Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » "Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын"

"Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын"

   Қазақтың әрбір мақалында – өмірдің шындығы бар. Яғни, ғұмыр тәжірибиесінің нәтижесі іспеттес. Сондай халық даналығында ене мен келін жайында кеңінен айтылған. Сол құнды сөздерді бүгінгі заманмен ұштастырып, ақиқатына үңіліп көрсек...

   «Келін ененің топырағынан жаралған» деген сөзде үлкен мән бар. Қазақта қыз айттырарда баланың анасы өз төркін жұртынан абыройы асқақ, көргенді жердің қызын таңдаған екен. Бұл үрдіс кей отбасында берік сақталған. Бір әулеттен шыққан ене мен келін бір-біріне жақын болып, қайғы мен қуанышты бір бөлісетін болады. Жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын сырласқа айналады. Мұндай отбасының беріктігі мәңгі сақталады. Енесінің ізін басып, ошағын сөндірмейтін ибалы келін елге де сыйлы болары хақ. Кей отбасында келіні енесіне иман, қылық, іскерлік, тіпті бет әлпеті жағынан өте ұқсас болып келеді. «Ойпырмай, келіні енесіне айнымай қалыпты» деп жұрт таңданысып жатады. Бұл жүзден бір ғана отбасына бұйырған бақ шығар!

  «Жақсы келін құт болар, жаман келін жұт болар» дегендей, арамызда алтынға бергісіз жеңгелер де, отбасы ұғымын жіті түсіне бермейтін жас келіндер де баршылық. Тұрмысын түзеп, жоқтан бар жасап, керегесін кеңейтіп, босағасының отымен кіріп, күлімен шыққан асыл аналардың барына тәубе!

  Алайда, кейінгі жас келіндердің көпшілігі шымылдырығын жимастан шу шығаратыны анық. Ұясынан көрген білгенін аттаған босағасында көрсетіп, қылық шығарады. Осындай жұт келіндердің кесірі тек өз отбасына ғана емес, қоғамға да әсерін береді. Ардагерлер үйіндегі қарттардың көбеюі мен ата-әжелер жалғызбасты атануына септігін тигізеді. Отбасы құруға дайындықсыз, анасынан көп істі үйрене алмаған қыз барған жеріне сіңіп кете алмай жүреді. Әрине, мұндай жағдайда енесінің тәрбиесі мен қамқорлығы қажет. Қателігін түзетіп, білмегенін үйрету тек байсалды енелердің қолынан ғана келер іс!

  «Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын» мақал-мәтелі қазіргі заманның отбасының негізгі ұранына айналу қажет секілді. Олай дейтініміз, жас отаудың іргесін қалайтын да, қабырғасын сөгетін де әйел. Келін адалынан болса, отбасы мен туыстарының да ырзығы мол болмақ. Ары таза ана қандай қиыншылықты көрсе де, баласын жетімсіретпеуге бел байлайды. Күйеуі күйбең тіршілікке қолды бір сілтеп, шаңырақтың есігін қайта ашпастай тарс жауып кетсе де ата-енесінің қабағына қарайлап, «әрі әйел, әрі еркекке» айналған жандар да бар.
«Жаман ене күншіл келеді» демекші, қылт етсе кемшілігін бетіне басып, ұлы мен келіннің арасына түсіп, шаңырақтың берекесін қашыратын енелер де кездеседі. Ағайын-туысқа келінінің жүріс-тұрысын айтып, әулет абыройын төгіп жатады. Мұндайда тек әңгімеге ешкім де тосқауыл бола алмасы кәміл. Осындай кезде келін барынша сабырлық танытқаны абзал.

  «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деген халық даналығында үлкен мән бар-ау дерсің! Ата-ана қандай жағдайға тап болса да, олардың көңіліне қаяу салмай, барынша құрмет көрсету борышымыз іспетті. Қасиетті хадистер де ата-ене туралы көп уағыздар бар. Мысалы, баяғыда дін жолында жүрген иманды бір әйел қағбаға барғысы келген екен. Алайда, оны үнемі жоқшылық қол байлайтын көрінеді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) «Ата-енеңді жақсылап күт. Солардың көңілін тауып, ризашылығын алсаң қажылық пен ұмыраға барып-қайтқандай мол сауапқа кенелесің» депті. Осы киелі сөзді оқшау ойдың түйіні ретінде тәмамдағанды жөн көрдік. Оқырман, сіз не дейсіз?

Мақпал ПӘТЕНОВА.

17 қаңтар 2019 ж. 2 360 0