№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қазақтың қасиеті қанында

Қазақтың қасиеті қанында

   Елбасы биылғы қазан айындағы дәстүрлі Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалғасын таба беретінін айта келе, ұлт тарихын асқақтатын жаңа жобаны ұсынды. Яғни, «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен «Өз жеріңді танып біл» атты жаңа бастама аясында өңірдегі жаппай мектеп туризмін қайта жаңғыртуды тапсырған болатын.

   Енді міне, Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында мектептер мен өңірлердегі өлкетану музейінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өз кезегінде ұлт тарихын санаға сіңіруде қазақстандықтардың бойына патриотизм парқын асқақтатады. Жасыратыны жоқ, Жаңақорған қашаннан тарихи нысандарға бай өлке. Әрбір төбесі мен тасын түрте қалсаңыз тіл бітеді. Қаншама құпиясын ішке бүккен көне шаһар мен мәдени мұра көмбеде жатыр. Көне Сығанақ, Сауран, Қыр Өзгент, Қаратау бөктеріндегі таңбалы тастар ұлт тарихынан сыр шертеді.
  Сондай-ақ, Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі екенін айтып, уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталатынын жеткізді. Әрине, бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Біз сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңілуге мүмкіндік туады.
  Осындай түп-тамыры түркіден тарайтын ортақ Ұлы Дала өркениетінің ұланғайыр кеңістігінде ежелден бастап-ақ гүлдене қанат жайған бұл тарихи үдеріс Қазақстанның қазіргі шекарасымен ғана шектелмесе керек. Қуаласаң сағымдай созыла беретін уақыт, кеңістік атты шексіз ұғымдардың парқы мен нарқын айыра білген ата-бабамыз қандай дана болған десеңізші. Еуразияның Ұлы даласында қым-қиғаш із тастап, оны арлы-берлі тынымсыз шарлаған, үш мың жыл бойы көші-қон күн кешкен көшпелілер сол өмір, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігіне орай төлтума мәдениет қалыптастырған. Олардың көне тарихы бірде аттың жалында, жойқын қақтығыстар барысында қалыптасса, енді бірде түйенің қомында, мамыражай тірлік жағдайында өмірге келген. Оның қай-қайсысы болса да, сол көшпелілердің соңғы тұяғы, ұштығы көз алдында тұрған ХХІ-ғасырдың басына дейін жеткен қазақ халқының тарихына өшпес белгі қалдырған. Бұл жөнінде Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, артық айтқандық емес. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді», – делінген.
  Расында, қазаққа Құдай бұйырған кең байтақ сахара сары дала Батыс пен Шығыстың арасын өзімен де, сөзімен де жалғап жатырған болса – Ұлы Жібек жолымен Ұлы далаға ұлы ілім де келген. Бір замандары күллі мұсылман әлемін тамсандырып, батыс ойшыл-оқымыстыларының Александрия кітап қоймасындай таңдайын қақтырған Отырар кітапханасының өзі көп дәйекті айғақтайды. Қазақ тарихының небір парақтарына куә болған осынау материалдық мәдениетіміздің аса маңызды үлгілерін әлемдік өркениет төріне именбей шығаруға мүмкіндік мол.
  Ендеше, Мағжанша айтқанда «көп түркі енші алысып тарасқанда, қара шаңыраққа ие болып қалған» қалың қазақтың, тәуелсіз Мәңгілік елдің алтын тұғырын – оны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап жеткізу біздің борыш.

Асқар БЕКБЕРГЕНОВ,
тарихшы.
12 желтоқсан 2018 ж. 1 020 0