлгісі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер көрегендінің жемісі.
– Ең алғаш аудандық тарихи-өлкетану музейін жасақтау үшін экспонат жинау керектігі белгілі. Міне, осы қор жинақтау ісіне Рахима Тілеубергенқызының таңдалу себебі неде?
– 1987 жылы аудандық комсомол комитетінде статис болып қызмет ететінмін. Сол жылы комсомолдың бірінші хатшысы аудандық мәдениет үйі жанынан М.Көкеновтың шығармашылық өнер мектебі ашылатынын айтты. Әрі құжаттарын жинақтауға іс-жүргізуші маман қажет деп, маған ұсыныс жасады. Осылайша, аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа орналасып, шығармашылық өнер мектебінің құжаттарын реттеуге атсалыстым. Ал 1992 жылы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Махмут Әуезов драматург Әмір Мәжитов екеумізді шақырып алып, басшылықтың тапсырмасымен ауданнан музей ашылғалы жатқанын жеткізді. Жауапкершілік жүгін Әмір Мәжитовке жүктеді. Содан аудандық мәдениет үйі қызметкерлері ауыл-ауылды аралап концерт қояды. Біз Әмір аға екеуміз билет сатып болғаннан кейін, үй-үйге барып, экспонат жинаймыз. Яғни, соғыс ардагерлерінің медалі мен куәлігі, көне самаурын, темір үтік деген секілді жәдігерлерді ауылға арқалап қайтатынбыз. Не керек, бір жылдың ішінде біраз экспонат жинадық. Кейіннен 2005 жылға дейін қолым қалт етсе болғаны, елдімекендерді аралап, ескі жәдігерлерді жинаудан жалыққан емеспін.
– Қор жинақтаудан басқа, жаңадан құрылып жатқан мекеменің өзгеде қиыншылықтары болған шығар?
– Әрине, алғашқы кезде экспонат жинауда көп қателік жібергенбіз. Яғни, үй-үйді аралап жүріп, 4 медаль, 3 куәлік деп қолма-қол алып кете бергенбіз. Толық сипаттамасын журналға тіркемей, қоймаға құнды дүниелер жинала берген. Ең алғаш 1995 жылы орталық алаңға бірінші рет көрме қойдым. «Алтын күз» мерекесі болатын. Содан сол жылы облыс орталығына есеп беруге бардым. Музей мамандары негізгі қор мен көмекші қордың қанша екенін сұрады. Ол не деппін ғой, сасқанымнан. Негізі барлығы да санамда сайрап тұр. Санын айтып жатсам, бізге журналға тіркелген құжатын көрсету керектігін айтты. Шынымды айтсам, бұрынғы қап-қап қылып ауылдардан жинаған экспонаттардың соңын енді тіркеп болдық. Тағы бір айта кететіні, сол замандарда әжелеріміз сандықтың түбіне сақтаған құнды дүниелерін бір-екі ауызға сөзге бере салатын, ал қазір нарықтық қоғам орнады. Тұрғындар экспонаттарын қомақты қаржыға бағалайды. Ал бізде оған мүмкіндік жоқ. Шын мәнінде өскелең ұрпақтың тәлімді тәрбиесіне жаны ашыған, тарихи ортақ дүние, ел көрсін деп қолда бар экспонатын музейге сыйға тартатын жомарт жандар көбейсе игі.
– Рахима Тілеубергенқызы, жалпы музейдегі қордың барлығы да құнды ғой. Десе де, сіз үшін өзіңізге ыстық тартатын көне жәдігер бар ма?
– Мен үшін музейдегі барлық экспонат құнды. Тіпті отбасыма дәл бұлай көңіл бөлмегенмін. Үнемі осы көненің көзіндей болған ескі кітаптарым жыртылып қалмаса, музейді төбесінен су ағып кетпесе, қолда бар дүние бүлінбесе екен деп шырылдап жүремін. Тіпті жұмысыма деген қызығушылығым болар, сенбі, жексенбі де осы жерден табыламын. Бір замандарда айлығымның бәрін осы қоймадағы қордың сақталуына жұмсап жіберетін кезім жиі болған. Өзіңізде білесіз, картина, металл, киіз төсеніштерін сақтаудың сан жолы бар. Бірі құрғақ, енді бірі ылғалды қараңғы жерде тұру керек деген секілді өзіндік тәртібі бар. Десе де, өз қолыммен жасаған қоймадағы сөрелер де барлық талап сақталып тұр деп айта алмаймын. Өйткені, бөлме жетіспейді. Кешегі күнге дейін бірнеше мекемені жағалап жүріп, ең соңында осы ескі ғимаратқа жайғастық.
– Шынында аудандық музей орналасқан ғимараттың қабырғасы қаланғанына бір ғасырдан асып кетті. Мұның өзі ерекше күтімге алатын нысанға айналды...
– Иә, ел арасында «Қыш мектеп» деп аталып кеткен бұл білім ордасының іргетасы 1904 жылы қаланды. Мұны Жаналы сұлтанның ұлы Омар төре өз қаражатына және жекелеген туыстарының демеушілігімен салған. Әрі өзі осы мектептің тұңғыш директоры ретінде басқарған. Кеңестік дәуірде мұнда №51, №169 мектеп пен мектепаралық оқу-өндірістік комбинат орналасқан болатын. Бұл ғимараттың бір бөлігін өскелең ұрпақ үшін тарихтан сыр шертетін арнайы бұрыш ашуға болады. Өйткені, бұл мектепте Мұхамеджан Қаратаев, Альфарид Илялетдинов, Сұлтан Сартаев, Құланқадір Жаманбаев сынды талантты түлектер түлеп ұшқан. Сондай-ақ музейдің ішіндегі бір терезеге Мұхамеджан Қаратаев қышқа ойып тұрып, қолын қойған. Ол да бір тарих. Салыстырмалы түрде айтсақ, Шиелі ауданында 4 бірдей музей бар. Сондықтан да бізге де Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Тұлғатану» бағытындағы жұмыстарға белсенділік керек.
– Бүгінде білікті өлкетанушы Нәбихан Шалапов басшылық ететін аудандық тарихи-өлкетану музейінің ішкі мүмкіндігімен аз-кем таныстырып өтсеңіз...
– Музей қорында 9509 экспонат сақтаулы. Оның 6687-і негізгі қор, 2822-і көмекші қорға жатады. Жалпы музейде 4 зал бар. Археология-этнография, кеңестік дәуірге дейінгі, кейінгі кезең тарихы, әдебиет, мәдениет, өнер залы. Және соңғысы Тәуелсіздік залы. Бірінші археология-этнография залының экспозициясы Қаратаудан табылған таңбалы тастан бастап, Сыр бойындағы бейнелеу тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап ойып салынған петроглифке жалғасады. Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен жолының бір тармағы Жаңақорған өңірі арқылы өтетін картасы бар. Көне теңгелер мен Сығанақ, Сауран, Өзгент қалалары орынан табылған қыш құмыра, көзе, қыш сынықтары қойылған. Ал екінші залда Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде, Кеңес үкіметінің орнауы көрсетілген. 1856 жылы Баташев зауытынан шыққан самаурын, шәйнек, шоқ арқылы қызатын үтік сынды жәдігерлер бар. Әдебиет пен мәдениет бөлімінде ауданға танымал өнер адамдары мен дара тұлғалардың тұтынған жеке заттары мен бұйымдары қойылса, Тәуелсіздік залында 1991-жылдан бүгінгі таңға дейінгі жеткен жетістік пен бағындырған белестер орын тапқан.
Десе де, қолда бар дүниені жарқыратып көрсетуге мүмкіндік жоқ. Музей тарлығына байланысты олардың көпшілігі қорда сақтаулы. Оларды елге таныстыру үшін тақырыптық көрмелер ұйымдастырып тұрамыз.
– Соңғы сауал болсын. Өскелең жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеуде музейдің алар орны қаншалықты маңызды?
– Расында аудандық тарихи-өлкетану музейі – өткен уақытпен жүздесе отырып, қазіргі өмірге тарих парасатымен қарайтын рухани орда. Бұл ғасырлар таңбасы мен табы қалған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қараудың, елдік жолды пайымдаудың айрықша мүмкідігі. Сондықтан да ізімізден ерген жас буынды тәрбиелеуде – музейдің орны қашанда маңызды.
– Рахмет, сұхбатыңызға.
Әбдісамат ӘБДІШ.
06 шілде 2018 ж. 1 200 0